Сақтар және «Сақ» сөзі
Бірінші жол: «Сақ» сөзіндегі соңғы «қ» дыбысының «и» және «у» дыбыстарына айналып «сай», «сау» болып өзгеруі қазақ тіліне тән құбылыс. Мысалы, «сай» сөзінің сын есімдік дәл, сәйкес, үйлесімді, лайық деген мағынасы «сақ» сөзінің «сақ етті», «дәл тиді» деген алғашқы мағынасына сәйкес келеді де, ал, дайын, әзір деген мағыналары алшақтай береді. Бірақ, «сай» сөзінің генетикалық негізі «сақ» екендігі көрініп тұр. «Сай» сөзінің зат есімдік бір мағынасы үлкен жыра, аңғар болып табылады. Махмуд Қашқаридің сөздігінде «сай» сөзі тасты жер деп түсіндірілген. Жыра, аңғар деген мағыналардан барып (олардың арнасымен су ағатын болғандықтан) «сай» сөзі ескі түркі тілінде өзен деген де мағына бергендігін байқаймыз.
Ертедегі суға табыну дәстүрінде ата-бабаларымыздың құдіретті сөзі болып табылатын сай (сақ) сөзімен өзенді атауына қосымша себеп болуы мүмкін. Ал, «сау» сөзінің мағынасы бастапқы «сақ» сөзінен алшақтағанмен генетикалық байланысы бар. Кәзіргі қазақ тілінде «сау» сөзінің негізгі екі мағынасы бар. Бірі денсаулықты білдіреді де, екіншісі мал саууды білдіреді.
Екінші жол: «Соқ» сөзінің ұру, періп жіберу мағынасы «сақ» сөзінің мағынасынан онша алшақтамаған. Сонымен қатар «сой» сөзінің де мағынасы қашық емес. М.Қашқаридің сөздігінде «сағ» сөзінің сабау деген де мағынасы бар. Ал, «соу» деп дыбысталатын сөз қазақ тілінде кездеспейді.
Үшінші жол: «Сық» сөзі де «сақ» сөзінің дыбысталуына сәйкес алғашқы мағынасынан алшақтай қоймаған. «Сақ еткізіп» ұрғанда кез келген заттың сығылатыны белгілі, осыған сәйкес «сық» сөзінің мағынасы пайда боғандығы көрініп тұр. Оның үстіне «сақ» сөзі мен «сық» сөзінің дыбысталуы өте жақын. М.Қашқаридың сөздігінде «сығ» сөзінің әсер ету деген мағынасы бар екен. Ал, «сый» сөзі ерекше көрсетілген құрмет, зор қошемет деген мағына білдіреді. Жоғарыда келтіргендеріміз бойынша «сақ» сөзі ақылды, күшті, тапқыр адамдарды бейнелейтінін білеміз. Осы «сақ» (ақылды, тапқыр, күшті) адамдарға құрмет жасалатыны табиғи нәрсе. Содан барып «сақ», «сық» сөздері сәл өзгеріп қазақ тілінде «сый» түріне ауысып сыйлау мағынасына ие болған.
«Сық» сөзінің үшінші түрі «сыу» қазақ тілінде жиі кездеспейді. Солай болса да, сөз жасауда белсенді қатысады. Мысалы, адамсыу, салақсыу сияқты тағы басқа сөздерді қалыптастырғанда қызмет етеді. «Сыу» сөзі жеке түрінде «су» сөзіне айналып кетеді. Сол сияқты судың сып-сып етіп ағуына байланысты, осы дыбысқа еліктеп сып (сүп) сөзіндегі п(б) дыбыстары «у»-ға айналып «су» сөзінің пайда болуы да мүмкін.
Бұл тәсілді де жоққа шығаруға болмайды. Негізі «су» сөзінің үш жасалу жолы да ақылға сиымсыз емес. М.Қашқаридың сөздігінде «су» сөзінің әскер деген мағынасы да бар екен. Соған қарағанда, ертеде «су» сөзімен этносты (мүмкін сақтардың бір тармағын), қауымды, әскерді атаған болуға тиісті.
