Руханият

Сарыарқаның саф самалындай…

Жақсыкелдінің

жақсылығын айт

Бақберген ДӘРКЕМБАЕВ,

замандасы:

«…Осы менің көзім сау болып тұрғанда ән шығарар, шығармасым белгісіз еді ғой. Соқырлығым дұрыс болған-ау, сірә?! Мен адамдардың бәрін аппақ, пәк күйінде көрем. Егер көзім ашылып кетсе кейбір адамдарды жек көріп кетуім де мүмкін ғой», – деп әзілдейтін.

* * *

Зейнегүл СЕЙІЛОВА, Жақсыкелдінің жары:

«…Жаманның жанында болғанша, жақсының аяғында жат» деген нақыл бар емес пе?! Дәйім қуаныштан тұрмаса да онымен өткен жеті жылым – жетпіс жылға бергісіз…

Жезқазған қаласының тарихымен бірге ел есінде қалатын, сол өңірдің мәдениеті мен өнері жайлы сөз болса, ең бірінші – «Қаракөз» ансамблі еске түсетінін, ал «Қаракөз» аталған жерде Арқаның маңдайына біткен сазгері Жақсыкелді СЕЙІЛОВ қосарлана айтылатынын аса бір мейіріммен әңгімелер едік.

Шын мәнінде, жетпісінші жылдардың басында «Қаракөз» вокальды-аспапты ансамблі сол өңірдің ғана емес, республикамыз­да ұлттық эстрада саласының шарықтау шыңына көтерілгені, еліміздің өнер әлеміне жаңаша үрдіспен енген отандық эстрада отауына айналғаны әнсүйер қауымның есінде болар?! Сазгер мен орындаушы арасындағы тығыз байланыстың арқасында тез арада үлкен сұранысқа ие болған ұжымның бір ерекшелігі – негізінен өздері шығарған әндерін орындайтыны болатын. Өйткені, ансамбльдің жетекшісі Жақсыгелді СЕЙІЛОВ, ағайынды Болат пен Ахмедия ЕСМҰХАНОВТАРДЫҢ сырлы да мұңға толы лирикалық шығармашылығы ансамбль репертуарының мол байлығына айналып үлгерген. Сарыарқаны тамылжыған сазды әуен тербеген сол бір жылдардың халық жадынан өше қоймағаны анық. Өзіміз де сол ансамбльмен бірге ержеткен ұрпақтың өкілі ретінде көптен бері ойда жүрген, толғағы әбден жетілген осы бір өнер ұжымы жайлы оқырмандарды құлағдар етуді өзімізге мақсат тұттық.

Бүгінде уақыт талабына байланысты ансамбльдің жаңа құрамына басшылық жасап жүрген, өзі де өнерге жаны құмар кәсіпкер азамат Жаңабай СӘТЖАНОВ мырзамен уағдаласқан уақытта редакцияда жолықтық.

Әңгімеміз де осы тұстан басталды.

Жезқазған қаласы облыс орталығынан шалғай орналасқан аймақ болғанымен мәдени шежіресіне мәнді үңілер болсақ, «Қаракөз» вокальды-аспапты ансамблі, оны айтсақ міндетті түрде ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жақсыкелді Сейіловсіз әңгіме тағы өрбімейтіні түсінікті. Тарихтың тамырына қан жүгірте отырсаңыз.

Расымен де Сарыарқаның батысында, Ұлытау тауларының оңтүстігіндегі Қаракеңгір өзенінің бойындағы Кеңгір бөгенінің оңтүстік-батыс жағалауында орналасқан қала еліміздегі түсті металлургияның ірі орталығы. Қала тарихын айтқанда «Қаракөз» вокальды-аспапты ансамблінің ауызға бірінші алынары ақиқат. Ал, ансамбль жайлы әңгіме міндетті түрде сыршыл сазгер Жақсыкелді Сейіловсіз мәнді шықпайды. Өнерде аққан жұлдыздай өшпес із қалдырып кеткен дарынды таланттың жүрегінен жарып шыққан сазды әуендері өз тыңдармандарының жүрегінен әсте өшкен жоқ. «Ана туралы баллада», «Неге солай?», «Әке туралы ой», «Кездесу», «Жезкиік» бүгінде жастың да, жасамыстың да есінде жатталып қалған шығармалар.

