Руханият

Саят Салдың салтанаты

Саят ТҰЯҚБАЕВ. Беймәлім де, белгілі есім… Өзі – нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Айтыс аламанында алқынбаған дүр жүйрік. Боз кілемде қақпақтай жауырыны жер иіскемеген палуан. Ән салса, Манарбектей маң даланы мамырлатып жіберетіні тағы бар. Мәдениет пен өнер саласында да ұтқыр ұйымдастырушы ретінде өрелі бастамаларымен таңдай қақтырып жүргенін айтыңыз…

Осынша дарынды игеріп жүрсе де, танымалдыққа ұмтылып, кеудесін соғып көрмеген азаматтың жуырда ғана Алматыдағы «Елтаным» баспасынан «Өмір – өлең» атты жыр жинағы жарық көріп, қолымызға тиді.

Иә, бұл кітап – Саяттың алғашқы жинағы. «Ақын болса, дарын болса, осы жасқа дейін неғып бір жинағы шықпаған?» дерсіз, бәлкім. Заңды сұрақ дер едім. Рас, Саят мұзбалақ Мұқағалидың мынау жалғаннан баз кешкен жасында тұңғыш жинағын ұсынып отыр. Неге? Осы бір көлденең сауалға бірге жауап іздеп көрелік…

Мен Саятпен осыдан 30 жыл бұрын айтыс сахнасында танысқан едім. Кешегі асылдар мен жасындардың жарқылы қалған, дүлдүлдер мен бұлбұлдардың алтын бесігі Ақтоғайдың бала қыраны айтыс өнерінде оқушы кезінде-ақ танылған. Кесек ой, кербез жыры әуезді әуенімен келісім тауып, тыңдарманын баурап алғанды. Жезқазғанда дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалінің дүбірі дүйім елді арқаландырып жататын мезгіл. «Ақтоғайдан Саят келеді» дегенде, үркіп те, тізгінімізді іркіп те отыратынбыз. Сол Саят досымнан хабар үзіп алғалы да біршама уақыт өтіпті.

…Жырларын оқып, Саяттың дулы ортадан не үшін саяқ кеткенін түсіндім. Қанына қарапайымдылық әбден сіңіп алған екен. Өлеңдері – өзінен өткен қарапайым. Қазіргі қазақ поэзиясын түсініксіз әлемге айналдырып жіберген айға атылу мен аһ ұру ағымының демікпесі жоқ. Мұқағалидың жалаңаш стилі! Жарықтық Мұқаңның өзі айтқандай, «Күпі киген қазақтың қара өлеңін шапан жауып өзіне қайтара» салған. Тұма бұлақтың тұнбасындай тазалық бар. Мөп-мөлдір сағыныш бар. Туған жерге деген махаббаты –маңғаз. Жүрегінің үнін өлеңге жөргектей салған. Басқаңызды білмеймін, мен осындай өлең оқымағалы көп болды.

Жасыратыны жоқ, қазақ жыры бүгінгі таңда косметикалық өнімге айналып бара жатыр. Бояуы баттасқан, қарапайым оқырман тұрмақ, сөз өнерінің айналасында жүргендер түсіне бермейтін түсініксіз тіркес, орашолақ ой… Соны жазып жүргендер өзін косметикалық өнердің өкілі емес, космостан жеткен құбылыс санайтынын қайтерсіз… Бес өлең жазып, өзі классиктердің қатарына қоса салатындар да – солар. Осы әлемде жүрген бауырларына Саяттың назы бары да байқалады.

Өмір – кейде жазылмаған ақ парақ,

Сүреді әркім сүрлеуіне шақтап ап.

Көпшілікке көсем боп жүр кейбіреу

Тілге жеңіл тіркестерді жаттап ап, – дейді.

Айтып отырмын ғой, Саяттың салты – мүлде басқа. Былай қарасаңыз, кітаптың атауы да әбден таптаурын, тозығы жеткен бөздей. «Өмір – өлең». Бірақ, Саяттың өміріне айналған өлеңі көне сүрлеуден аулақ. Өмірді өзінше жырлайды. «Ақындық – асау мінезден» деуші едік қой. Мен осы жолы «Өмірді аласұрып, алқынбай-ақ өлеңге айналдыруға болады екен ғой» деген тоқтамға келгендей болдым. Өйткені, Саят замандасымның биік парасаты мен ішкі мәдениеті, биязы болмысы ақсүйек өнердің қан-сөлін бұзбай, қадірін арттыруға септігі тигенін аңғартты бірден.

«Қарапайым жазады» дегенге, қарабайыр деп қалмаңыз. Сөзбен сурет салатын шеберлік жетіп-артылады.

Алып таудан етекке ақ қар құлап,

Көктем күннен алып тұр жақпар қуат.

Қысқы қатқыл көңілді жібітеді

Жылт-жылт етіп жылғадан аққан бұлақ, немесе:

Сол шуақпен дүр етті қызынып қыр,

Сығалады қауыздан сызылып гүл.

Ғашық болу, сағыну, сүю, бәрі

Көктемнің кірпігінде тізіліп тұр.

Осы екі шумақты бір талантты суретші майлы бояумен салынған картинаға айналдыра салса, халықаралық көрмеге ұялмай қоятын туынды шығар еді…

Саяттың бойындағы кісілік өлеңге айналды ма, әлде, өлең оны кісілікке алып келді ме, оны өзі білер. Меніңше, Саяттың асыл мұраты – әуелі адам болу. Адами қалпын қашап, қалыптастырып алмайынша, пайғамбардың ақыретіндей қастерлі һәм перизат өнер поэзия аулына баруға асықпаған. Жұп-жұмыр, шып-шымыр мына жинағының жалғанның жарығына кеш келуінің себебі де – сол.

Ал, кітаптың алғы сөзін кім жазғанын қараңыз. Қатты айтты демеңіздер, қазіргі жас ақындар Абай тіріліп келсе, алғы сөз сұраудан арланбайды-ау. Абай жоқ, амал жоқ, сол жастардың ең сорлысы Мемлекеттік сыйлық иегерлерінен алғы сөз сұрап жүр. Біздің Саят мектепте өзіне сабақ беріп, өлең әлеміне қанаттандырған әдебиет пәнінің мұғалімінің алғы сөзін місе тұтады. Ұстазы Еркін Өкімбаев та ағынан жарылады. Алғы сөз емес-ау, арлы сөзін арнаған екен. Шәкіртінің өзіне деген құрметті қанаттандырып жіберсе керек. Жалпы, айналасына, оның ішінде ұстазына құрметпен қарайтын адам ғана құдіретті өнердің төріне озады түбі.

Саятты сол төрден көрейік!

Кешіккен кітаптың кемел ойымен Сіз де тыныстаңыз, қадірлі оқырман! Кесек ой, кестелі жыр, кербез толқын… Мұның барлығы – Сарытеректен Сарыарқаға керуен тартқан Саят салдың салтанаты!

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button