Сананы жаңғырту тарихтан басталады

Әлемде «халықты құртқың келсе, оның тарихын құрту керек, тарихын білмеген халық тобырға айналады» деген аспект қалыптасқан. Қазақ халқы жақсы да – жаманды түрлі замандарды бастан кешірді. Барлығы тарих беттерінде жазулы. Оның зерттеуді, талдауды, ашуды қажет ететін ақтаңдақтары да жеткілікті. Сондықтан, төл тарихымызды түлету – бүгінгі күннің басты мәселесі. Осы орайда Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы тарихи санамызды жаңғыртып, өткеніміз арқылы кемел болашаққа жетуге негіз жасайды.

Өткенімізді өшіріп, тарихымыздан тамыр үзіп қалатындай кезеңдердің болғаны ақиқат. Десек те, талай нәубатты көрген қазақтай қайсар халық өз тәуелсіздігінің жылдарында сол ұмыт бола бастаған тарихи сананы жаңғыртуда. Мемлекет басшысы ұйытқы болып, біраз бағдарламалар қабылданып, бұл бағыттағы жұмыстар басталған-ды. Елбасының осы жолғы «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы тарихымызға берілген әділ баға деп білеміз. Осыған дейін айтылып келген дүниелерді ғылыми тұрғыда, дәлелдерге сүйеніп барлық әлемге паш ете аламыз.

Сан ғасырлық тарихты жүйелеу әрине, бір күндік жұмыс емес. Бұл жауапты міндетті ертеңгі уақыт еншісіне қалдырмай, бүгін бастауымыз аса маңызды. Олай болмаған жағдайда тарихи санасы қалыптаспаған, ұлттық иммунитеті әлсіз ұлттың жаһандану заманында өз болмысын жоғалтып алуы кәдік. Осы аталған шаруаларды қолға алу арқылы қазіргі жаһандану үрдісіне де өз тарихымызбен еніп, өскелең ұрпаққа бай тарихи мұрамызды қалдыра аламыз. Бұл ретте Мемлекет басшысы жұмыс жүргізу бағыттарын да айқындап берді. «Архив-2025» бағдарламасының маңызы айтпасада белгілі. Себебі, ұлтымыздың ұлылығын дәлелдейтін деректер мен тарихи тың материялдар шаң басқан архивтермен ұлы тұлғалардың еңбектерінде екені ақиқат. «Ұлы Даланың ұлы есімдері» және «Ұлы Дала тұлғалары» сынды жобаларды осы мақсатқа жетудің арқауы деуге болады. Мақалада көзделген мақсаттарды жүзеге асыру жолындағы атқаратын рөлін ерекше деп, санауға болады.

Қазақ халқының мәдениеті – әлемдік мәдениеттің ажырамас бір бөлігі. Түркі мәдениеті, ислам мәдениеті, көшпелі мәдениеттердің орталығы саналған қазақ даласының құдіреті мен қасиетін бүгінгі жастардың санасына сіңіруіміз керек. Халық санасын жаңғырту арқылы алға қойған мақсаттарға оңай қол жеткіземіз. Бұл орайда ұлттық және тарихи сана-сезім басты алғышартымыз болуы керек.

Алтай БОЖҚАРАҰЛЫ,

ҚарМУ-дың заң факультетінің конституциялық және халықаралық құқық кафедрасының меңгерушісі.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.