Тағдыр талайымен мынау жарық дүниені қос жанарымен емес, өнер десе қарсы айырылып кетуге жақын тұратын көкірек көзімен сезінген сыршыл сазгер, шын мәнінде, жалғыз емес еді. Тұла бойын шабыт кернеген композитор қара сырнайын құлаштай керіп, талай әншінің атын мәшһүр етсе, талай әндердің бағын ашты. Осындай тума таланттарды жанына жалау етіп, бірлесе жұмыс істеді. Солардың бірі де бірегейі арқалық дарынды сазгер әрі орындаушы Болат Есмұқанов дер едім. Негізінен ансамбльдің алғашқы ұйымдастырушылары да Жақсыкелді мен Болат. Өнерде қатар жүріп, ансамбльдің құрылғанынан бастап, қандай биікке көтерілсе де сыйласа қызмет атқарған Сәлімжан Сейілов, Ахмедия Есмұқанов, бас гитарада – Қойшықара Әміралин, ритм-гитарада – Әбу Түсіпбеков, Камал Қазымбетова тамылжыған әндерімен, ал, Майя Сарыбаева мың бұралған биімен жұртшылықты тәнті етті. Ансамбльдің мүшесі, концерттік бағдарламаларды жүргізген Дәмеш Жолаушинова да ансамбль алғаш құрылған жылдардан басы-қасында болған өнерпаз. Кейін ансамбль, «Жезкиік» болып өзгерді. Одан «Ұлытау» болып өмір сүрді. Аттары өзгергенімен, өнер десе ішкен асын жерге қоятын сол құрам шашырай қойған жоқ. Мара Есмұқанова, Ғалым Мұхамедин, Ахат Байбосынов, Бағдат Сәмединова сияқты дарынды жастармен толығады.

Ансамбльдің ел есінде қалған ерекшелігі де сол, аттары аталған ансамбль мүшелері тек өздерінің, яғни жергілікті сазгерлердің шығармаларын ғана орындады емес пе?

Иә, ол пікірдің де жаны бар. Қазақтың марқасқа ақындарының бірі Аманжол Шәмкеновтің сөзіне жазылған «Ана туралы балладасын» алғаш Сәлімжан Сейілов әуелете шырқады. Ән қандай, әнге жазылған өлең, ал орындаушысы келіскен ән өміршең! Жақсыкелді ағамыз өмірден өткенін естігенде туған «Жарығым-ай» әнін Болат өзінің өнердегі әрі өмірдегі қосағы, ҚР еңбек сіңірген әртісі Мара Есмұқановамен бірге орындап жүр. Негізінен Аманжол Шәмкенов, Тұманбай Молдағалиев, Бәкір Тәжібаев, Әбілахат Еспаевтың сөздеріне жазылған әндермен қатар, көбіне Болат пен Ахмедияның сөзі мен ырғағы келіскен әуендері шырқалып келеді. Ансамбль тегінде осы ұстанымымен ерекше.

Тоқырау жылдары, сонау тоқсаныншы жылдары Жезқазған өңірінде тек экономикалық емес, мәдени дағдарыс та белең алғанын жақсы білеміз. Әсіресе, еліміздің көптеген өңірлеріндегі сияқты көпшілік кітап­ханалар жабылып, жұртшылықты рухани жұтаңдық жайлаған кезеңде ансамбльдің де көзден бұлбұл ұшқанын көзі қарақты әнсүйер қауым жақсы біледі. Ал ән әлеміне қайтадан келу кімнен шыққан идея болды екен?

Оныңыз ақиқат. Жетпісінші жылдары өзіндік қолтаңбасымен өрнек сала келген бұл ұжым негізінен тоқсаныншы тоқырауға жетпей тұрып-ақ, бірнеше рет аты өзгеріп, немесе түрлі себептермен сахнадан көрінбей кеткені рас. Бірақ өнерге жақын адам, бойында әнге деген құмарлық, қанына сіңген дарындылық қай кезде болса да өшпейді ғой. Сол сияқты ансамбль мүшелерінің көптеген жиын-тойларда бастары қосылып қалса, тыңдармандарының құлақ құрышын қандырып жүретіні белгілі. Осындай бір салтанатты жиында басымыз қосылып қалған жігіттер: «Неге «Қаракөзді» қолға алмасқа, бәрібір өнерден алыстай алмаймыз» деген пікірге тоқталдық. Ән салмасам да, жан-дүнием өнерге құмар менің де қаным қызып шыға келдім. Өйткені, ұмытылып бара жатқан әндер қаншама?! Бір Жақсыкелдінің өзінің отыздан астам әндері бар, бірақ, елге жетпеген. Кейінгі жастар Жақсыкелдінің, Болаттардың әндерін айтып жүргені болмаса, авторларын біле бермейді. Әйтпесе, «Мұзарт» сияқты елге танымал топтың орындауындағы бірнеше ән, Лұқпан Жолдастың репертуарында да бірнеше осы сазгерлердің әндері орындалып-ақ жүр. Мысалы, Лұқпанның орындауындағы «Жарығым-ай» әні Жақсыкелді өмірден өтті деп естігенде Болаттың жазған әні. Қандай керемет ән. Орындауында кінәрат жоқ, жеткізіп, тебірентіп жібермей ме?! Кезінде Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған Жақсыкелдінің «Жезкиігінің» бағын ашқан Ғалым Мұхамедин еді, казір осы ән ұмытылып бара ма деп қорқамын. Құрманғали Онбаевтың сөзіне жазылған «Сен мені аямадың» әнінің де тағдыры осындай. Ал, Ахмедия Есмұқановтың «Тамшылары» да орындалып жүргені болмаса, сазгердің аты-жөні айтыла бермейді.

