Тұлға

Сергек саналы, сан қырлы

Адам  баласы  үшін мынау зымыран уақыттың  ғарыштық  жылдамдықпен өте шығуы таңқаларлық екен. Сондықтан, болар жасы ұлғайған азаматтардың әңгімесі «күні кеше ғана сияқты еді…, қайран, уақыт-ай!» деуден келетіні.

Біздің де алғаш танысуымыз, бір есіктен кіріп, бір бөлмеде отырып қызметтес болғанымыз, өмірдің шуаққа толы, арманшыл жастық кезеңін бірге өткізгеніміз кеше ғана сияқты. Өткен ғасырдың жетпіс бесінші жылы туған ауылым – Кеншоқыдағы мұғалімдіктен аудандық оқу бөліміне инспектор болып ауыстырылдым, қайран 25-тегі жалынды кезіміз. Бөлім басшысы танымал тұлға, шын мағынасындағы білімдар ұстаз – Көшкінбай Әбілдин ағамыз еді. Сол кезде бөлімде сайдың тасындай іріктелген  Зейнолла Игіліков, Төлеген Алдабергенов, Зәрубай Сүйіндіков, Төлен Мусин, Кенжеғұл Серіков сынды аптал азаматтар бар еді, солардың қатарына біз Бекайдар Ахметов марқұм екеуіміз келіп қосылдық. Содан бастап менің өмірім осы азаматтармен тығыз байланыста өтті. Ұжымның бірлігі, арадағы сыйластық, үлкендік пен кішілік ұғымдары, ізеттілік пен мәдениеттіліктің сақталуы  керемет болатын. Мен үшін ғана емес, аттары аталған азаматтардың бәрі үшін осы кезең ерекше бір өмірдің тәжірибе мектебі сияқты еді. Осы азаматтардың әрқайсысы мен үшін дара тұлға, білімді де, ізденімпаз, өзіндік ерекшеліктерімен оқшауланатын жандар еді. Ал, бүгінгі кейіпкерім – сол бір шуақты кезеңде басталған әріптестіктен сыйластыққа, сырластыққа жалғасып, бүгінге дейін қанаттас ғұмыр кешіп келе жатқан  ағамыз әрі досымыз, бір басына сан өнер дарыған, ақын, сазгер, күйші  Зәкең, Зәрубай Сүйіндікұлы.

Сол алғаш қызметтес болған жетпіс бестің келесі жылынан бастап 1981 жылға дейін Зәкең қызмет бабымен басқа салаларға ауысты. Әуелі оны аудандық партия комитеті өз қарамағына қызметке алса, жыл өтісімен аудандық мәдениет бөліміне басшы етіп тағайындады. Одан кейін сол кездегі облыс орталығы Жезқазғанға мәдениет басқармасының  бөлім меңгерушісі болды. Сол уақыттарда ол атақты «Ұлытау» ансамблінің қалыптасып, ел арасына, тіпті, шет елдерге танымал болуына үлкен үлес қосты. Осы еңбектері үшін сол кездегі облыс басшылары, әсіресе, облыстық мәдениет басқармасының басшысы болған Қалкен Мәкенбаев ағамыз Зәкеңді жоғары бағалап, құрметтеді.

