Медицина

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Нұра ауданында болып қайтты

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы жақында Нұра ауданында болып қайтты. Пойыз жолы бар Шұбаркөл кентінің тұрғындары ғана емес, сонымен бірге, Баршын, Тікенекті, Талдысай, Соналы, Жанбөбек, Құланөтпес сынды ауылдардың тұрғындары да тегін медициналық көмек алды.

«Саламатты Қазақстан» – «Медициналық пойыздар» қайырымдылық жобасының бір бөлігі. Шалғай стансалар мен оған жақын жердегі ауыл тұрғындарын тегін медициналық тексеру және диагностикалау мақсатында қолға алынған жоба елді тұтас аралап шығады. Биыл пойыз облыстың Нұра ауданына тоқтады. Екі күнде жергілікті тұрғындар терапевт, стоматолог, офтальмолог, ЛОР, хирург, уролог, невролог және басқа да бейіндік мамандардың қабылдауынан өтті.

– Менің төрт балам бар, – дейді Шұбаркөл кентінің тұрғыны Жанна Мейрамова. – Барлығымыз да тексеруден өтіп алдық. Балаларды ЛОР, стоматолог пен хирургке көрсеттім. Бәрін түсіндіріп берді. Мамандары білікті екен. Мұндай пойыз жыл сайын келсе, жақсы болар еді.

 

Пойызда заманауи диагностикалық және емдеу жабдықтары, УДЗ, флюорография, өз зертханасы бар. Сондай-ақ, медициналық көмектен бөлек, заңгер мен медиатор бар.

– Медициналық пойыз туралы тұрғындарға алдын ала айтылды. Сондықтан, олар өздері жиналды. Денсаулығына байланысты келе алмайтындарын біз аурухананың жедел жәрдем көлігімен тасымалдадық. Жеткізуге аудандық әкім­дік­те көмектесті. Бейінді мамандары көп. Кардиолог жүрекке УДЗ да жасады. Бұрыннан созылмалы аурулары бар тұрғындарға ем жазып берді. Жаңадан анықталғандарды тиісті тексеруден өткізді. Әрі қарай тексерілуі үшін біз де жолдама береміз, – дейді Нұра аудандық ауруханасы директорының емдеу ісі бойынша орынбасары Зинат Балтабаева.

Оның айтуынша, екі күнде 110 адам қажетті медициналық көмек алған.

– Мұндай пойыз шалғайдағы ауылдағылар үшін өте қолайлы. Екі күнде көптеген адам қажетті көмек, емін, дәрі-дәрмекке рецептін алды. Балаларын тексеруден өткізгендер де қаншама. Мектептің алдында медициналық тексеру қажет, – дейді ауыл тұрғыны Баян Өтебаева.

 

«Саламатты Қазақстан» пойызы 26 сәуірде жолға шыққан. 6 желтоқсанға дейін 17 мыңнан астам шақырым жүріп өтіп, 121 стансаға тоқтайды. Енді кесте бойынша республиканың батысы мен оңтүстігіне барады.

Аталған жоба 2010 жылы қолға алынғанын да айта кету керек. 2016 жылдан бері жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компания­лар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қолдап келеді.

Пойыз жолға шыққан 26 сәуірден бастап 17 шілдеге дейін 47 шалғай стансаларға барып, 27 мыңнан астам адамға медициналық көмек көрсетті. Оның алты мыңнан астамы – балалар. Сонымен қатар, екі мыңға жуық ауыл тұрғыны заңгерлік кеңес алды.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button