Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ: Қарқаралы – Қазақстан тәуелсіздігінің алтын бесігі!
Атақты Қарқаралы-Қоянды жәрмеңкесінің 175 жылдығы құрметіне арналған дөңгелек үстелде Қазақстан тәуелсіздігінің алтын бесігі – Қарқаралы екендігі алғаш рет жалғанға жария етілді! Бұған дейін бірде-бір хатшы, әкімдердің ойына келмеген бұл игілікті істі осы топырақтың түлегі, аудан басшысы Ерлан Құсайын абыроймен атқарып шықты!
1905 жылы Ақпатшаға табысталған «Қарқаралы петициясын» ұйымдастырушылар осы жерде кір жуып, кіндігі кесілген Әлихан Бөкейхан, Ақпайдың Жақыбы, Әлімхан Ермеков, Мұхаммед-Мақсұт Хамидуллин – Бекметовтер еді.
Қазақстанның тәуелсіздігі идеясы ең әуелі ұлтымыздың эпосы мен қара өлеңі, жыраулар поэзиясында көкейкесті тақырып болып көтеріліп, Абай поэзиясында әбден кемеліне келген-ді. Осы идея кейіннен Әлихан Бөкейханның Алашорда партиясының идеологиялық ұстанымына айналды! Қазақ ұлтының тәуелсіздігінің қордаланған ең көкейкесті мәселелері тұңғыш рет Қазақстанда «Қарқаралы петициясында» бір жүйеге түсіп, патшалық Ресейдің назарын аударып, зәре-құтын алды!
Алдымызда – Қарқаралының 200 жылдығы. Қазақстанның XIX ғасырда саяси-рухани, экономикалық орталығы болған Қарқаралының энциклопедиясы да жарыққа шыққан жоқ? Бұл мәселе тарихи ғылым-ілімнен алыс көрінгеннің қолына түсіп кетпеуі керек. Мұнымен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің кәсіби тарихшылары айналысуға тиіс?! «Қарқаралы – Қазақстан тәуелсіздігінің алтын бесігі» деген тезис осымен тарихи тұжырымға айналып, ғылыми айналымға түсуі керек!
Қарқаралы – менің Музамның да бесігі. Ақтоғайдан осында көшіп келген кезде «Қарқаралы петициясын» жасаған интеллигенцияның осындағы сарқытын көргендей, тебіренгенім әлі есімде. Марксизмнің тереңінде жүзген Елеусіз Едігин, қарт журналистер Шаймаран Мезгілбаев, Әбікен Бақтыбаев, Мақсым Омарбековтердің принципшілдігі қиялыма қанат бітіріп еді. Журналист Рамазан Сағымбеков Қарқаралының бұлағы мен құрағын аралатып, қазақтың ұлттық мәселелері алғашында осы жерлерде талқыланып, бір жүйеге түскен деп еді… Осы жерде Ләйлаға ғашық болып, «Шайтанкөл – аққулар мекенін» жаздым! Қарқаралыдан – ғаламзатқа ой жіберіп, Алашты таныдым!
Сол жылдары Қарқаралыға Жәнібек Кәрменов келді. «Маған Құнанбайдың мешіті мен Абай тоқтаған көпес Халиолла Бекметовтің үйін көрсетші?» – деген. «Бекметовтің үйін көрсетейін, Құнанбай мешітіне бармай-ақ қойсаң қайтеді?» – дедім. «Жоқ! Қайтсем де көруім керек!» – деп, қолқалап қоймады. Келдік, көрді: адам қарайтын түрі жоқ еді: «Апырм-ай! – деді Жәнібек түсі бұзылып, – Арғын баласы Алладан теріс айналып кеткен екен ғой?!.» Мынау сол кезде жазылған өлең:
Адам –
Түрі түтігіп,
Қызыл тілі тұтығып,
Келген кезде құртуға
Кетеді ылғи құтырып!
Тектім көшті дүркіреп,
Құл болмай-ақ құлқынға.
Құнанбайды құртып ек,
Құлдық қалды – жұртында.
Күмбез құлап аспандай,
Болдық қара басқандай:
Құм жиылып – тас болмай,
Құл жиылып – тас болмай…
Құнанбай тоқтаған көпес Бекметовтің үйі бұған қарағанда көп-көрім, балабақшаға айналған еңселі ғимарат еді. Жәкеме ұнады! «Енді сенің үйіңе барайық?» – деді Жәкең. Біздің үй осы үйдің артында тұр. «Е, о кезде мына жерде көгал болған, Құнанбай мен Абайдың аяғы тиген жер ғой? Тәңірі саған сол жерден қоныс берген екен де!» – деп, мәз-мәйрам болып кетті!
Алаштың айтулы бір азаматы Нұрлан Дулатбеков: «Мен сіздің кітаптарыңыздан осы көк үй туралы бір жол өлең таба алмай қойдым, – дегенде жерге кіріп кете жаздап едім, – Сіздің творчествоңызда Қарқаралы алтын қазық боп тұруға тиіс!».
Сол Нұрлан осы Қоянды жәрмеңкесінің 175 жылдығына университет тарихшыларын тайлы-тұяғымен жинап алып барып, «Қарқаралы – Қазақстан тәуелсіздігінің алтын бесігі!» – деген тарихи тұжырымды ғылыми айналымға енгізді!