Ресми

Салдармен емес, себеппен күресу керек

Күн суытып, қыстың ызғары сезіле бастағанда облыстың төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де қарбалас жұмысқа кіріседі. Атап айтсақ, тұрғын үй секторындағы өрттің санын азайту, салдарынан адамдардың қаза табуы және жарақат алуын болдырмау мақсатында үгіт-насихат, алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Мәселен, деректерге сүйенсек, облыста 2022-2023 жылғы жылыту кезеңінде жер үйден 237 өрт шығып, 29 адам қаза тапқан. Олардың ішінде балалар да бар. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстың төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, полковник Мұрат Қатпанов мәлімдеді.

Алдын алу маңызды

Департамент бастығы профилактикалық жұмыс халықтың әлеуметтік осал тобына жататындардың, сондай-ақ, өрт тудыру қаупі болуы мүмкін деген адамдардың тұрғын үйлерін қамтитынын айтады. Нақтыласақ, жыл басынан 76 мыңға жуық ауланы аралап, 227 мыңнан астам адамға нұсқау берілген.

– Халықты барынша қамту үшін бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндіктерін пайдаланамыз. Одан бөлек, интернет-ресурстарда, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша ақпарат орналастырылады. Облыстың елді мекендерінде орнатылған LEDэкрандарда өртке қарсы тақырыптағы бейнероликтер көрсетіледі. 15 тамыз бен 4 қазан аралығында бұқаралық ақпарат құралдарында өрт қауіпсіздігі, пешті орнату және пайдалану, жылыту кезеңіндегі өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша 198 материал орналастырылды, – дейді Мұрат Қасенұлы.

Департамент басшысы алдын алу жұмыстарымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың деректері негізінде халықтың әлеуметтік осал топтарының, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың, зейнеткерлер мен мүгедектердің тұрғын үй тізімі түзілетінін да айтады. Мысалы, биыл есепке 5811 үй алынған. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 729 үйге артық.

Алдын алу жұмыстарынан бөлек, департамент мамандары жергілікті полиция қызметі, әкімдік қызметкерлері, әлеуметтік қорғау және еріктілермен бірлесіп, қажетті көмекті айқындау тұрғысынан халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерін де аралайды. Нәтижесінде, 115 үй өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны анықталған.

– Жылыту кезеңінің басынан жеке тұрғын үйлерде өрт хабарлағыштары мен улы газ датчиктерін орнату, сондай-ақ жылыту және электрмен жабдықтау жүйелеріне жөндеу жүргізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, биылғы жылдың басынан 113 датчик орнатылса, 2018 жылдан 3677 датчик орнатылды, – дейді Мұрат Қатпанов.

Пештен қауіп мол

2023 жылдың басынан облыс аумағында 507 өрт болса, оның 297-сі – жеке тұрғын үй секторында болған. Ал, өрттің негізгі себебі – электр жабдықтары мен тұрмыстық электр аспаптарын дұрыс пайдаланбау, пеш жаққанда өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу. Департамент басшысы ұсынған деректерге сүйенсек, 2022-2023 жылдардағы жылыту кезеңінде тұрғын үй секторында 237 өрт шыққан. Бұл жерде материалдық шығыннан бөлек, адам шығынының болғанын да айту керек. Сәйкесінше, Мұрат Қатпанов жер үйдегілерді жылыту маусымы алдында уақытылы пештерін дайындап, жыртық-тесік жерлері болса бітеп, кемі үш ай сайын пешті күлдеп отыру қажеттігін айтады.

– Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажет. Ережені сақтау арқылы кез келген бақытсыздықтың алдын алуға болады. Кез келген жағдайда сөндірілмеген темекі қалдыруға, бір желіге бірнеше электр құрылғыларын қосуға болмайды. Одан бөлек, үйде жасалған электр жылыту құралдарын пайдалану да қауіп тудырады. Тіпті, пешті қатты қыздыруға да болмайды, – дейді департамент басшысы.

Көгілдір отын көсегені көгертеді

49 000 шақырымнан астам газ тарату желісін пайдаланатын, елдің газдандырылған 14 өңірінде 11 млн. тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз ететін ірі газ тарату ұйымы – «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының Қарағанды өндірістік филиалы директорының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Асфат Олжабаев келтірген деректер бойынша пештен келетін қауіптен құтылуға сәл қалды.

Бүгінде облыс орталығында 170,2 шақырым газ құбыры пайдалануға берілген. Қаланың Михайлов ауданында 4 166 жеке тұрғын үй көгілдір отынға қол жеткізді. Табиғи газдан Теміртау да кенде қалмаған. Оларға әзірге бұйырғаны – 65,6 шақырым газ құбыры. Биыл жыл соңына дейін Жаңа қаладағы тарату желілеріне газ жіберу де жоспарда.

– 2023-2024 жылдары күзгі және қысқы кезеңде тұтынушыларды үздіксіз және апатсыз газбен жабдықтау мақсатында филиалымыз кезекті жөндеу жұмыстарын жүргізіп, құбыр арматураларын техникалық тексерістен өткізді. Сондай-ақ, 1 қыркүйекте энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы жергілікті атқарушы органдардың келісімімен күзгі-қысқы кезеңде газды пайдалануға дайындық паспорты бекітілді, – дейді Асфат Олжабаев.

Филиал қызметкерлері жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында қарап қалып жатқан жоқ. Яғни, халыққа газды қауіпсіз пайдалану қағидаларын түсіндіріп бағуда. Мысалы, Теміртауда – 12, Қарағандыда 15 жиын өткізген. Одан бөлек, жадынамалар таратылған.

Алдын алу жұмыстарының күшейтілгеніне қарамастан, жазатайым оқиғалар да жоқ емес. Жылыту кезеңіндегі жазатайым оқиғаларды талдау көрсеткендей, 2021-2022 жылдары 69 адам зардап шегіп, 34-і қайтыс болса, 2022-2023 жылдары 179 адам зардап шегіп, 56-сы қайтыс болған.

Айта кету керек, 16 кешеннен тұратын Қарағанды қаласын газдандыру жобасының 2 кешені іске қосылып, «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының Қарағанды өндірістік филиалына пайдалануға берілген. Биыл 3-кешен беріледі деп күтілуде. Жобаның өзі 2030 жылы толық жүзеге аспақ. Антимонополия органының газдың әр текше метріне бекіткен бағасы – 39 теңге.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button