Бас тақырып

Салғырттық сан соқтырмасын

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дабыл қағуда. Себеп – белең алған вирустық аурулар. Өткен жылдан бері Еуропаның 40 мыңнан астам тұрғыны қызылша жұқтырыпты. Бұл жайт біздің елді де айналып өткен жоқ. Ресми мәліметтерге сүйенсек, еліміз бойынша қызылшамен ауырған 943 жағдай тіркелген. Оның 57%-ы екпе егілмеген балалар, 27%-ы медициналық көрсеткіштер бойынша екпеге тыйым салынған балалар және қалған 12%-ы екпеден бас тартқандар екен. Ал, мамандар болса, вирус алдағы мамыр айына дейін жалғасады деп болжап отыр.  

Ұжымдық иммунитет – басты қажеттілік

Біздің аймақта бүгінгі күні 13 адам қызылша жұқтырған. Олардың дені – бір жасқа толмаған балалар.

– Дертке шалдыққандардың барлығы сырқатты сырттан жұқтырғаны белгілі болды. Қазір қызылша, әсіресе, Астана қаласында кең таралған. Бұған халықтың көшіп-қонуы да әсер етпей қоймайды. Сондықтан, ендігі уақытта екпені 1 жастан емес 9 айдан бастаймыз. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымы, – дейді облыстағы қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің басшысы Бибігүл Төлегенова.

Маман ақпан айының басынан екпе жасауды бастау үшін 9-12 айлық балалар мен – 20-29 жас аралығын дағы жастардың санын есептеп, ұсыныстың Денсаулық сақтау министрлігіне жіберілгенін атап өтті.

Кішкентай балаларда ауруға қарсы иммунитет әлі қалыптасып үлгерген жоқ. Ал, жастарға не үшін екпе жасайды десеңіз, мәселе осы иммунитетте екен. Қызылшаға жасалатын вакцина анасынан баласына берілетін күшке ие. Анасына кезінде екпе салынса, баласына да пайдасы тиетін көрінеді. Алмаған болса, қайта жасау міндетті.

– Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары вакцина тапшы болды, болған күннің өзінде талапқа сай сақталмады. Сондықтан, сол кезеңде екпе алдық дегендердің өзі де ауырған жағдайлар кездесті. Кейбіреулері егілген, не егілмегенін білмейді. Екпе картасы жоқ. Ондай дүдәмал жағдайда екпе жасалады,– дейді Бибігүл Райханқызы.

Қоғамдық иммунитет қалыптаспаса, ауырғандар арта беретіндігін ескертті маман.

Бұл жолғы вирус өзгеше

Қызылшаның алғашқы белгілері тұмау, жедел респираторлық вирустық ауруларға ұқсайды. Дене қызуы көтеріледі, көз қабынады, жөтел пайда болады. Сол себепті де көпшілік өздігінше ем қабылдай бастайды. 3-4 күннен кейін әуелі бет пен мойынға, одан соң бүкіл денеге бөртпе шығады. Бөртпе қызылша екенін білдіретін негізгі белгі болуы тиіс дейді мамандар.

– Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі жыл сайын орын алуы мүмкін деген ауру түрлеріне зерттеу жүргізіп, болжам жасайды.

Биыл вирустың «D8» және «B3» деген штамдары таралуда. Олар агрессиялық сипатқа ие, яғни, емделуі қиындау, өкпені қабындыру ықтималдығы жоғары. Сондықтан, біз барлық емханалар мен ауруханалардағы учаскелік дәрігерлерді алғашқы медициналық көмек көрсететін мамандардың баса назар аударуы тиіс белгілері арнайы оқу курстары мен семинарларда оқыттық, – дейді Бибігүл Төлегенова.

Сырқат адамның дертті он шақты сау адамға жұқтыру қаупі бар. Мұндай қатерлі дерттің дауасы тек вакцина деуден талмайды дәрігерлер.

Екпеге сенім неге азайған?

