АймақБас тақырып

Сарышаған полигонында Әуе қорғанысы күштерінің әзірлігі тексерілді

Сарышаған полигонында Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мен Әскери-әуе күштерінің «Ашық аспан – 2026» бірлескен оқу-жаттығуы аяқталды.

Суреттерді түсірген Думан Жұмашұлы

Оқу-жаттығуға Қорғаныс министрінің орынбасары – Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы генерал-майор Қайрат Садықов басшылық етті.

Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – әскери басқару органдары мен бөлімшелердің әуе шабуылы құралдарының жаппай соққыларына тойтарыс беруге дайындығын тексеру. Әскери қызметшілер авиация, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мен радиоэлектрондық күрес бөлімшелерінің өзара іс-қимылын, сондай-ақ жедел маневр жасауды және атыс міндеттерін орындағаннан кейін позицияларды ауыстыруды пысықтады.

Ұшқышсыз ұшу аппараттарының әртүрлі түрлеріне қарсы іс-қимыл жасауға және Әуе шабуылына қарсы қорғаныстың эшелонды жүйесін қолдануға ерекше назар аударылды. Оқу-жаттығу барысында бөлімшелер сыртқы нысананы көздеу құралдарын пайдалана отырып, атыс құралдарын жасырын орналастыруды қамтитын әуе шабуылына қарсы тұтқиылдан соққы беру тактикасын да пысықтады.

Практикалық кезеңде Әуе шабуылына қарсы қорғаныстың эшелонды жүйесі құрамында С-75 зениттік-зымыран кешені қолданылды. Сонымен қатар радиолокациялық құралдар мен радиоэлектрондық күрес кешендері бірыңғай ақпараттық-барлау кеңістігіне біріктірілді.

Тағы бір жаңашылдық – С-300ПС зениттік-зымыран кешенін жердегі нысананы жою үшін қолдану болды. Зымыран ұшыру барысында белгіленген нысана сәтті жойылды. Бұл кешеннің жердегі нысаналарды жою міндеттерін орындау кезіндегі мүмкіндіктерін бағалауға мүмкіндік берді.

– Біз бөлімшелердің әуе жағдайы жылдам өзгеретін кезде үйлесімді әрекет ету қабілетін тексердік. Авиация, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс және радиоэлектрондық күрес күштерінің өзара іс-қимылын пысықтадық. Алға қойылған міндеттер толық көлемде орындалды, – деп атап өтті Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы полковник Әділ Сүбебаев.

 Думан ЖҰМАШҰЛЫ
Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button