Сауал – жан-жақты, жауап – салмақты

     Кеше Кеншілер Мәдениет сарайында облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ тұрғындар алдындағы есепті кездесуі өтті. Үш сағатқа созылған ашық диалог алаңынан үйдей үміт арқалап қайттық. Аймақ басшысының есепті кездесуіне ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт АТАМҚҰЛОВ пен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сергей ЕРШОВ қатысты.

…Өңір тынысында өрлеу бар. Экономиканың барлық жетекші салалары бойынша 2016 жыл берекелі болған. Көрсеткіштер – көшелі, өсім – еселі. Атқарушы биліктің мешін жылында межеленген мақсатты жұмысы жайлы есеп алдын ала жергілікті «Орталық Қазақстан», «Индустриальная Караганда» газеттерінде және облыс әкімінің ресми сайтында жарияланғандығын еске салған Нұрмұхамбет Қанапияұлының ықшам әрі жүйелі жасалған есепті баяндамасынан аңғарғанымыз – осы. Тіпті, бірқатар көрсеткіштеріміз республика бойынша көш бастап тұр.

Сонымен, уақыттың басым бөлігі баяндама тыңдап, қалғып-мүлгуге емес, бұқара мен билік арасындағы ашық пікірге берілді. Айтқандай-ақ, облыстың барлық қала-аудандары онлайн жүйесі арқылы қатысты кездесуге. Сұрақ жауып берді. Әр сұрақ нақты, әрі қанағат тұтарлық жауаптармен қауышып жатты. Халық қоғам тынысына бейжай қарамайтыны анық. Осы орайда, биліктің белсенді жұмысы берекеге бастау болғандығын қос тараптың бүкпесіз пікір алмасуынан аңғарылып тұрды. Әрине, сауал – өткір. Ал, жауабы – өтімді.

Босағадан төрге жолданған сауалдар мен өтініш-тілектердің дені толғақты мәселелер жүгін арқалаған. Кейбірі – бұрыннан да билік назарында жүрген өзекті мәселелер. Әйтеуір, қырағы жұрт мүлт кетпеді, аймақ басшысы мүдірген де, кідірген де жоқ. Өңірлерден жолданған сауалдардың да жауапсыз қалғаны жоқ. Микрофонға жақындаған тұрғындардың көбісі облыс басшылығына деген ризашылығын жеткізіп, ақжарма пейілдерін ақтарып жатты. Мұның өзі қалың бұқараның атқарушы билікке деген риясыз пейілін аңғартса керек.

Теледидардан да, әлеуметтік желілерден де көп жерлерде әкімдердің есепті кездесуі тұрғындар назының наразылық дауына ұласып жатқанын көріп жүрміз. Бізде олай болмады. Екіжақты ымыра мен бекем бірліктің берекелі белеске бастайтынына көзіміз жетіп тарқастық. Ең бастысы – күдік үмітке жол берген.

(Облыс әкімінің есепті кездесуінен жазылған кеңейтілген ақпаратты газетіміздің келесі санынан оқитын боласыздар).

Ерсін МҰСАБЕК

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.