Вакцинация дұрыс жасалмаған сол кезеңнің олқылықтарының салдарын қазір тартып отырмыз. Қоғамда екпе десе шошып, одан бас тартушылар көбейіп келеді. Олардың айтар уәждері де әртүрлі. Осы мәселеге қатысты Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген зертеудің нәтижесі алаңдатады. Баласына вакцина жасатпаған ата-аналардың 51%-ы оның маңызын білмейді, 31%-ы діни көзқарастарына байланысты екпеден бас тартқан, 6%-ы бұқаралық ақпарат құралдары не болмаса интернеттен түрлі жайттарды оқып, вакцинаға қарсылық танытушылар екен.

Екпенің кез келген түріне қарсы ата-аналардың бірі – Динара Смайылова. Ол – төрт баланың анасы. Осыдан он үш жыл бұрын екпе алған үлкен қызы қатты ауырғаннан кейін екпеге деген сенімін жоғалтыпты.

– Алғаш ана атанғанымда дәрігерлердің барлық кеңестерін орындадым. АКДС екпесінен кейін қызым талып қалады. Екінші баламның да лимфалық түйіндері ісіп кетті. Балаларымда аллергиялық кері әсер болды, оны тексерген ешкім жоқ. Одан кейін екпенің барлық түрінен саналы түрде бас тарттым. Екпенің құрамында не барын білмейміз, дәрігерлерден сұрасаң, олар да толық жауап бере алмайды. Балаларымның иммунитетін көтеру үшін қара зере майын беремін. Көпшілік орындарға бармаймыз, сол себепті де балаларым ауырып қалады деп қорықпаймын,– дейді ол.

Біз тілдескен қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің басшысы Бибігүл Төлегенова бас тартарындар облыс бойынша 5 мың адамның шамасында екенін, жалпы вакцинамен қамтылу өткен жылы 96%-ды құрағанын тілге тиек етті. Мәселен, қаладағы №3 емханада 183 адам бас тартқан.

– Емханада барлығы 30099 вакцина салынды. Оның 7 мыңы тұмауға қарсы екпе. Бас тартқан адамдардың айтар уәжі әртүрлі. Негізінен екпеге сенімсіздік, дұрыс ақпараттанбау және діни көзқарасты атап өтуге болады,– дейді №3 емхананың алдын алу және психологиялық көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі Ербол Дюсекенов.

Дінді желеу ету – негізсіз

– Дертті жаратқан Алла оның шипасын да береді, – дейді Әнет баба атындағы орталық мешіттің найб имамы Ысқақ Әбдірахманов. – Дінде екпеге қарсы ештеңе айтылмаған. Әрине, құрамына шошқаның майы, спирт сынды заттар қосылмаса болғаны. Денсаулықты сақтау қажет. Ол – Аланың аманаты. Аманатқа қиянат жасамай, ауырса емдеу қажет. Сәби дүниеге келген бойда оның таңдайына құрма жағады, бұл «тахник» деп аталады. Ол баланың иммунитетін қалыптастыруға негіз болады. Жалпы, екпеге қарсы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арнайы пәтуа қабылдаған.

Десе де интернет бетінде екпеге қарсы ашықтан ашық пікір айтып жүргендерді кездестіруге болады. Сонда олар Меккеге қажылыққа баратындарды екпе алуға міндеттейтіндігін қалайшы білмей қалды деп ойлайсыз. Қажылыққа сапарлайтындар менингит пен тұмауға қарсы мерзімді екпелерді салдыртады, «қатер тобында» тұрған елдерден келетін азаматтарға полиомиелит, менингит пен сары безгекке қарсы егілу талабы қойылады.

Бүгінде аймақтағы дін мамандары осы мәселе бойынша дәрігерлермен бірге қосылып кездесулер, әңгіме, семинарларға қатысып жүр екен. Қоғам мүшелеріне дұрыс кеңес айту, діни сауатын ашу – аса маңызды. Мәселен, дінді желеу еткен 20 шақты отбасымен арнайы кездесу ұйымдастырыпты.

