АқтоғайБілім

Сапалы білім – заман талабы

Бүгінгі заман білім беру жүйесі жан-жақты дамыған, өздігінен жұмыс істей алатын, үздіксіз білім алуға ынтасы бар жастарды дайындауды талап етеді. Себебі, қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуында білім беру жүйесі жетекші рөл атқарады. Елімізде ондаған жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлі білім беру моделі әлемдік көшке ілесуге ниетті. Ал оның алғышарттары жыл сайын қабылданатын мемлекеттік бағдарламалар. Бағдарламаның басты тетігі – білім, мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Демек, ұдайы дамып, үздіксіз жаңалықпен толығып отыруға бейім салмақты салаға артылған жүк те ауыр. Себебі, интеграциялық даму мен инновациялық өрлеу қарыштаған сайын бірқалыпты жүйемен көшке ілесу мүмкін емес. Осы ретте, нарықтық экономика тұсында сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етуге қаржыландыру жүйесін оңтайландырып, білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды құбылыс. Дәл осы бағытта Ақтоғай ауданы көлемінде де атқарылған істер ауқымды.

Сан мен сапа

Жалпы, білім беру деңгейінің бірінші сатысы ретінде мектепке дейінгі тәрбие ошақтары есептелінеді. Оған қолжетімділікті ұйымдастыру арқылы білім берудің алғашқы баспалдағын бағдарлай аламыз. Қазір ауданда жыл басынан бері 19 мектепке дейінгі ұйымдар (4 балабақша, 15 шағын орталық) жұмыс істейді. Онда 554 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі ұйымдардың 2020-2025 жылдарға арналған қадамдық жоспарына сәйкес, үстіміздегі жылы Сарышаған кентінен бұрынғы интернат ғимаратынан 2 топ ашылады. Бүгінгі таңда ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, керекті құрал-жабдықтары алынды. Алдағы уақытта аталған ғимаратта 50 балаға арналған топ ашу жоспарланып отыр. Ақтоғай ауылындағы «Аққыз» бөбекжайынан қосымша 20 балаға арналған бір топ ашуға жұмыстар ұйымдастырылуда. Мектепке дейінгі мекемелер үшін автоматтандырылған INDIGO сервисі жүйеге қосылды. Мектепке дейінгі ұйымдардың бірыңғай тізімі, балаларды қабылдау бойынша электрондық мемлекеттік көрсетілетін қызметтер, балабақша мен шағын орталықтарындағы кезектер, балалардың электрондық жеке іс-құжаттары осы портал арқылы жүзеге асырылады.

Ауданның білім бөліміне қарасты 24 мектепте 2 986 оқушы бар. Мектепалды даярлық сыныптарында 304 бала тәрбиеленуде. Алайда, кей ауылдық округтерде бала саны «Білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативіне» сәйкес келмей отыр. Бала санының төмендеуіне байланысты М.Ержанов, Ортадересін ЖББО, Айыртас, Абай негізгі орта мектебінің статустары өзгереді. Соған сәйкес 10-11 сынып оқушылары үшін мектеп-интернаттары қарастырылған. Мектебі жоқ елдімекен балаларын оқумен қамту үшін ауданы бойынша Сарышаған кенті, Ә.Бөкейхан атындағы ЖББО, Абай негізгі орта мектептерінде мектеп жанындағы интернаттар жұмыс жасайды. Бүгінгі күні интернаттарда 52 бала тәрбиеленуде. Интернат оқушыларын үйлеріне апарып, алып келу үшін 2 мектеп шағын автобуспен қамтамасыз етілсе, Абай негізгі мектебіне автобус алу жоспарланып, бюджеттік өтінімге енгізілді.

Инклюзивтік білім – қажеттілік

Ақтоғай ауданы білім саласының 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасындағы нысаналы индикаторлардың бірі инклюзивтік білім беру үшін жағдай жасау. Ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалар ПМПК-ның ұсыныс қорытындысы бойынша анықталып сол балалармен жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда ауданның жалпы білім беретін 9 мектебінде 31 оқушыны инклюзивтік оқыту жүзеге асырылуда. Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының «Жалпы білім беретін мектептерде инклюзивтік білім беру» облыстық жобасын іске асыру мақсатында ауданның балабақшалары мен мектептерінде инклюзивтік білім беруді енгізу бойынша тағылымдық алаң құрылды. Оған ауданның барлық мектептері және мектепке дейінгі білім беру ұйымдары бекітілді.

Сондай-ақ, мектептерде түзету (коррекциялық) кабинеттері ашылды. Түзету кабинетінде 18 бала оқиды. Онда логопед, психолог, әлеуметтік педагог мамандары жұмыс жүргізеді. Кабинетте баланың психикалық дамуын жетілдіру, әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ету, танымдық процестерін дамыту үшін арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталған. Алдағы уақытта аудан басындағы «Аққыз» бөбекжай балабақшасынан коррекциялық кабинет ашылатын болады.