Төртінші жол: «Сек» сөзі де «Сақ» сөзінің дыбысталуының бір түрі екендігіне көз жеткізу қиын емес. Қазақ тілінде бұл сөз жеке түрінде қолданыла бермейді. Тасты алысқа атып сақ еткізуі үшін адамның секіріп-секіріп алса күш алатыны белгілі. Осыдан барып секек, секіру мағыналары пайда болған. Яғни, ерте кезде «сек» сөзінің «секіру» деген мағынасы болғанға ұқсайды. Өйткені, қазақ тілінде піштірілген еркек қойды «сек» деп атайды. Ал, қойдың ішінде үріккен кезде жақсы секіретіні (секектейтіні) осы сек болып табылады. Ал, «сей» және «сеу» дыбысталу түрлері қазақ тілінде жеке түрінде кезіге қоймағанымен, сөз құрамында кезігіп отырады.
Бесінші жол: «Сұқ» сөзінің дыбысталуы және мағынасы «Сақ» сөзінің алғашқы дыбысталуы мен мағынасынан сәл дыбыстық өзгеріске ұшырап барып («а» дыбысы «ұ» дыбысына өзгеріп барып), пайда болғандығын түсіну қиындық келтірмейді. Бұл сөздің екінші түрі «сұй» қазақ тілінде жеке кездеспейді, бірақ сөз жасауда қолданылады (сұйық, сұйыл т.б.) Үшінші дыбысталу түрі «сұу» да жеке кездеспегенімен сөз жасауда қолданылады. Мысалы, сұуық, сұуат сияқты тағы басқа сөздерді жасауға қатысып тұрған «сұу» сөзін былайша жазуға болады; суық, суат. Сондықтан, бұл талдау бойынша сыу, сұу, су сөздерінің табиғаты бір. Тегі өзіміз талдап отырған «сақ» сөзіне барып тіреледі.
Алтыншы жол: «Сақ» сөзінің жеке өз алдына топ құрайтын бір дыбысталу түрі «Шақ» сөзі қазақ тілінде кеңінен қолданылады. Тіпті, «сақ» бірінші ме, әлде «Шақ» бірінші ме деген ой да туады. Біз үшін бұл маңызды емес. Маңыздысы сол, бұл сөздер өзгеріспен бірін-бірі қайталап тұр.
Жетінші жол: Ал, енді «жақ» сөзіне келетін болсақ (көне мағынасын ғана алып отырмыз).Бұл «сақ» сөзінің өзгерістегі ерекше түрі. Жалпы түріктік «и» дыбысының қазақ тілінің ерекшелігіне байланысты «ж» дыбысына ауысуы заңды десек, қалыптасқан стандарттан шыға алмай біржақты кететін сияқтымыз. Негізі, кәзіргі тіл білімінде қалыптасқан түркі тілінде бірінші «и» болды да, «ж» дыбысы кейін пайда болды деген пікірге әр түрлі көзқараспен илануға бола ма деп ойлаймын. Өйткені, дыбысқа еліктеу теориясына арқа сүйенетін болсақ, «и» дыбысының табиғилығынан гөрі «ж» дыбысының табиғилылығы құлаққа жағып тұр.
Осы жерде айта кететін қызық бір материал бар. Ол Чуваш пен Якут (саха) тілдеріндегі «с» дыбысына қазақ тіліндегі «ж» дыбысының сәйкес келуі. Мәселен, саха тіліндегі С: суал (жол), сир(жер), чуваш тіліндегі С: сұл (жол), сер (жер). «Жақ» (жай) сөзінің көне мағынасы садақ дегенді білдіреді. Бір қызығы, шумерлер садақты «сагдак» деп атаған екен. Сонда байқап отырсақ, «Сақдақ» сөзінен қазақтың «садақ» (сақдақ – саадақ – садақ) сөзінің туындағаны көрініп тұр. Яғни, сақ сөзінің ертеде садақ деген мағынасы болған (сақ еткізетін құрал мағынасында). Сөйтіп, «сақ» сөзі «жақ» болып өзгер- генде садақ деген көне мағынасы сақталған. «Жақ» сөзі «жай» болып өзгергенде де садақ мағынасы сақталып қалған. Ал, «жау» болып өзгергенде бұл жаулардың садақпен атып шабуыл жасайтынына байланысты қас-дұшпан мағынасына ие болған.