Осы аталған қызметтерде жүргенінде де біздің  арамыз суысқан емес. Біздің  бір-бірімізден қол үзбей, жақын жүруіміздің басты себебі – өнерге жақындық, құдіретті поэзияға, өлеңге құштарлық еді. Араға уақыт салып кездесе қалғанда өлең өлкесіндегі жаңалықтарды, біздің тұстас ақындар мен жастардың, ақиық Мұқағали, Қадыр, Тұманбай, Сағи, Төлегендердің жаңа өлеңдерін жарыса оқып, Абай мен Омар Хайямдардан оралар едік. Ол уақытта менің азды-көпті өлеңдерім аудандық, облыстық газеттерге әредік шығып қоятын. Оларды да бірінші көріп, алғаш пікір айтатын да осы Зәкеңдер болатын. Бірақ өзі де өлең жазатынын ол бертінге дейін, сексенінші жылдардың аяғына дейін жария етпеді. Болмысындағы  биязы мінез бен сыпайылық осылай еткізген болуы керек. Мәдениет бөлімін басқарып жүрген кезінде ауданда халық театрын ұйымдастыру, ән-би ансамблін қайыра құрып, оның репертуарын байыта отырып, ел аралап өнерін жариялау, оны биік деңгейге көтеру мақсатында Зәкеңнің ерекше ізденіспен тер төккені елге аян. Сол кезде атақты композитор Әсет Бейсеуов пен ақын Саттар Сейтқазин ауданда айлап жатып «Ақсу-Аюлы» ән-би ансамблінің ұжымын жасақтап,  репертуарын айқындап берген еді. Зәкең солармен қоян-қолтық еңбектеніп, кейін сол ансамбльмен Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, Сарыарқадан бастап сонау қасиетті Абай елі Шығысқа дейін өнерлерін тамашалатып қайтты. Осы кезеңдерде  ансамбльдің репертуарына «Ақсу-Аюлы – жыр мекен» атты ән енгізілді. Ол әннің авторы аудан өнерінің тарихына есімі алтын әріппен жазылуға лайық, ерекше дарынды, он саусағынан өнер тамған музыкант, марқұм Ыбыжан Төлегенов еді. Бірақ сол әннің мәтінінің кімдікі екені бертінге дейін айтылмады. Оны жазған Зәрубай Сүйіндікұлы екені кейіннен мәлім болды. Себебі, алғашқыда Зәкең болмысындағы сыпайылықпен авторлығын жария етпеген екен.

Зәкең бұл әннің шығу тарихы туралы былай дейді. Бір күні Ыбекеңді шақырып алып: «Әзірге құпия ұстайық, мен Ақсу-Аюлы – жер мекен» деген әннің сөзін жаздым, көптен бері ойда жүр еді, осыған ән жазайық» – деп ұсыныс жасадым. Ыбекең алғашқыда шоршып түсті. – Біз әзірге ешкімге айтпаймыз, сен дайындалып көр, – дедім. Іс-сапар, жиналыстан қол тие бермейді. Бір жарты айдай өткен соң, Ыбекең созылмалау ән нұсқасының жобасын көрсетті. Ұнамады «Ән вальс темпінде  болу керек» дедім. Ыбекең бір күні келіп отыр, Татьяна (жолдасы) «Ты что пиликаешь, перестань» деп ренжіпті. – Жарайды, үйде дайындамай-ақ қой, сағат 6-дан кейін Аюлы жақта дайындаймыз- дедім. Ол кезде қай бір көлік бар, тыңдаушыға Нұрмұқан марқұмға айттым.  Сонымен не керек, аэропортта істейтін Қуаныш Сабыров деген азаматтың мотоцикілі бар үш аяқты, сонымен кешке қарай Ыбекеңді тауға алдырамыз. Айға жуық уақыт бойы бір мәмілеге келе алмай қойдық. Біресе домбыраға саламыз. – Ыбеке «Даланың дарханы аруы арқаның» деген қайырманы домбыраға көтере орындап, сен бүкіл әнді осыны негізге ала отырып, құрып көрші» – дедім. Сонымен бір ай көлемінде ән жобасы келді. «Ел күле ме? деп ойлап қоямын» сонымен ән жаман емес сияқты. Ақырындап айтттыра бастадық, бұл «не ән?»- деп сұрап қояды елдер. Елдің құлағы біртіндеп үйренді. Ән сахнада алғашқы кезде орындалғанда авторлар туралы ешнәрсе айтылмай жүрді. Келе-келе ел әнді жақсы қабылдаған соң ғана жария етіле басталды. Негізгі оқиғасы осы екен. Міне, содан кейін «Туған жер», «Балдәурен», «Шет жастарының әні», «Ақсу-Аюлы – арманым», «Ақсу-Аюлы – аңсарым», «Аюлым-ақ биігім» әні мен сөзін жазған әндер дүниеге келді. 2014 жылы аудан әкімі Рысқали Қалиақпарұлының қолдауымен бүгінгі көріп тыңдап жүрген «Ақсу-Аюлы – аңсарым» әніне клип түсірілді.