Бірлесіп жұмыс жасау туралы мұндай бұйрықты Денсаулық сақтау министрінің өзі шығарыпты. Вакцинадан бас тартушылар қатарының артуына байланысты арнайы іс-шаралар жоспары әзірленген. Өңірлерде денсаулық сақтау ұйымдары, ішкі саясат, дін істері, жастар саясаты, білім басқармалары, салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының орталықтары, діни конфессиялар өкілдерінің қатысуымен консультациялық топтар жұмыс жасауда.

Еуропа алаңдаулы

Еуропада қызылшамен ауырғандар саны жылдағыдан 2-3 есе артқан. Вирус, әсіресе, Румыния мен Италияда тез таралуда. Франция, Ұлыбритания, Германия, Сербия елдерінде, Украинада, сонымен қатар, көршілес Ресей мен Қырғызстан елдерінде осындай жағдай орын алуда.

Аталған ұйым мұның себебін осы елдердегі вакциналау деңгейінің төмендігімен байланыстырады. Жеке бастың құқығы жалпы қоғамдық саулыққа кері әсерін тигізгенін аңдау қиын емес. Бізде де осы тенденция байқалады. Біздің мамандар екпе егудің идеологиясынан айрылып қалғанымызды қынжыла айтады.

Айтқандай, АҚШ-тың ауруды бақылау және профилактика орталығы Қазақстанда қызылшаның таралуына байланысты ескерту жариялапты. Онда «Қазақстанға саяхаттап барушылар қызылшаға қарсы екпе алғанына көзін жеткізуі керек» деп жазылған. Ал, екпе алмағандарға мамандар арнайы вакцина салдыруға кеңес берген.

Орталық бұл ескертуді «қарапайым сақтық шарасы» депті. Біздегі бәзбіреулер Алланың сақтанғанды сақтайтындығын ұмытып, керісінше, діни себептермен бас тартып жатыр. Қазір олар ойларын ашық айтпай, бас тартуын басқаша себептермен негіздейтін болыпты.

Вакцина – қорғаныш

Вакцина арқылы адам баласы инфекцияның 21 түрінен қорғанады екен. Былтыр «А» гепатиті етек жайғанда тек вакцинация дертті тоқтатқан еді. Менингококк инфекциясы да бірнеше қазақстандықтың ажал құшуының себебіне айналған-ды былтыр. Оның да бетін вакцинамен қайтардық. Қазір бұрынғыдай вакцинаға сенбеуге негіз жоқ. Өйткені, елге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі тексерген вакцина ғана әкелінеді. Арнайы термокөліктермен термоконтейнерлерде жеткізіледі. Сақталу талаптары мен мен мерзімдері қатаң қадағаланады. Оның үстіне ел бойынша бірыңғай дистрибютер – «СК Фармация» ЖШС ғана тасымалдайды. Мамандар ең әуелі балалар мен жүкті әйелдерді, науқастармен тікелей байланысатын дәрігерлерді вакцинамен қамтуға көңіл бөледі екен.

Қазіргі таңда H1N1 тұмауын облыстың 19 тұрғыны жұқтырған көрінеді. «Тұмау» деп менсінбей қарап, салдары өлімге апарып соғатынын ескере бермейміз. Мәселен, Грузияда тұмаудан 19 адам көз жұмып, елде карантин жарияланды. Жалпы, карантин жариялау үшін науқастанғандардың саны 1000 адамнан асса, жетіп жатыр.

Түйін

Кезінде Қазақстанның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы берген «Қызылшадан ада» деген сертификаты болған екен. Ендігі жерде «аурудан ада» деген атқа қол жеткізуіміз күмән тудырады. Екпе алмағандар тек өзіне ғана емес, айналасындағыларға да қатер төндіретіндігін есте ұстағандары абзал болар еді. Себебі, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай, «Шын мұсылман – тілімен де, ісімен де өзгеге зиянын тигізбейтіні».

Басқа материалдар

Back to top button