Қазақтың «жоқ» сөзі жалпы түріктік «иоқ» сөзінен бұрын болған ба деймін (өз ойым). Өйткені, «жақ» (жай) құралдармен, яғни, садақпен, оқты атып жібергенде жоқ болып кетеді ғой. Ал, «жоқ» сөзі «жақ» сөзінің өзгерген түрі екені көрініп тұр. «Сақ» сөзінің өзгеру динамикасына жатқызуға болатын тағы бір жайды айта кетуге болады. Кез келген дауыссыз дыбыспен аяқталған сөздің соңына дауысты дыбыстың жалғасуға ыңғайлы болуы қай тілде болсын заңды құбылыс. Содан барып, «сақ» сөзінің төмендегідей өзгеру динамикасы қазақ тілінде бар.
сақ – сақа (сақа жігіт, сақа айғыр, асықтың сақасы)
соқ – соқа (соқа басы, жер жыртатын соқа)
сық – сықа (сықа мініп алды)
шақ – шақа (қызыл шақа)
шоқ – шоқы (төбе)
осылар сияқты тағы да басқа сөздер болуға тиісті.
Тіл білімінде сөз тудырудың синтаксистік тәсілі деген түрі бар. Бұл тәсіл бойынша күрделі біріккен, күрделі құрама және күрделі қос сөздер арқылы жаңа сөздер жасалады. Мысалы, жоғарыда келтірілген құрсақ, қорамсақ және малсақ, саусақ, саққұлақ, сайгүлік, сойдауыл (үлкен, ірі), саумал, шоқпар, т.т сөздер күрделі біріккен сөздер болып табылады. Бұлар сақ, сай, сау, сой, шақ сөздерінен жасалынып тұр.
Енді сөз тудырудың морфологиялық тәсіліне көшейік. Бұл тәсілдің ішіндегі (әсіресе түркі тілдерінде) түбір сөздерге аффикстердің жалғануы арқылы сөздердің жасалыну түрі ең өнімдісі болып саналады. Тіл мамандарының мойындауы бойынша түбір сөздерге жалғанатын аффикстер (жұрнақ, жалғау) бір кезде жеке тұрғанда мағыналы сөздер болған. Кәзіргі кезде олардың грамматикалық мағыналары болғанымен жеке тұрғанда мағыналары жоқ деп есептеледі. Біз қарастырып отырған «Сақ» сөзі жоғарыда атап өткеніміздей көп мағынаға ие болған соң, жан-жақты (универсал) сөзге айналып, яғни, құдіретті сөз дәрежесіне жеткен соң сөз жасау, сөз тудыру қабілетіне ие болған. Түбір сөздерге аффикстік түрінде жалғана отырып, түбір сөздерден жаңа мағыналы сөз тудырған немесе белгілі бір бағыттағы мағыналарын күшейтіп (актив түрінде), немесе, керісінше әлсіретіп барып (пассив түрінде) сөз жасаған. Негізі «Сақ» аффиксінің актив тұрғыдағы мәнін бұл сөздің табиғатына сай белсенділікті (күштілікті) білдіретін мағынасымен байланыстыруға болады. Жалпы алғанда сөз жасау кезінде құдіретті сөз дәрежесіне жеткен «Сақ» сөзі активті пассивке, пассивті активке айналдыруға қабілетті болған болуы керек.
Бірінші жағдай. Жоғарыда атап өткен синтаксистік тәсілдегі күрделі-біріккен сөздерге ұқсас. Айырмашылығы, күрделі-біріккен сөздердегі сияқты бірігіп тұрған алғашқы сөздердің мағыналары анық емес, көмескі. Мысалы, «сақ» сөзі арқылы зат есімдік сөздер жасалғанда осы тәсіл кеңінен қолданылады. Қарсақ, борсық, торсық, балшық, бауырсақ сияқты көптеген сөздердің бірігуіне әсер еткен алғашқы мағыналары шындығында күрделі-біріккен сөздердегідей анық емес.