1981 жылдан 1992 жылға дейін З.Сүйіндікұлы  аудандық  білім бөлімінің методикалық кабинетінің меңгерушісі қызметінде болды. Осы он жылдан астам уақыт аралығында біз қайыра  бірге болдық. Бөлім басшылары Т.Мусин, Р.Табарикова  сияқты білікті де, білімді осы саланың нағыз мамандары болатын. Бөлімде Есенжол Сәулебеков, Ойрат  Асылбеков, Сержан Өтегенов сынды қабілетті азаматтар бар еді. Өкінішке орай, тағдырдың  жазуымен үшеуі де өмірден ерте кетті. Зәкең осы азаматтар мен өзге де әріптестерімен бірлесе отырып, білім саласына заманауи жаңалықтар енгізу, оқытудың саналуан жаңа әдістемелік  үдерістерін жүзеге асыру бағытында  жүйелі шараларды іске асыруға басшылық жасап, мұрындық болды. Осы кезеңде  аудан мектептеріндегі оқыту мен тәрбие ісінің барысын жоспарлы қадағалау, кешенді және тақырыптық тексерістер жүргізіп, әр білім ұйымындағы жұмыстың барысын талдап, бағалап отыру бағытында нақты істер жүргізілді. Мектептердің жұмысын жан-жақты талдап, бағалау үшін, әрі оларға әдістемелік көмек беру мақсатында жылына кемінде 4-5 мектепте апталап жұмыс істеп қайтатынбыз. Ол кездерде қазіргідей компьютер жоқ, тексерістің материалдары қолмен жазылып, әр мектеп бойынша 60-70 бет анықтама жазылып, мектептің педагогикалық кеңесінде, кейіннен аудандық білім бөлімінің отырысында талқыланып, тиісті шаралар белгіленетін. Осы жұмыстардың бәрі Зәкеңнің тікелей қатысуымен, басшылығымен жүргізіліп жататын. Мұнымен қоса, білім қызметкерлерінің білімін жетілдіру, біліктілігін арттыру, педагогикалық-методикалық жаңалықтарды батыл енгізу, озат тәжірибені насихаттау мен тарату мақсатында сан алуан семинарлар, курстар ұйымдастырылып, жүйелі жүргізіліп жататын.  Бір сөзбен айтқанда, қайнаған қызу жұмыс кезеңі еді сол уақыттар.

Зәкең осындай үздіксіз іс-шараларды ұйымдастыра жүріп, солардың нәтижесінде ауданның алдыңғы қатарлы, шығармашыл ұстаздарын марапаттау, еңбектеріне лайық тиісті марапаттар мен атақтарға ұсынуды үнемі қолдап отыратын еді. Осы кезеңде ұстаздар еңбегінің бағалануы жоғары деңгейге көтеріліп, мамандар мерейі өсті.

З.Сүйіндікұлы 1992 жылы ауданның іргелі білім ошақтарының бірі болған, сол кездері түрлі себептермен жұмыс нәтижесі осалдаңқырап кеткен Нұраталды орта мектебіне директор етіп жіберілді. Сол мектепке басшылық жасаған үш жыл ішінде ұжымдағы моральдық ахуалды дұрыс жолға қойып, мектеп жұмысының қай сала бойынша болмасын, жақсы көрсеткіштерге ие болуына қол жеткізді.

Зәкеңнің қызметінің ең күрделі де қиындыққа толы кезеңі – аудандық білім бөлімін басқарған он жылға сәйкес келді. Бұл – 1995-2005 жылдар аралығы еді. Дәл осы кезең жалпы еліміздегі бір аумалы-төкпелі, бір қоғамдық жүйеден екіншісіне өту барысындағы қайшылықтар кезеңі еді.

