Бас тақырып

«САРЫ ҚАЗАҚТАР», немесе ақтоғайлық немістер жайлы үзік сыр

Қазақ кең құшағын кімге ашпады, қазақтың дарқан даласы кімге пана болмады. Дәм айдап, тағдыр жазып қазақ даласына келген орыс, кәріс, ұйғыр, дүнген, шешен тағысын тағы толып жатқан ұлт пен ұлыс өкілдері Қазақстанды екінші Отанына балап жүр.

Өткен ғасырдың орта шенінде Еділ бойынан бір қауым неміс халқының өкілі Ақтоғай топырағына жер ауып келген болатын.

Ақтоғай халқы саяси қуғынға ұшырап, жылы орнын суытып, жер ауған неміс ағайындарды жатырқап жатсынбай, бауырына басқан. Неміс туғандар даладай дарқан Ақтоғай топырағына тез бауыр басып, жергілікті халықпен тіл табысып, тез жарасып кетті. Қазақ десе ішкен асын жерге қоятын Герағаңның (Геролдь Бельгер) Ақтоғайда тұрған әр отандасы қазақтың кең қолтық қонақжайлығын бойларына сіңіріп, тіптен, жалпақ тілімен мақалдап, мәтелдеп сөйлегенде сөздің сәнкесін түсіретін.

Заты басқа, ұлты бөтен демесең, ақтоғайлық неміс туғандар қазақтан айырмасы шамалы болатын. Қазақы жол-жоралғыдан жаңылмай, әдет-ғұрыпты сақтап, қыста соғым сойып, елді омыртқаға шақырып, қазақтың тұрмыс-салтын ұстанды. Әзілдерінің өзінен қазақылықтың иісі бұрқырап тұратын. Ақтоғайлықтар «Қандала» атап кеткен Фусть Эдканың Жезқазғанға барып, қазақша сөйлегенін көріп, жігіттердің таң қалғаны бар. Сол секілді Беркле Андрей «руың кім?» деп сұраған елге «Қожағұлмын» дейді екен.

Өткен бір жолы Youtube арнасынан қазақпен тағдырын қосқан Германияда тұратын неміс шешеміздің елге деген, қазақ халқына деген шексіз махаббаты мен жүрекжарды алғыс-ризашылығын естіп, тарихи Отанына қоныс аударған ақтоғайлық неміс ағайын көз алдымызға келді. Ақтоғай жерін мекендеген өзге ұлт өкілдері баршылық. Алайда, солардың арасынан неміс ағайын «арпа ішінде бір бидай» болатын. Неміс қыздарынан туған жиендер мен жиеншарлар Германияда да, Ақтоғайда да жетіп артылады. Олардың барлығының атын атап, түсін түстеп шығу да мүмкін емес. Және бұл елдің бірі ұнатып, бірі ұната бермейтін өте нәзік тақырыбы болғандықтан, оны қаузап қозғаудың қажеті де жоқ деп шештік.

Иә, Ақтоғай жеріне келіп, жергілікті халықпен бірлігі жарасып, бауыр басып кеткен неміс ағайын әлі күнге елден қол үзген емес. Тарихи Отандарында жүрсе де әлі күнге «Ақтоғай – алтын бесігім» деп ән шырқап, жыл аралатып елге келіп, тамыр-таныстарымен қауышып, өскен өлкелерін аралап, бауыр басқан топыраққа бір аунап, мауқын баспаса көңілдері көншімейді.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ,

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button