Көне түркі тіліндегі ескерткіштерде де «сақ» сөзі арқылы зат есім жасау кезігіп отырады.
Бағырсақ – бауырлас
Тоңсұқ – таңсық
Тонығсақ – қызметті, шаруалы.
Екінші жағдайға келетін болсақ; қазақ тілінде кішірейткіш мәнді туғызудың өнімді тәсілі – шақ, шек, шік жұрнақтары арқылы болады. Үйшік, көлшік, кимешек, құлыншақ, келіншек т.б. сөздер «сақ» сөзінің варианттары болып саналатын шақ, шек, шік сөздері арқылы (пассив аффикс тұрғыда) жасалып тұр.
Қазақ тілінде есім сөздерден жаңа мағыналы сөз жасаудың бір тәсілі шы, ші жұрнақтары жалғануы арқылы болады. Мысалы; күзетші, тракторшы, малшы, қойшы. Шы, ші жұрнақтарының генезисі туралы тіл мамандарында әртүрлі пікір бар (оларды келтіріп жатпаймыз, бірақ олардың қайсысы болсын құрметке лайық). Біздің ойымызша бұл жұрнақтар шық, шік жұрнақтарындағы «қ», «к» дыбыстарының түсіп қалуынан пайда болған. Мысалы; күзетшік – күзетші – күзетші. Сонда «қойшық» сөзі кішірейту бағытындағы мағынадан басқа, қойға ие адам (немесе қойға құмар адам, қойды жақсы көретін адам) дегенді де білдірген.
«Сақ» қосымшасы арқылы қазақ тілінде сын есім сөздері өнімді жасалады. Мысалы, есім сөздерге «сақ» жұрнағы жалғану арқылы малсақ, саусақ, тамақсау, жеңсек, көңілшек, үйірсек сын есім сөздері туындап тұр.
Етістіктен де сын есім «сақ» жұрнағы арқылы көптеп жасалады. Мысалы, алымсақ, келімсек, сұрамсақ, тілемсек, жарамсақ, мақтаншақ, еріншек, ұялшақ, бықсық, қисық. Орхон-Енисей ескерткіштерінде де «сақ» жұрнағы арқылы сын есім жасалынғаны көзігеді: иылсығ – бай, әулетті. Ал, М.Қашқаридың сөздігінде: «ол ер ол таварсақ – ол адам тауар құмар» және «бу урағұт ол ерсәк – бұл әйел еркек құмар» деген сөйлемдер келтірілген.
Қазақ тілінде «Сақ» сөзі арқылы етістіктер де жасалады. Мысалы, етістіктің қалау райының үшінші жағы «барғысы келді» деген түрде беріледі.
М.Қашқаридің сөздігінде қалау райының бұл түрі былайша берілген: Ол евгә барығсақ ол – оның үйге қайтқысы келеді. Бұл жерде барығсақ – барғысы келеді деген сөз. «Бар» бұйрық етістігіне «ығ» және «сақ» аффикстері жалғанып тұрғанын байқауға болады. Сонда, кәзіргі «сы» аффиксі «сақ» сөзінен туындап тұрғаны дәлелденіп тұр.
Қазақ тіліндегі шартты райдың көпше түрі «біз барсақ» деген тұлғада беріледі. Бұл жерде «барсақ» сөзінің көне тілдегі «барығсақ» сөзіндегі «ығ» аффиксінің түсіп қалуынан кейін пайда болғаны бізді иландырады. Бұл жерде «сақ» сөзі қызмет атқарып тұр. Ал, осы шартты райдың үшінші жағындағы «ол барса», «олар барса» тұлғаларындағы «са» жұрнағының тегі туралы әртүрлі пікірлер бар. Жоғарыда атап өткен М. Қашқари сөздігінде келтірілген етістіктің келер шағының (қалау райы) «барығсақ» тұлғасы қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктерінде де келер шақ тұлғасында сақталған. Мысалы, батыс Қазақстан тұрғындары «баражақ» десе, орталық – солтүстік қазақтары (Қостанай, Торғай аймақтары) «барашақ» дейді.