Осылай, жұрт көзінен тасаланып қалған жылдар артта қалып, іске кірісіп кеттік. Тірлігіміз жаман басталған жоқ, бірнеше рет Республика сарайында концерттерге қатыстық. Әсіресе, қазақтың талантты әнші қызы Майра Ілиясованың басшылығымен жыл сайын ұйымдастырылатын «Сағындырған әндер-айында» елдің керемет қошеметіне бөлендік. «Қаракөзді» сағынып қалған-ақ екен. Одан кейін білек сыбана жұмыс істеу керек екенін, бір кездері Арқаның желаяқ ор текелеріндей сары даласында шырқалған сазды әуендердің ел санасында сарғайып, сағынышқа айналғанын жан-тәнімен сезінгендей күй кештік десем артық айтқандық емес.

Қалың қазақтың, өнерсүйер ұлыстың көзайымына айналған «Қаракөздіктер» өздерінің жеке концерттерін де беріп үлгерді. Алматы қаласындағы Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өткен концертке ағылған жұрттың легінен осыны аңғардық. Ағайынды Есмұқановтарды көріп бір қуанса, марқұм Жақсыкелді Сейіловке деген жүрекжарды сағынышын жүздеріндегі жылылықтан байқатып жатты.

Осы ретте, қараша айының 18 жұлдызында Қарағанды қаласының Кеншілер мәдениет сарайында өтетін концерт жайлы да оқырмандарды құлағдар етіп өтсеңіз?

Иә, соңғы он жыл ішінде, тіпті одан да көбірек уақыт аралығында ансамбль өз тыңдармандарының құлақ құрышын қандыратын, шығармашылығын шыңдайтын кезеңдерде белгілі бір себептермен, еліміздегі экономикалық дағдарысқа, тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдары көптеген түрлі қиындықтарға, тұрмыстық-әлеуметтік, мәдени тоқырауларға байланысты қол үзіп қалғанымыз­ды тағы да қайталап айтуға тура келеді. Ол біздің ғана ұжымның «тоқырауы» ғана емес, республикамыздың әр өңіріндегі жергілікті осындай өнерлі топтардың, тіпті, орталық кітап­ханалардың жабылып қалуы ата-бабалар арманы болған егемендігіміздің орнауы оңай бола қоймағанын, халық арасындағы танымал ансамбльдердің таралып, сол тәуелсіздікке құрбан болып кеткені сияқты көрінеді. Бүгінде өзінің бұрынғы репертуарынан да байып, қайтадан жаңару-қалыптасу дәуірін басынан кешіп жатқан ансамбліміз тарихи төлмереке – Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өнерсапарларын алғаш болып өзіміздің кенді қала, Сарыарқаның кіндігі – Қарағанды жұртшылығымен қауышудан бастамақпыз. Кезінде өңірдің алшақтығына байланысты болған Жезқазған қаласы, «Қаракөздің» туған қаласы жеке облыс болса, бүгінде жалпы Қарағанды облысының тарихында орны ерекше қала екені даусыз. Сондықтан да жезқазғандық өнер тобының көптеген тыңдармандары кенді қаламыз Қарағандыда екені де айдай әлемге ақиқат. Сондықтан да, осынау еліміз тарихында ерекше орны бар Тәуелсіздіктің жігіт жасы 25 беске толуына орай қала жұртшылығына ән-жырдан шашу шашып, бүгінде алды жетпіс-сексенді алқымдаған «Қаракөздің» бұла шақтағы көрермендерін қуантпақпыз. Ансамбль мүшелері де бұл қауышудың әсері керемет боларын жүректерімен сезініп, құлшына дайындық үстінде.

Әңгімеңізге рахмет. Өзінің жан-дүниесіндегі құбылысты жалпы жұртқа музыка тілімен жеткізе білген туматалант Жақсыкелді Сейілов жайлы әлі талай сырлы әңгімелер айтылар. Ал, бүгінгі әңгіме өзегіне айналған «Қаракөз» вокалды-аспапты ансамблінің алда талай сырлы кештері боларына сенім артайық.

Сұхбаттасқан

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ.

Р.S. Әнсүйер қауымға 18 қараша, сенбі күні Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайында «Қаракөз» ансамблінің концерті болатынын еске саламыз.

«… Таңның атқанын көре алмайтындығыма қиналсам да, күннің батқанын, тұтылғанын көрмегеніме қуанамын. Өмірге келген баланы көргім келгенімен, өмірден өткен адамды көрмейтіндігіме шүкіршілік етемін…».

Жақсыкелді СЕЙІЛОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button