Бас тақырып

Саранда тіршілік бұрқ-сарқ қайнады

Бірнеше жыл бұрын үдере көшкен жұрт «Саранның күні батты» деген-ді. Әсіресе, ел арасында «РТИ» атанып кеткен шағын аудан тұтас қаңырап қалды. Тіпті, терезелері үңірейіп, үрейіңді алар бұл үйлерді бұзу туралы да сөз шықты. Сол уақта кім білген, биыл билік пен бизнес бірігіп, «РТИ-дағы» үйлерді жөндеуге кірісті…

Моноқалаларды өркендету – бүгінгі ел билігі алдында тұрған ауқымды міндеттердің қатарынан. Ең тиімді тетік – инвестиция тарту. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті қоғам. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында да бұл мәселені Үкіметке мықтап тапсырды. Арнайы экономикалық аймақтардың мүмкіндіктерін барынша пайдалануды міндеттеді. Моноқалалардағы жұмыссыздықты азайтуды, халықты баспанамен қамтамасыз етуді жүктеді. Міне, Саранның іргесінен Saran индустриялық аймағын құруда жергілікті халықтың әл-ауқатын көтеру көзделген еді.

Білесіздер, Саран – тау-кен саласына бейімделген мекен. Қаладағы елу мыңнан астам халықтың басым бөлігі – шахтер, металлург немесе өндірісте жұмысшы. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты шахталар мен зауыт-фабрикаларда нәпақасын айырып жүр. Жаңа ашылған индустриялық аймақ кеншілер шаһарына тың тыныс бергені белгілі.

Индустриялық аймақ былтыр құрылды. Аумағы – 180 гектар. Қазір бұрынғы резина-техникалық бұйымдар зауытының аумағында бой көтерген QazTehna автобус жасау зауыты жұмыс істеп тұр. Жақында Kama Tyres KZ шина жасау зауыты алғашқы шинасын шығарды. Келесі жылы жазға салым толық қуатын еңсереді. Сондай-ақ, KazIsolation металл бұйымдары зауыты, SilkRoadElectonics тұрмыстық техника зауыты, «Энергосистемы Elto» жарық бағандарын құю цехы, AsiaPromSteelLTD металлпрокат зауыты сынды өндіріс ошақтары орналасты.

Аталған кәсіпорындарға 6 мыңнан астам адам тартылады. Бұдан бөлек, аймақтағы кәсіпорындарға қызмет көрсететін шағын және орта бизнес нысандарында жүздеген адам жұмыспен қамтылуы тиіс. Мәселен, Artel техникасын шығаратын зауытта 1136 жан екі қолға бір күрек таппақ.

Күнкөріс бар жерде баспанаға сұраныс артатыны аян. «РТИ-дағы» 14 үйді қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Қазір бюджет қаржысына үш үй жөнделді. Ал, инвесторлар төрт үйдің сәнін кіргізіп қойды. Мемлекет жөндеген үйлер – кезектегі тұрғындарға. Ал, инвестор өзі жөндеген үйді жұмысшысына береді.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда әлеуметтік инфрақұрылымға күш салынуда. Әкімдік осындағы №7 мектепті жөндеуді қолға алды. Және келешекте балабақша мен спорт мектебін салу жоспарда тұр.

Иә, «құрдымға кетті» деген «РТИ-да» тіршілік қайнады…

Нұрқанат ҚАНАПИЯ. 

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button