«Сарыарқа Барысы» анықталды
Сәуір айының соңында Қарағандыдағы «Жастар» спорт кешенінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ жүлдесі үшін «Қазақстан Барысы» турнирінің іріктеу сыны өтті.
«Сарыарқа Барысы» деп аталатын дәстүрлі додаға Қарағанды, Теміртау, Қаражал, Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш, Приозерск, Саран, Шахтинск қалаларынан және Ақтоғай, Абай, Бұқар жырау, Жаңаарқа, Қарқаралы, Нұра, Осакаров, Ұлытау, Шет аудандарынан 250-ге жуық балуан қатысты. 55 келіден бастап, 100 келіден жоғары салмақта белдескен балуандар іріктеуде іркіліп қалмады. Жыл бойғы жаттығуларын осы сында танытты.
Екі күн бойы боз кілемнің шаңын қаққан балуандардың арасынан мықты жастардың өсіп келе жатқандығын аңдадық. Десек те, бұл жолы да бір-біріне сыралғы қарсыластар Ержан Шынкеев (Қарағанды қаласы), Асыл Барменов (Жаңаарқа ауданы), Бекзат Ахметбеков (Нұра ауданы) өз биігінде қалды. Үш фаворит дүбірлі жарыста жеңіс тұғырына көтерілді. Алдағы уақытта «Қазақстан Барысы» турнирінде балуандарымыз облыс намысын қорғайтын болады.
Нұрдос КӘРІМ