Брифинг

Сақтанудың жалғыз жолы – вакцина

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде COVID-19 жұқтырғандар саны 228 миллионға жетті. Ал, одан қайтыс болғандар 4,6 миллионнан асты. Осы бір індет­­тен сақтану жолдары мен вакциналау жайында өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингке қатысқан Қарағанды медицина университетінің мамандары егжей-тегжейлі айтып берді.

– Қазіргі уақытта COVID-19-дың таралуы айтарлықтай азайғанымен, ол әлі де қауіпті, – деді аталған жоғары оқу орнының доценті, аллерголог-иммунолог Ольга Казимирова.

– Осыған байланысты коронавирус инфекциясының профилактикасы мәселесі әлі де өзекті. Бұл ретте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары қазіргі уақытта тіркелген барлық өлім-жітімнің 99%-ы вакцина алмағандар арасында болғанын айтуда. «Олимп» клиникалық зертханасының зерттеулері бойынша вакцина алғандар оны алмағандарға қарағанда 10 есе аз ауырады екен. Елдің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мамандары да вакциналау басталғалы ауырғандар арасында 99,9%-ы екпе алмағандар екенін мәлімдеді. Осының барлығы вакциналаудың қажеттігін көрсетеді. Маман «Science» ғылыми журналында жарияланған израильдық ғалымдардың жүргізген зерттеуіне тоқталды.

– Ғалымдар коронавирус инфекциясынан табиғи иммунитеттің немесе вакцина арқылы қалыптасқан иммунитеттің тиімді екендігі туралы түрлі пікір айтады. М.Нуссенцвейг бастаған ғалымдар тобы зерттеу жүргізіп, вакциналау вирустың асқынуынан сақтайтындығын дәлелдеді. Сонымен қатар, ғалымдар вакцина алмағандардың кейінгі кезде аталып жүрген «ұзақ Covid» деп аталып кеткен түріне шалдығуы мүмкін екенін ескертеді, – деді спикер.

– Коронавирустан сақтанудың арнайы және арнайы емес жолдары бар. Арнайы емес жолдары – қолды жуу, арақашықтықты сақтау, бетперде тағу сияқты шаралар болса, арнайы әдісі – вакциналау. Қазір Қазақстанда вакцинаның бірнеше түрі бар. Бірінші топ – инактивті вакциналар, былайша айтқанда, «өлтірілген» вакциналар. Оларға жататыны – Синовак, Синофарм, қазақстандық Qazvac, қытайлық CoronaVac. Аденовирусты вакциналар қатарына Спутник V, AstraZeneca жатады. РНК вакциналары – АҚШ-та өндіріліп жатқан Pfizer және Moderna, – деген инфекционист дәрігер Гүлжаһан Бейсенова әр вакцинаның әсер ету механизміне де тоқталып өтті.

Дәрігердің айтуынша, инактивті вакциналар ағзаға өте жеңіл әсер етеді. Ал, векторлық вакциналар адам жасушасына еніп, вирусқа қарсы ақуыз түзеді. Ол Т-иммунитет қалыптастыруда аса маңызды. Ол вирусқа қарсы 90%-ға дейін тиімді.

– «Ол осынша тиімді болса, вакцина алғандар неге ауырады?» деген сұрақ туындайды. Кез келген вакцина инфекциялардан 100% қорғай алмайды. Бұл, бірінші кезекте, вирустың өзгермелілігіне байланысты. Қазіргі кезде вирустың өзгерген түрлерінің ішінде қауіптісі – дельта штамы. Ол адам вакцина алса да, ауырып, табиғи иммунитеті қалыптасса да қорғаныш қабатынан өтіп кете алады, – деді.

Гүлжаһан Рахымбайқызы вакцинаны кімдер алуға болатынын және қарсы көрсетілімдер туралы да айтты.

– Бірінші екпеден кейін ауыр аллергиялық жағдайлар тіркелсе, созылмалы аурулары асқынып тұрса, вакцина алмайды. Әдетте, адамдар бірінші компоненттен кейін ауырып қалып жатады. Бұл кезеңде антиденелер әлі қалыптасып үлгермейді. Сондықтан, бетперде тағып, сақтанып жүру керек. Сонымен бірге, адам екпені вирустың инкубациялық мерзімінде алуы да мүмкін, – деп түсіндірді маман.

Спикерлер вакцинация жайында тағы да басқа мәселелерге тоқталып, сұрақтарға жауап берді.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button