Селқостықпен күрес селден сақтайды
Көктем келгенде көңілді алаңдататын бір жайт бар – ол су тасқыны. Тасқын дегеніміз – тек қарғын емес, ескерілмеген жағдайда ауылды шайып, шаңырақты шайқалтып, талай тағдырды сарсаңға салатын табиғат сынағы. Ал, оған қарсы тұру – немқұрайдылықпен, ұйқыдағы жүйемен күрес. Биыл облыс бұл сынақтан сүрінбей өтті. Су көтерілді, өзендер арнасынан асты, бірақ, жаппай апат орын алған жоқ. Бұған себеп – уақытында жүргізілген жүйелі жұмыс, алдын ала жасалған жоспар және ең бастысы – жауапкершілікті сезінген азаматтардың бірлігі.

Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаевтың айтуынша, су тасқынына дайындық әдеттегіден ерте басталып, кең көлемде жүргізілген. Бұл жолы қауіп-қатердің алдын алуға бағытталған 180-ге жуық шара жүзеге асқан. Оның ішінде 65 шақырым қорғаныс бөгеттері мен біліктері тұрғызылып, 18 шақырымнан астам өзен арналары тазартылған, 26 шақырым дренаж жүйелері қалыпқа келтірілген.
– Су тасқынына қарсы күрес – бұл бір күндік жұмыс емес. Ол – жыл бойғы жоспар мен тәртіптің жемісі. Биылғы тұрақты кезең – алдын ала ойластырылған жүйелі дайындықтың айқын көрінісі, – деді Марғұлан Аманбаев төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссия отырысында.
Су алған ауылдар болмауы сандар мен есептер ғана емес. Бұл – көктемгі түндерде қолына күрек алып, бөгетті бекіткен құтқарушының, ауылдағы арықты ашып жүрген жергілікті тұрғынның, сонау қиырдағы ауылға ауысыммен барып, суды бұрып жатқан техник маманның ерен еңбегі. Олардың ішінен ерекшеленгендерге құрмет көрсетіліп, Алғыс хаттар табыс етілді.
Жылда көретін тасқын – жылда қайталанатын қауіп. Сондықтан, оның алдын алу да кешіктірілмеуі керек. Облыс басшылығы бұл бағытта болашаққа көз жүгіртіп, келесі жылға дайындықты осы бастан қолға алды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев нақты тапсырмалар жүктеді.
– Су тасқынының апатсыз өтуі – кәсіби даярлық пен тиянақты бақылаудың нәтижесі. Келесі кезеңге дайындық бүгіннен басталуы тиіс. Жұмыс тоқтамауы керек, – деді өңір басшысы.
Мәселен, Қарқаралы бөгетінің шлюзі жөндеуді қажет етеді, ал, Қарқаралы өзенінің арнасын кеңейту мен тереңдету күн тәртібіне шықты. Қаракөл ауылында қорғаныс білігін нығайту тапсырылды. Сонымен қатар, трассалардағы су өткізу қабілетін арттыру, өзендерді санациялау және су шаруашылығы нысандарын жөндеу секілді техникалық шаралар рет-ретімен жүргізілмек.
Су тасқыны – жыл сайын қайталанатын сынақ. Бірақ бұл сынақтан ел болып, ес жиғандар ғана өтеді.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»