Жаңалықтар

Сандық әлем: болашақ арифметикасына бағдар

      Әлемдік өркениетпен бірге төртінші – өнеркәсіптік революцияға аяқ басқан Қазақстан тарихында Теміртау қаласындағы Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университетінің алар орны ерекше. Бүгінгі күнге дейін осы оқу орнын бітірген 25 мыңға жуық түлек еліміздің әр түрлі саласында еңбек етіп,  еліміздің экономикасын өркендетуге үлес қосуда.

1967 жылғы алтын түлектердің 50 жылдық мерейтойына арналған «Қазақстанның үшінші жағыруы – жаңа тұжырымдамалар мен заманауи шешімдер» атты ІХ Халықаралық  ғылыми-тәжірибелік конференцияның да аталмыш университет қабырғасында өтуі тегін емес. Себебі, алтын түлектер қатарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ бар.

Конференция аясында ғылымның болашақтағы бағыттары мен оны еліміздің металлургиялық кешенін дамытуға арналған өндіріспен ықпалдастыру мәселелері талқыланды. Ал, негізгі міндет – техника және технология саласындағы мамандардың кәсіби құзыреттілік сапасын арттыру мен «Индустрия 4.0» элементтерін жүзеге асыру үшін инженерлерді дайындаудағы шешімдерді іздестіру болды.

Университет шетелдік қонақтарды да қарсы алды. Олардың қатарында Астрахань мемлекеттік университетінің агробизнес, технология және ветеринария факультетінің деканы, профессор, Халықаралық инвестициялар және құрылыс экономикасы академиясының толық мүшесі Р.Арықбаев, Қалмақ мемлекеттік университетінің ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор А.Натыров, «Мәскеу болат және қорытпа институты» ұлттық зерттеу университетінің Угаров атындағы Старооскол технологиялық институтының гуманитарлық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі, профессор З.Мухин және Spraying Systems Manufacturing Europe GmbH (Германия) сату жөніндегі менеджері В.Кн­я­зихин болды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев қатысты. Жиынды аймақ басшысы Е.Қошанов жүргізіп отырды.

Ерлан ҚОШАНОВ, облыс әкімі:

– Барлығымыз үшін бүгінгі кон­ференция маңызды. Оның осы ғимартта өткізілуінің де себебі бар. Осыдан 50 жыл бұрын аталмыш оқу орнын еліміздің Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев аяқтаған болатын. Елбасының биографиясында Қарағанды облысының алар орны ерекше. Бұл – біз үшін мақтанышпен айтатын мәселенің бірі. Қарағанды металлургия институты құрылғаннан бері 25 мыңға жуық түлек осы университетті бітіріпті. Олар бүгінде отандық экономиканы дамытуда, мемлекеттік қызметте, жетекші салаларда табысты еңбек етуде. Егемендіктің бастауында тұрғандар да – осы университет түлектері.

Елбасымыз Үшінші жаңғыруды ең алғаш жариялағанда әлемнің қарқынды түрде өзгеріп келе жатқандығын, Қазақстанды өсіп-өркендеген елге айналдыру үшін біз өзгеруіміз керектігін айтқан болатын. Ал, өзгеру үшін, жаңғыру үшін не керек? Қандай жаңа тұжырымдамалар ұсына аламыз? Қандай заманауи шешімдер қабылдаймыз? Осы мәселенің барлығы бүгінгі конференцияда талқыланатын болады.

Конференция жұмысына арнайы келген Ерлан Сағадиев Елбасының конференцияға қатысушыларға арналған құттықтауын оқыды:

«Құрметті конференцияға қатысушылар! Сіздерді университетті осыдан 50 жыл бұрын бітірген азамматарға арналып өтіп жатқан конференцияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Осыдан жарты ғасыр бұрын осы оқу орнын бітірген студенттер қатарында өзімнің болғанымды мен мақтанышпен еске аламын. Содан бері университет мыңдаған инженер маман дайындады. Олар тау-кен саласын дамытуға үлес қосып, еңбек етуде. Арасынан білікті мамандар шығып, елге танылды. Қазір университет алдына үлкен міндеттер қойылып отыр. Елімізде заман талабына сай күрделі индустрия бағдарламасы жүзеге асуда. Сондықтан, бүгінгі конференцияда Қазақстанды үшінші жаңғырту бойынша жақсы ойлар айтылып, нақты ұсыныстар болады деп ойлаймын. Конференция жұмысы табысты болсын!»

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры Төлеутай Сүлейменов осыдан 50 жыл бұрын металлургия мектебінде шыңдалып, түлеп ұшқан жігерлі жас металлургтер қатарында мемлекет басшысы Н.Назарбаевпен бірге өзінің де болғанын мақтанышпен еске алады. Біріншіден –  үлгерімі мен сабаққа қатысуы жақсы, екіншіден – теміртаулық шынайы металлургтер жиналған, үшіншіден – қоғам өміріне белсене араласып, үнемі жасампаздық танытатын топ ішінде болған Н.Назарбаев Хельсинкидегі жастар фестиваліне қатысып, шетелдік жастармен бірге Ю.Гагаринмен кездесіп, сол кездің өзінде белсенділік танытқан. Елбасының екінші Отанына айналған Теміртау қаласына деген пейілі ерекше Т.Сүлейменов аз уақыттың ішінде мемлекетімізді жетекші елдердің қатарына көтеру Н.Назарбаевтың еңбегінің нәтижесі дейді.

