Жаңалықтар

Серғазы ӘДЕКЕНОВ: “Ғылымды дамыту – ел табысының кепілі”

Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында жаңа тұрпатты жаңғырудың басты шарты – ұлттық кодты, мәдениетті сақтаумен қатар, бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығын да баса айтты. Дегенмен, бәсекелестік жағынан батыс елінің өнімдерінен кем түспейтін өнім өзімізде өндірілгенімен де, олардың тауарлары әлдеқайда артық деген көзқарастан арыла алмай отырғанымыз рас. «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингтің бас директоры, Мемлекеттік сыйлық иегері, ҚР еңбегі сіңген қайраткері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор Серғазы ӘДЕКЕНОВ мұндай таптаурын оймен келіспейтінін айтады. Шынында да, 1995 жылдан «Фитохимия» холдингі еліміз көлемінде ғана емес, әлем бойынша сұранысқа ие дәрілік препараттарды әзірлеумен және өндірумен айналысып келеді…

  • Қазақстанның, оның ішінде «Фитохимия» холдингінің бәсекелестік ортадағы орнын қалай бағалар едіңіз?

Әлемдік кеңістіктегі қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін бірегей тауарлар өндірісін дамыту керек. Мұндай өндіріс орындары жоқ емес, саны да артуда. Мәселен, «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі – өсімдік шикізатын зерттеу мен бірегей дәрілік препараттарды фитохимиялық зерттеу саласы бойынша еліміздегі жетекші ғылыми-өндірістік орталықтардың бірі. Осы жерде еліміздің клиникаларында пайдаланылумен қатар, әлемге танылып үлгерген 70-тен аса бірегей фитопрепараттар әзірленіп, қолданысқа енген. Кәсіпорында өндірілетін фармацевтикалық өнімдердің ерекшелігі – эндемиялық дәрілік шикізат негізінде дайындалатындығында. Екіншіден, біздің технологиямызбен әзірленген қазақстандық жаңа дәрілік препараттар Қазақстанда, Еуропада, АҚШ-та және Қытайда да патенттелген. Қазақстандық дәрілік препараттардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен фармацевтикалық өндірісті кеңейтуде «Фитохимия» ХҒӨХ» АҚ мен Қарағанды фармацевтикалық зауыты базасында 17 кәсіпорынды біріктірген және дайын фармацевтикалық өнімнің құнын қалыптастыруға қатысатын өңірлік кластер жұмыс істейді. Қарағанды фармацевтикалық өңірлік кластер қызметі фармацевтикалық өндіріске ғылымизерттеу әзірлемелерінің және инновациялық технологиялардың нәтижелерін тиімді және оңтайлы енгізуге, сондай-ақ, ғылыми жетістіктерді коммерцияландыруға, отандық фармацевтикалық сала мамандарын дайындауға мүмкіндік береді. Кластерді дамыту үшін бірегей дәрілік препараттарды дамытуға арналған инновациялық технологиялар бағдарламасы дайындалды. Бағдарлама қазақстандық мазмұн мен шығарылатын өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін өндіріске инновациялық техногияларды енгізуге бағытталған.

  • Жаһандану жағдайында, ғылым мен өндіріс үшін қазақ тілінің латын графикасына ауысудағы ролі қандай?

Қазақ тілінің латын графикасына ауысуы – еліміздің еркін таңдауы. Ғылым мен технология қарқынды дамыған жаңғыру жағдайында күн сайын жаңа терминдер пайда болуда. Әрине, олардың барлығы ағылшын және латын қарпін пайдаланатын басқа да тілдерден енген. Латын графикасына қайта оралу елімізде қазақ тілінің беделін арттыруға ықпалы болмақ. Латын – Қазақстанның әлемге мәдени ашықтығының базалық элементі. Заманауи әлемде латынды жаңа технологиядан бөліп қарай алмаймыз. Жаңалықтың басты артықшылығы – мемлекеттік тілді меңгере отырып, әлемдік қауымдастық тіліне айналған ағылшын тілін оңай үйренуге болатындығында. Ағылшын – бизнестің, ғылымның және мәдениеттің тілі. Адамзат тарихында бірде-бір тіл дәл осындай үстемдікке ие болмаған. Сондай-ақ, бағдарламалау мен ақпараттық технологияларды дамыту тілі екенін де ұмытпау керек. Ағылшын тілін білмей кез келген бағытта, оның ішінде, ғылыми тұрғыда даму мүмкін емес. Латын графикасына ауысу елімізді әлемдегі жетістіктерге жақындатып, әр түрлі саланы тиімді дамытуға ықпал етеді.