Екі аудан қосылып, аудандық білім бөліміне қарасты мекемелер саны 70-ке жуықтаған. Ауылдарда электр қуаты жоқ, ел жарықсыз қалды. Мектептер мен балабақшаларды тиісті жөндеуден өткізуге қаржы жоқ, мұғалімдер жалақыларын айлап толық ала алмай қалған уақыттар болды.

Алғаш жабылып қалған Ақадыр ауданын қабылдауға бардық. Мектеп директорларымен кездесіп, жиналыс өткізіп шықсақ, есік алды қаптаған адам, сұрастыра келсек көбісі екі-үш жыл бұрын жабылып қалған 9 жылдық мектептің мұғалімдері екен. «Неше жыл жұмыссызбыз, бізді ешкім жұмысқа алмай қойды» – деп 20-дан астам мұғалімдер шу-шу етеді. Сонда Зәкең: «Бәрің қайта беріңдер, мен мына кісілердің арыздарын тыңдап, мән-жайды анықтайын» – деп қалып қойды. Көп ұзамай бар ұстаз бір ай көлемінде басқа мектептерге жұмысқа тұрғызылды, бәрі келіп-кеткен сайын «рахметтерін»  жаудырып жатады. Керемет қысқартудың кезі еді ғой. Бастауыш мектептерді, оқу өндірістік шеберханаларды, оқушылар үйін жабудан аман алып қалу өте қиын шақ еді. Әйтеуір бәрі де үлкен қиыншылықпен сақталды. Тіпті, орталықтағы мектептерде қысқарту жүргізіп, бір-ақ директор, бір-екі орынбасарлары ғана қалдырылсын деген нұсқау да болды ғой. Соның бәрінен аман-есен өттік-деп қоятын.

Электр қуатының жоқтығы мектептердің пешпен жылытуға көшуіне мәжбүр еткен. Типтік үлгідегі ғимараттар жылу берілмеуі салдарынан құлауға айналған. Міне, осы тұста азаматтардан ерекше ұйымдастырушылық пен іскерлік талап етіліп еді.

2-3 қабатты мектептердің от-қазандығын жаңарту, жүйесін толықтай тарту үшін қаржы тапшылығына байланысты 300-400 мың теңге ақша бөлінетін. Сол кезде мектеп директорлары мен ұжымдары үлкен түсіністікпен қарап, аянбай еңбек етті. Жазғы демалыс кезінде еңбек, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері бүкіл жылу трубаларын, батареяларды бұзып, тазалап, қайта жинап қалпына келтіріп, іске қосты. Өйткені, бөлінген қаржы көлемі жылу-қазандығын жөндеуден аспайтын. Тіпті, Мойынты орта мектебінің жылу жүйесінің жөнделуіне бюджеттен ақша бөлінбеді, оған Үңірек селосынан, Ақадыр басынан Кеңес кезінде жабылып қалған мекемеден 2 ескі «Универсал-6» отқазандық тауып, бұзып, тазалап қайта жинап Мойынты мектебіне апарып қойылды. Сол кезде жаңадан тұрған мектеп директоры Әбілсейіт Қауымбаев бастаған мектеп ұжымы отқазандық ғимаратын әр-жерден кірпіш жинап, өздері қалап шықты.  Сол күзде мектеп оқуын типтік ғимаратта жалғастырды.

Зәкеңнің бойындағы табандылық, принципшілдік пен іскер басшылық қасиеттер осынау ұшы-қиырсыз қиындықтарды жеңіп, бірте-бірте қалыпты жағдайға келуге игі ықпал еткен еді. Соның нәтижесінде барлық типтік мектептердің жылу қазандықтары қалпына келтірілді, білім беру саласының барлық мекемелері қалыпты жұмыс ырғағына көшірілді. Онымен қоса, Нұраталдының Ақсуында жаңа үлгідегі тоғызжылдық мектеп ғимаратының салынуы, аудан орталығында келісті, заманауи талаптарға сай спорт кешенінің іске қосылуы, Жарықтағы ескі аурухана ғимаратын мектептің қосымша бөлігі ретінде қайыра ықшамдалып салынуы сияқты аса маңызды да керемет күрделі істердің жүзеге асуына Зәрубай Сүйіндікұлының тікелей ықпалы мен табандылығы әсер еткеніне куә болдық.