Бұл жерде тағы бір айта кететін мәселе: қазақтардың жергілікті жердегі сөйлеу ерекшеліктеріне қарай шартты райдың жекеше екінші жағының батыс және солтүстік аймақтарда барсайшы, келсейші болып айтылатын тұлғалары оңтүстік аймақта барсаңшы, келсеңші («й» дыбысы түсіп қалып, «ыңшы», «іңші» аффикстері жалғанып) тұлғаларында кеңінен қолданылады. Кей жерлерде «барсай», «келсей» деп те айтылады. Бұл сөздер барсақ, келсек сөздерінен, яғни «қ, к» дыбыстарының «й» дыбысына айналуынан барып туындағаны көрініп тұр.
Сонымен, бұл келтірген мысалдарымызда да «Сақ» сөзінің өзгеру динамикасындағы түрлері болып табылатын «сай», «сей» сөздері арқылы қазақ тілінде күнделікті қолдана беретін қарапайым сөздер туындай береді екен.
«Сы» және «сі» жұрнақтары арқылы қазақ тілінде есім сөздерден етістік жасалады. Мысалы: шешенсі, адамсы, менменсі, еркінсі т.б. Бұл сөздер тұйық етістік болып саналатын шешенсіу, адамсыу, менменсіу, еркінсіу сөздерінен «у» дыбысы түсіп қалғаннан кейін пайда болып тұр (адамсыу – адамсыы – адамсы) деп айта аламыз.
Сөйтіп, қазақ тілінде есім сөздерден етістік жасайтын «сы» және «сі» жұрнақтарының түп тамыры «Сақ» сөзі екендігіне көзіміз жетті. Қазақ тіліндегі шырай формаларын жасайтын аффикстердің бірі «ша», «ше».
Мысалға: семізше, толықша, арықша, қысқаша. Бұл грамматикалық тәсіл арқылы біз сапа-сынның толық еместігін, бәсеңдігін түсінеміз. Байқап отырсақ, шырайдың ша, ше аффикстері шақ, шек, шық, шік кішірейткіш аффикстермен мәндес екен. Бұл мәндестік осы аффикстермен зат есім жасалынғанда тіпті айқындала түседі. Мысалы, құрықша, таяқша, кітапша т.б.
Енді «Сақ» сөзінің түбір сөз ретінде қаншама сөздердің пайда болуына негіз болатындығын жобамен айта кетейік. Тек қана қазаққа тән дегендерін алатын болсақ «сақ» сөзінің өзгеру динамикасындағы әр тұлғадан туындайтын сөздердің санын жуықтап санағанда төмендегіше болып шықты:
Сақ – 119 12. сық – 84
сағ – 52 13. сығ – 59
сай – 95 14. сый – 50
саи – 64 15. си – 174
сәй – 23 16. суқ – 30
сау – 139 17. суғ – 17
соқ – 68 18. суй – 21
соғ – 28 19. шақ – 119
сой – 72 20. шағ – 73
сек – 90 21. шық – 32
сей – 20 22. шығ – 117
Бұл жерде «сақ» сөзінің өзгеру динамикасындағы барлық тұлғалары қамтылмағандығын өздеріңіз де көріп отырсыздар. Оның үстіне келтірілген цифрлар да жобамен саналды.
Тағы бір айта кететін мәселе: осы келтірілген «сақ» сөзінің тұлғалары деп аталған сөздердің барлығы жүз пайыз «сақ» сөзінен туындаған деп айта алмаймыз. Бірақ, мәселе мұнда емес. Жалпы алғанда, «сақ» сөзінің негізгі түбір сөздердің бірі ретінде қазақ тілінде сөздер жасайтындығын анықтауға материалдың баршылық екендігін, сөйтіп, ана тілімізді қалыптастырудағы оның орасан зор рөлін атап көрсету үшін, бұл келтірілген цифрларымыздың үлкен маңызы бар екендігін түсінуге болады.
