Бас тақырып

Саран автобустарына сұраныс жоғары

Облыстың ғана емес, бүтін елдің сапалы әрі қолжетімді көлікке деген қажетін өтеп тұрған Saran индустриялық аймағындағы QazTehna зауыты бір ауысымда 4 автобусты дайындап үлгеретінін бұған дейін де жазған болатынбыз. Өзге өңірлерді айтпағанда, шалғай мектептерге қатынап білім алатын оқушылар QazTehna-ның «сары автобустарына» көзі қанық. Ол өз алдына, зауыт іске қосылып, қалаішілік жолаушылар автобустарын шығара бастағалы да, қарағандылықтар да қоғамдық көлікке жарып, діттеген жеріне қысылмай-қымтырылмай жетіп жүр. Ал, билік биылдан облыс орталығына жақын орналасқан қалаларға жүретін автобустарды жаңарту жұмысын жалғастырмақшы.

Зауыттың алдағы мақсаты да ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды. Себебі, көлік – қолжетімді. Сұраныс заңы бойынша тауар бағасы неғұрлым төмен болса, сұраныс та артады десек, QazTehna автобустарының бағамен қатар, сапаға да ерекше мән беретінін айту керек. Әлем бойынша жолаушылар автобустарын жеткізуде алдына қара салмаған қытайлық Yutong компаниясымен серіктес болуы да көп нәрсені аңғартқандай. Елдің автобус паркін 7000-ға ұлғайтуды көздеген зауыт автобустар бөлшегінің 33 пайызын жергілікті материалдардан құрастырады. Алдағы бес жылда бұл көрсеткішті 50 пайызға жеткізу жоспарлап отыр. Қазір кәсіпорында 500-ден аса адам жұмыс жасаса, өндіріс кеңейген сайын, штат та ұлғая түсетінін айтады зауыт басшылығы.

Мәселен, биыл тағы 300 адам жұмысқа қабылданса, бұл көрсеткіш 2025 жылы мыңға жетпек. Бұл әлі QazTehna-ның өндірістік қуаттылығының толық іске қосылмағандағы көрсеткіші. Ал, қызметкерлер саны мыңға жеткенде жылына 1200 автобус пен 500 арнайы техника шығарылады. Сәйкесінше, бюджеттің қоржыны да бос қалмайтыны анық.Кәсіпорын негізінен Оқу-ағарту министрлігімен шартқа отырған. Яғни, балаларды тасымалдау үшін мемлекеттік стандартқа сай автобустарды шығарады. Демек, еліміздегі тоғыз облыстағы білім беру ұйымдары QazTehna автобустарын асыға күтіп отыр. Алды алып та үлгерді. Мысалы, өткен жылы Қарағанды облысындағы білім беру ұйымдарына 27 автобус беріледі деп жоспарланған болатын. Бүгінде оның 19-ы беріліп, балалар игілігіне қызмет етуде. Облыстық білім беру басқармасының берген мәліметі осындай. «Биылғы жылдың мамырына дейін қалған 8 автобусты күтіп отырмыз» дейді олар. Жолаушыларды қалаішілік тасымалдаумен айналысатын «Таксокомбинат» ЖШС өткен жылы 8 автобус алса, биыл тағы 32 көлік сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы қала әкімі Мейрам Кожухов Instagram-дағы ресми парақшасында да хабарлаған болатын. QazTehna автобустардан бөлек, арнайы техника да шығаратынын айттық. Кәсіпорынның бас директорының әкімшілік мәселелері жөніндегі орынбасары Ермек Омаров өздері шығарған арнайы техниканы сынақтан өткізіп үлгергендерін де айтып отыр. Болашақта еліміз, оның ішінде Қарағанды облысы түрлі өндіріске, ауыл шаруашылығы саласына қажетті көлікті ат арылтып алыстан тасымай, қалтасын қақпастан қолжетімді бағаға үйдің іргесінен алып отырса, оның өзі үлкен жетістік болмақ. – HOWO брендімен жасалған 25 тонналық карьер жүк көліктері Қытайда сыналды. Атап айтқанда, 40 күннен астам карьерде пайдаланылды. Бұл модельде қалпына келтіру функциясы бар: жүктелген машина карьерден түскенде, ол өзін қайта зарядтайды. Одан бөлек, техникалық қызмет көрсету шығындары минималды, сонымен қатар экологиялық таза, – дейді Ермек Омаров.


Салтанат ІЛИЯШ,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button