Осынау өмірімен бірге өрілген сан алуан қиындыққа толы істерді атқара жүріп, Зәкең өз бойындағы табиғи дарынына да шектеу қойған жоқ.

Жоғарыдағы қарбаласқа толы кезеңнің өзінде ол дүниеге бірнеше әндер мен күйлерін, өлеңдерін әкелді. Соларды жинақтап «Өмір толғауы» атты кітап бастырып та үлгерді.

2005 жылы Зәкең аудандық музейге ауысты. Келсе музей баяғыдан жоқ, селолық клуб есебінде ғана ұстап келген. Жылу-жарық жоқ, іші көгеріп, иістеніп кеткен. Ғимараттың өзі музейдікі емес екен. Сонымен 2 жыл жүріп, сот шешімі арқылы музейге ғимаратты бекітіп алып, музейді қайтадан ашқан. 2007 жылы Өспен елді мекенінде Сәкен Сейфуллин оқыған мектепті жеке кәсіпкерлер, жұртшылықпен біріге отырып тарихи-өлкетану музейін ашты. Бүгінде бұл музейлер облыстағы алдыңғы қатарлы музейлердің бірі болып саналады, оған әрине қыруар еңбек сіңірілген болатын.

Табиғаты өнерге жақын, жаны ақын азамат ауданымызда өнерге байланысты өткізілетін ауқымды шаралардың басы-қасында болып, олардың сапалы  да мазмұнды болуына үнемі үлес қосуда. Зәкеңнің тікелей ұсынысы мен ұйымдастыруы негізінде ауданда «Күй керуен», «Күй-ғұмыр», «Домбыра дастан» атты бірнеше облыстық, республикалық денгейдегі шаралар өткізілді. Оларға қазақтың үлкен жүректі азаматтары, майталман өнерпаздар мен ақындарды шақырып қатыстыру дәстүрге айналды. Осы мақсаттарда өнертанушы Саян Ақмолда, Базаралы Мүлтікеев, күйші Жанғали Жүзбаев сияқты танымал тұлғалар ел ішіне келіп, жергілікті күйшілер мен өзге де өнерпаздармен бірге аталған шараларды өткізуге қатысты.

«Мәдени мұра» бағдарламасының аясында арқаның атақты күйшілері Қыздарбек, Сембек, Әбди, Аққыз, Әбікендердің, күні кеше ғана ортамыздан озған дәулескер күйшілер Дәулетбек Садуақасұлы, Орал Исатайұлы, Самат Мұсабековтердің шығармашылық өмірлерінен зерттелген материалдарды жинақтап, ұрпақ игілігі үшін мұражай қорына қою, оларды еске алуға арналған шығармашылық кештер ұйымдастыру жұмыстарына да зор еңбек сіңірді.

Қашанда туған ел, туған жерге деген перзенттік ыстық ықыласы суымайтын Зәкеңнің шығармашылығы да тұтастай осы елге, осы жерге, осы елдің тарихи тұлғалары мен қасиетті Қара Нұраның топырағында туған өнерпаз ұл-қыздарына арналады, солар деп тебіренеді, соларды жырлайды. Қазір Зәкеңнің жүрегінен туған 60-қа тарта әні, оннан астам күйі бар екен. Зәкеңнің «Домбыра» әнін Ақтоғайдың «Тоқырауын толқындарының» әншісі Гүлнәр Қожамбаева орындап, «Жас қанат» байқауында 1-ші орын алды. «Әнші болғым келеді» республикалық бағдарлама жобасына қатысқан Ботакөз Тиышмағанбетова «Мектебім-көктемім» әнімен жүлделі орын алып, ән  «Қазақстан мектебі» журналына шықты. «Махамбет» әні Ақтауда батырдың 200 жылдық мерейтойында орындалып ақын Серік Ақсұңқарұлы: «Зәке, бір марқайып қалдым»-деп келіпті. «Ақжалым -әнім», «Сәкенім-Жарығым» әндері қазір сол жердің гимніне айналған. Оралбай Абдикаримов, ақын Несіпбек Айтұлы бастаған Сәкен Сейфуллиннің 120 жылдығына арналған «Қыр баласы жүрген жолдармен» экспедициясы кезінде Сәкенге арналып «Сені іздейді..» әнін жазды. Оны талантты әнші Ардақ Мұқышев орындады. Ән «Жас Алаш» газетіне нотасымен шықты.