Енді сақ тайпалары өздерін тағы қандай есімдермен атаған деген мәселеге көшейік. Жоғарыда атап өттік, ирандықтар бұл тайпаны сак (сака) деп атаса, гректер азиялық скифтер деп атаған. Тарихтан белгілі, скифтер Еуропаға шығыстан, яғни, сақтар мекендеген жерден. Скифтер мен сақтар бір-біріне туыс, әдет-ғұрыптары, тұрмыс-тіршілігі ұқсас, бірдей халықтар.
Бұлардың тілі туралы дау көп. Олардың туыс тайпалар екендігі есімдерінің өзінен-ақ көрініп тұр. Мысалы, скиф атауының бастапқы буыны сақ сөзінен туындағаны көрініп тұр.
Қазақта Сақып, Жақып деген адам есімдері бар. Біреулер бұл есімді арабтардан келген болуы мүмкін дейтін шығар. Мен айтар едім, бұл есімдер қазаққа да, арабқа да ортақ болуға тиісті. Себебі, ұлы даладан бірнеше рет Таяу Шығысқа талай тайпалар барып қоныстанған. Араптардың «сахаба» сөзі де (Мұхаммеб пайғамбардың ислам дінін күшпен таратушы серіктерін осылай атаған). Ұлы далада ертеде өмір сүрген «сақ» және «ап» (оба) жауынгер тайпаларының есімдерінің қосылуынан кейін қалыптасқан сөз болуға тиісті. Бұл жерде айта кету керек: Арабтар мен қазақтардың түпкі тектерінде бір жақындық бар. Ерте кезде бір жерде бірге болғанға ұқсайды. Арабтарда да сақ деген ру болған екен.
Гректердің бұл көшпелі тайпалардың ішінен алғашқы көргендері, кезіккендері осы скифтер (сықыптар) болса керек. Сондықтан, бұл жерде айта кету керек, скиф этнонимі де гректер қойған атау емес.
Еуропаға барған тағы бір Сақ тайпалары туралы айта кетейік. Еуропаға барған басқа да сақтар жөнінде аздап жаза кеткен жөн болар. Мысалы, қазіргі Еуропадағы англо-саксон деп атап жүрген халықтардың аты-жөнінің қалыптасуына негіз болған да сақ этнонимі. Татарстанда Сақсын деген жер атауы бар. Яғни, Еуропадағы сак сонда Шығыстан барған халықтар. Саксон және Сақсын деген атаулар сақысон деген сөзден шыққандығы көрініп тұр. Еуропа тарихында жеке Сакс деген халық болған. Бұл атаудың да басы ашық Сақыс деген сөзден шыққандығына көзіміз жетеді. Сонда, Сақыс (сакс) атауы сақ және ыс сөздерінен құралып тұр. Ал, Сақысын (саксон) атауын сақ, ыс және он сөздерінен қалыптасқандығын байқаймыз. Ыс (ас, аз) және он (ыңқ, оңқ) сөздері алғашқы табиғи дыбыстарға еліктеуден пайда болған сөздер.
Бұл сөздер де «Сақ» сөзі сияқты құдіретті сөздерге айналып, ру-тайпалардың атына айналған. Ас (аз) және Он (ұн) аттас ру-тайпалар ата-жұртта балғандығына тарих куә. Олай болса Сакс (сақыс) дегеніміз Сақ және Ас (ыс) ру-тайпаларының бірлестігі болып табылады. Ал, Саксон (сақысон) дегеніміз сақ, ас (ыс) және он ру-тайпаларының бірлестігі екеніне көзіміз жетеді.
Скандинавия түбегінің аты да «сақ» сөзі арқылы қалыптасқан. Бұл атаудың басқы «скан» сөзі «сықан» сөзі. Ертеректе оқығаным бойынша қазақ эпостарының бірінде Сықан деген өздеріне туыс көшпелі ел туралы айтылады және біздің елде Сықан, Сақан, Зақан, Жақан деген кісі аттарының барлығын айта кеткеніміз жөн.
Ғалым ТӨТЕЙҰЛЫ.
(Соңы. Басы өткен санда).