Бұқар жырау

Сағындырған сықпа құрт

     Бір кездері елімізде тұрған отандастарымыздың сартап сағынышын сықпа құрт басып отыр десе, сенер ме едіңіз?! Шет елге қоныс аударған өзге ұлт өкілдері қазақ жерін сағынып, аулақтағы Арқа топырағынан поштамен құрт алдыратынын естіп, біз де елжіредік. Бұқар жырау ауданына қарасты Шешенқара ауылының тұрғыны қолдан құрт жасап, өнімін шетел асырып отыр. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында отағасы Қайырбек АҚБАЕВ пен бармағынан бал тамған Гүлзима МУСИНАНЫҢ шаңырағында біз де болып қайтқан едік.

Еліміз егемендік алған алғашқы жылдар қай отандасымызға болсын оңайға соққан жоқ. Егіндібұлақ өңірінде қол ұстасып, жаңа өмірге аттанған Қайырбек пен Гүлзима да бар қуатын мал шаруашылығы саласына арнап көрген еді. Ауылдан шалғай қыстақ алып, мал басын көбейтуді жолға қояды. Алайда, бұл отбасыға қатысты өмірдің өз жоспары бар екен…

Тағдырдың жазуымен қыздары Назерке мен Нұрилашын, ат ұстары Ерболды алып, қалаға жақын, Шешенқара ауылына көшеді. Қазақтың ұлттық тағамдарын жасайды.

Отағасы Қайырбек – мүгедек балалармен жұмыс істесе, Гүлзима үй шаруасында. Сиырын бағып, картобын егеді. Ақжарқын, қонақжай отбасы өнерге де кенде емес. Ән салады, би билейді. Қазір балаларымен қатар немерелері де сахнаға шығып, көрерменнің көзайымына айналып жүр.

Гүлзиманың негізгі мамандығы – аспаз. Тігіншілігі тағы бар. Құрақ көрпе, түскиіздер, орындық жапқыш, үйге киетін аяқ киім, табақ астына салатын жапқыш, жастықшалар бұл үйде көптеп кездеседі. Бәрі – отанасының қолынан шыққан бұйымдар. Аспазшылығына келетін болсақ, ұннан пісірген тағамдарының өзі үстелге сыймай кетеді. Ал, құрты мен майы, женті мен ірімшігі үлкен сұранысқа ие. Бұл тағамдарды осы ауылда тұрып, Германия сынды шет елдерге қоныс аударған бұрынғы ауылдастары поштамен алдырады екен. Бұдан қала берді, кейіпкеріміз бақ-бақ гүлін жинап, тұмауға қарсы бал да қайнататынын айтады. «Бұл балды балаларым мен немерелерім тұмауратып, ауырып қалғанда шаймен берем. Келесі күні жөтелі басылып, ойнап кетеді» дейді кейіпкеріміз.

Далада қар жатқан Наурыз айында үйінде құрт жасап, кептіріп, Германиядағы тұтынушысына ұсынып жатқан Гүлзиманың еңбегіне қалайша таң қалмайсың? Сап-сары женті, аппақ ірімшігі, айраны мен ашымасы осы шаңыраққа бас сұққан талай жанды тамсантқан. Араға уақыт салып, осы үйдің тағамдарын сағынған адамдар қайта соғып, дәм татып кететін көрінеді.

Құралай АХМЕТОВА.

БҰҚАР ЖЫРАУ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button