Әлихан Бөкейханұлының 150 жылдық мерейтойына Зәкең «Әлихан» әнін жазды, бұл осы кісіге арналған  Қазақстандағы жалғыз ән. Соған орай 150 жылдық мерейтойындағы ғылыми-практикалық конференцияға арнайы шақырылып, Ә.Бөкейханұлының құйма бедерін сыйға тартып, шапан кигізді. Әр жылдары, әр түрлі көңіл күйі әсерінен туындаған өміршең өлеңдері – бір төбе. Әлі де Зәкеңнің кеудесінде күмбірлеген күйлері, санасында сыңғырлаған жырлары бар, уақыты келгенде олар да сәтімен жарыққа шыға жатар.

Зәкең өз елінің өрелі де өнерлі тұлғаларын құрметтеп, өмірде жоғының әруағын қадірлеп, көзі тірілерімен қанаттаса, қатарласа еңбектеніп келе жатса, оның өзін елі қадірлейді, өнеріне сүйсінеді, табысына қуанып, шабысына шаттанады. Ұзақ жылдар бойғы туған өлкенің мәдениетімен білім беру саласына сіңірген еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Елі де, үкімет орындары да тиісінше бағалап келеді. Ол – «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «ҚР-ы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» төсбелгілерінің иегері. 2011 жылдың қорытындысы бойынша облыстық мәдениет басқармасының  «Үздік композитор», аудан әкімінің «Жыл адамы» аталымдарын жеңіп алды.

Жетістікке толы еңбегі аудан әкімі мен облыстық білім басқармасының, ҚР Білім Министрінің марапаттарынан бірнеше мәрте атап өтілді.

Азаматтың бағасын биліктен алған  марапаттар емес, елден алған алғыс айқындайды ғой. Осы тұрғыдан қарағанда біздің кейіпкеріміздің ел алдындағы жүзі жарқын деп білеміз. Зәкеңнің 70-жасқа толған мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Тірлігіңнің тайталаста болса-дағы кезі мың,

Мойытпаған ар-намысың, қайратың мен төзімің.

Қарсы қойып қара ниет атаулыға жаныңды,

Мөлдір шықтай таза қалды жүректегі сезімің.

 

Әр биікте сынай жүріп бақытың мен бағыңды,

Адалдықтан мойыныңа асыл тұмар тағындың.

Жаны жайсаң жақсыларды жинадың да жаныңа,

Сезіміңді шомылдырдың тұмасына сағымның.

 

Болмысыңмен сезіндің де арай-таңды, күн-нұрды,

Жүрегіңе ұялаттың сырға салған сыңғырды.

Содан ба екен жырға толған көкірегің үндесті,

Күйге толы домбыраңның шанағымен күмбірлі.

 

Қиялыңдай шыңға өрлеген, көкті кезіп, шарықтап,

Мынау мәнді ғұмырыңда сауық-сайран салып бақ.

Туған елдің аспанына шыққан шырқап ән-құсың,

«Ақ шағалаң» самғасыншы қанат талмай, қалықтап.

 

Әнге қосып, күймен тербеп мынау туған далаңды,

Қиял-ойың шарлай берсін құпиялы ғаламды.

Сырлас, мұңдас жүрегімнен досқа деген тілек  сол –

Кір шалмасын пәк көңіл мен Сенің саңлақ санаңды!

 

Тезекбай Амандықұлы,  

     ақын.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button