Үйірменің үйретері көп

Баланың жан-жақты сауатты, салауатты, өнерлі де талапты болып қалыптасуына үйірменің үйретері көп. Қолы қалт еткенде пайдалы іспен шұғылданса, өзі үшін де, ата-анасы үшін де қажет. Бұл ретте аудандық «Балалар өнер мектебінде» 378 оқушы қосымша білім алуда. Жыл басынан бастап «Ұстазым – ұлағатым», «Арайлы алтын күз», «Өнерім – менің өмірім», «Абай салған дара жол» атты халықаралық, республикалық балалар мен жасөспірімдер арасында қашықтан өткен байқауда оқушыларымыз жүлделі орындардан көрінді. Халықаралық «Istanbul – Turquoise» байқауына вокал сыныбы оқушысы Есімхан Шұғыла бас жүлде иеленіп, 2021-2022 жылы Түркияда Ұлттар арасында өтетін фестивальге жолдама алды.

Білікті кадр – білімді ұрпақ тәрбиелейді

Жалпы, ауданның білім беру саласында 666 педагог қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 519- ы жоғары, 147-сі арнаулы орта білімді. Жоғары және бірінші санатты мұғалімдердің үлесі 56 пайызды құрап отыр. 2020-2021 оқу жылында аудан бойынша «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығынан – 52 педагог екі апталық біліктілік арттыру курсынан өтті. Өрлеу біліктілікті арттыру орталығының жылдық жоспарына сәйкес ауданның білім беру ұйымдарынан уақыты келген педагогтар уақытылы курстарға жіберіліп отырады. Қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бойынша барлық педагогтар қашықтан, яғни онлайн түрінде курстарға қатысуда. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 2020-2021 оқу жылында 28 жас маманның 12-сі 277 мың 800 теңгеден көтерме жәрдемақы, 9 жас маман жеңілдетілген пайызбен тұрғын үйге несие алды. Алайда, ауданда жекелеген пәндер бойынша әлі де кадр жетіспейді. Қазіргі таңда барлық білім беру ұйымдарының директорлары Қарағанды мемлекеттік университетіне білім бөлімі арқылы қажетті мамандар бойынша сұраныстар берілген. Білім бөлімі тарапынан жетіспейтін кадрлар бойынша Қарағанды, Балқаш қалаларының оқу орындарымен тығыз байланыста.

Жаңартылған білім болашақ кепілі

Жаңартылған білім берудің мазмұнын игеру, мұғалімнің шығармашылық шеберлігіне байланысты. Оқушыға білім берумен бірге оны білікті түрде қолдана алуына, ақыл-ой қабілетін дамытуға, әрекет нәтижесінде белгілі тұжырым жасай алуға үйрету басты мұрат болып табылады. Қарағанды облысы білім басқармасы және білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап ауданның білім беру ұйымдарында оқушылардың білім сапасын дамыту мақсатында «Зейін» жобасы жүзеге асырылуда. 2020-2021 оқу жылының республикалық пән олимпиадасының облыстық кезеңінде Ақтоғай ауданының оқушылары жалпы командалық жүлделі ІІІ орын иеленді. Бүгінгі күнгі білім беру саласындағы басты міндеті – білім сапасын, функционалдық сауаттылықты арттыру екені белгілі. Облыстық оқу-әдістемелік кабинеттің басшылығымен өтіп жатқан «XXI ғасыр – сауатты ұрпақ ғасыры» атты пәндік апталықтардың мақсаты да осы.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы бойынша жергілікті бюджет қаражаты есебінен 3 жоба облыстық реестрге енгізілген. Олар: 2018 жылы Ә.Ермеков атындағы мектеп жанынан жазғы палаткалық лагерь ашылды. Ақтоғай ауданында «Цифрлық Қазақстан» жобасын іске асыру мақсатында білім берудің жаңа жүйесі аясында мұғалімдерге семинарлар, курстар мен мастер-кластар, дөңгелек үстелдер өткізу арқылы кәсіби көмектер көрсетіледі. Сабақтан тыс уақытта балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ауданымызда «Қосымша білім беру» орталығы ашылды.

«Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім». Қорыта айтқанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған Жолдауының басты бағытының бірі осы білім саласы. Рухани, мәдени саламыздың нығаюына, адами қасиеттердің жоғарылауына, жеке адамның сапалық ерекшелігінің өрлеуіне білімнің ғана құдіреті жететіні күннен-күнге айқындалып келеді.

Сейіл ЖҮНІСОВ,

Ақтоғай аудандық білім бөлімінің басшысы.

АҚТОҒАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button