Ал, Мемлекет басшысының серіктесі, Қазақстан Республикасының ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлығы иегері Қабидолла Сарекенов конференцияға үш тілде шығарылған «Компьютерное моделирование процессов домненной плавки» деген кітап ала келіпті. Домналық балқыту материалдары, қоқыстардың физикалық-химиялық қасиеттері және басқасы туралы айтылатын кітапты облыс әкімі Е.Қошанов пен университет ректоры Б.Жәутіковке сыйлады. Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университетінің бірегей оқу ордасы екенін айтып, оқу орнына ақ тілегін білдірді.

«Арселор Миттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басин конференцияға қатысушы Елбасы серіктестеріне денсаулық тілеп, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ның жаңғыртылған балқыту пештері бүкіл әлем бойынша үздік домна пештерінің тобына кіретінін айтады. Өнеркәсіп қызметкерлерінің қатарын құраған Қарағанды индустриалдық университетінде өткізілген конференция жұмысы технология мен жабдықты жетілдіруге, техника мен білімнің, өндірістің  дамуына ықпал етеді деген сенімін білдірді.

«Сандық технологияны кеңінен қолдану» тақырыбында баяндама оқыған Қазақ Инфокоммуникация академиясының Президенті, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің радиотехника, электроника және телекоммуникация кафедрасының меңгерушісі Шахмаран Сейілов экономиканың барлық секторында сандық технологияларды қолданатын боламыз дейді. Сонымен қатар, елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторларды атап көрсетеді. Мәселен, мектептердегі интернет, оның бағасы бойынша қолжетімділігі және тұрғындардың компьютерлік сауаттылығы бойынша Қазақстан әлем бойынша 52-ші орында.

Жыл сайын артып келе жатқан ақпараттық қоғам индексі бүгінгі таңда алға тағы түрлі проблемаларды тартады. Ең бастысы – ауылдық жерлердегі мектептердің интернетпен қамтылмауы. Демек, мемлекет ұсынған «Сандық Қазақстан-2020» бағдарламасын жүзеге асыруда бірінші ауыл мектептерін кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету қажет. Бұл орайда спутниктік технологияны қолдануда үлкен жұмыстар атқарылып жатқандығын да айта кету керек.

Мектептердегі білім беру процесінің консервативтілігі де шынайы уақыт талабына сәйкес келе бермейді. Осы орайда, Ш.Сейілов мектепте оқытылатын информатика сабағы «Сандық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде сәйкес келмеуіне байланысты «Информатика +» пәнін енгізуге ұсыныс білдірді. Жасанды интеллект, бағдарламалау негіздері, робототехниканы оқыту Қарағанды облысы мектептерінде пилоттық жоба ретінде енгізілген және жұмыстар жалғастырылуда.

«Ал, ата жұртымыздың санасын, жалпыұлттық рухани кодымызды жаңаша жаңғыртуға жол ашқан, мың өліп, мың тірілген қазақ болмысына жаңаша бағдарлама ұсынған ҚР Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында эволюциялық дамуға бағыттап қана қоймай, нақты шаралар жиынтығы ұсынылған», – дейді «Тұран-Астана» университетінің профессоры Нұркен Мырзаханов «Табиғат заңы – шектеу» атты баяндамасында баяғы номадтар құндылығын жаңа номадтар құндылығына үйлестіруге болатынына көз жеткізу – жаңа технологиялық өзгерістерді байыпты пәлсапалау арқылы жаңа номадтар формуласын айқындау болып табылады. Ол үшін байсалды, өмір сүріп, қанағат тұрғысынан қарауды басшылыққа алуды ұсынады. «Өсу керек, өркендеу керек, бірақ, шектеу болуы керек», – дейді профессор.

Конференция жұмысының қорытындысы бойынша инновациялық және ғылыми технологияларды әзірлеу, металлургия саласындағы наноматериалдар, экология және қоршаған ортаны қорғау, бәсекеге қабілетті мамандар дайындау сапасын арттыру   бойынша алыс және жақын шетелдердің жетекші ғалымдары мен мамандарының материалдары енгізілген жинақ шығарылды.

Айта кеткен жөн, конференция барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы академиясы, Cisco Желілік академиясының аймақтық орталығы, 3D инжиниринг фабрикасының лабораториясы мен Коммерциялау кеңсесінің «Рухани жаңғыру» кеңсесі ашылды.

Салтанат ИЛЬЯШОВА.

Суреттерді түсірген:

Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button