Интернет, бүкіләлемдік желі, деректер базасы, ғылыми каталогтар мен журналдар, басқа да ақпараттық дереккөздер латын қарпімен жазылған. Бұл ағылшын тілі ғана емес, күннен-күнге маңызды, әрі танымал болып келе жатқан испан және басқа да көптеген тілдер. Демек, әлемдік ғылымға енуге ықпал етеді. Шет тілдерін меңгеретін жастарға бұл өте қолайлы. Кез келген тіл бір орында тұрмайды, үздіксіз жетіледі. Үстемдік етуші еуропалық тілдер де жаңғыруда, қытай мен жапон тілдері де латынға көшуді жоспарлауда. Осылайша, біз де өркениет көшіне қосыламыз.

Ғылымды дамыту – ел табысының кепілі. Жетістікке жету үшін ғылыми қоғамдастықтар бірлесе жүйелі жұмыс атқаруы керек. Айтып өткеніміздей, арнайы әдебиеттер, әдістемелік құралдардың көпшілігі ағылшын тілінде шығарылған. Латын графикасы пайдаланылған. Шынында да, қазақстандық ғалымдардың әлемдік ғылыми қоғамдастыққа енуіне бірқатар себептер кедергі болды. Сонымен, латынға көшу Қазақстан үшін тарихи қажеттілік әрі әлемдік ғылыми және технологиялық процеспен ықпалдасу мүмкіндігі. Бұл – заманауи технологиялар әлеміндегі заңды құбылыс.

  • «Туған жер» бағдарламасы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен бизнес өкілдері білім, денсаулық, спорт саласын дамытуға бағытталған әлеуметтік нысандар ашуға ниет танытып отыр. Осы орайда Сіздердің үлестеріңіз қандай?

Білікті мамандарсыз, инженертехнологтарсыз отандық фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту және әлемдік талаптарға сай болу мүмкін емес. Республикамызда дәрілік субстанцияларды тазалау, синтездеу, дайын дәрілік формаларды кептіру, экстракциялау, таблеткалау, түйіршіктеу, инфузиялық және гален препараттарын құятын жаңа технологиялық жабдықты игеретін орта буын мамандарының жетіспеушілігі байқалады. Әлеуметтік саясаттағы мемлекеттің басымдығы ретінде адами капиталды дамытуға қомақты инвестиция белгіленді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдан «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» жобасын бастады.

Мәселен, фармацевтикалық өндіріс операторларын медицина колледжері дайындаса, дәрілік өсімдік шаруашылығы агрономдарын ауыл шаруашылық колледждері дайындайды. Осы орайда студенттерді оқыту өндірістегі жұмыспен қатар жүретін білім берудің дуальдық жүйесі кеңінен қолдау таппақ. Мысалы, «Фитохимия» ХҒТХ мен Қарағанды фармацевтикалық зауытының зертханалық және тәжірибелікэксперименттік базасында Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясының, Астана медицина университетінің, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің, Қарқаралы ауылшаруашылығы колледжінің 250 тарта студенттері кәсіби тәжірибеден өтеді.

Біздің ғылыми-өндірістік алаңымызда Ресейдің Томск қаласындағы Сібір мемлекеттік медицина университетінің, Томск қаласының Ұлттық политехникалық университетінің студенттері мен аспираттары білім алады. Яғни, біз қызметіміз арқылы білімді дамытуға, холдингіміз үшін де, Қазақстан экономикасының басқа салалары үшін де білікті маман даярлауға үлес қосудамыз.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button