Бас тақырып

Сақтандыру аясында – тегін қызмет

Өткен аптада Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева аймаққа жұмыс сапарымен келіп қайтты. Ондағы мақсат – аймақта жүргізіліп жатқан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың (МӘМС) жай-күйімен танысу. Сақтандыру жүйесінің маңыздылығына мән берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында бұл шараға алдағы үш жыл көлемінде 2,8 триллион теңге бөлінетіндігін атап өтіп, «біздің қателесуге құқығымыз жоқ» деп айқын көрсетті.

Қыркүйектен басталған пилоттық жобаның барысы – қоғам назарында. Оның біздің облыста іске асырылуы жүйенің кемшін тұстарын анықтап, келесі жылдан жаппай қолданысқа енуін қамтамасыз етуі керек. Бұл мақсатта жобалық кеңсе де өз жұмысын бастады. Ол нормативтікқұқықтық актілер мен ақпараттық жүйелерді жетілдіру, сатып алу тәртібі мен көрсетілген медициналық қызметтер үшін ақы төлеу, халықты ақпараттандыру бағытында жұмыс істеуге кірісті. Сақтандыру жүйесін пилоттық режимде іске қосу үшін республикалық бюджеттен 2,3 млрд. теңге бөлінген. Соның аясында МӘМС кеңейтілген пакеті аясында медициналық көмектің кепілді көлемінен тыс қосымша медициналық қызметтер көрсетілетін болады. Дегенмен, қызметтердің толық көлемі келесі жылдан бастап жасалатынын айта кеткен жөн. 

– Аймақта ақпараттық жүйелер интеграцияланған. Медициналық сақтандыруды цифрлық қолдауға толық әзірлік бар. Облыс халқының 98% интернеті бар медициналық ұйымдарға тіркелген. Жыл соңына дейін шалғай ауылдардағы 65 емдеу нысаны кең жолақты интернетпен қамтылатын болады. Медициналық қызметкерлерді сақтандыру жүйесі бойынша жұмыс істеуге оқыттық. Халық арасында да ақпараттық жұмыстар белсенді жүргізілуде, – деп атап өтті облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.

Қонақтар МӘМС жүйесінің жұмысын №4 емханаға, Х.Мақажанов атындағы облыстық травматология және ортопедия орталығына барып бағамдады. 

– Тұрғындардың медициналық көмекке қадамдық қолжетімділігін арттыру қағидаты бойынша ашылған емханаға 20 мың адам тіркелген. Емделуші барлық көмекті бір жерден ала алады. Бұрын 18 жастан асқандарға физиоем алу, бір жастан асқан балаларға массаж, күндізгі стационарға жолдама беру ақылы болатын. МӘМС енгізілген бір аптада 119 адам жаңа жүйе бойынша көмек алды. 76 адамды физиотерапияға, 43 адамды күндізгі стационарға тегін жібердік. Басында техникалық ақаулар болды. Қазір бәрін реттедік, жұмысты жүйеге келтіріп жатырмыз, – деді №4 емхана директоры Салтанат Шайдарова.  

Емдеу мекемесінің жағдайымен танысқан Ләззат Ақтаева тегін қызмет көрсетілетін адамдар санатын, тіркелгендігін анықтау маңызды екенін ескертіп, ерекше тапсырды. 

Оның айтуынша, осы арқылы әлі қанша адам тіркелмегенін анықтап, олардың тіркеуге тұруына ықпал ету қажет.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың пилоттық жобасы келесі жылдан бастап тұтас енгізілетін жүйеге барынша дайындалуға мүмкіндік береді. Сондықтан бізге осы жылдың соңына дейін қалған проблемаларды анықтап, олар бойынша жедел шешім қабылдау маңызды. Медициналық мекемелер көрсететін қызмет түрлерін арттыру арқылы қосымша қаражат таба алады. Бұл ретте олардың жүйелі жұмысы қажет, – деді вице-министр Ләззат Ақтаева. 

Сондай-ақ, ол әлі қолданыстағы қағаз құжат айналымын электронды түрге ауыстыруды ескертті. Дәрігерлер екі жұмыс жасап, өзінің де, емделушінің де уақытын алатынын айтып, бұл мәселені бір айдың көлемінде шешуді тапсырды.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысын толықтай цифрландыру мақсатында аймақта арнайы «Saqtandyrý» ақпараттық жүйесі әзірленді. Ақпараттық жүйе жұмысын тексеріп көру тесттік режимде іске қосылды. Ақпараттық жүйе аясында облыстың барлық денсаулық сақтау ұйымдарында кепілдік берілген тегін медициналық көмек пен МӘМС пакеттерін бөліп тіркеу жұмысы жүргізіледі. Себебі, пилоттық жоба мақсаттарының бірі – медициналық қызметтер пайдаланатын барлық ақпараттық жүйелердің интеграциясын тексеру және МӘМС жүйесіндегі пациенттердің мәртебесін сәйкестендіру. Облыс тұрғындарын тіркеуге алу және сақтандыру жүйесіндегі мәртебелерін анықтау мәселесі – аса маңызды. Қазіргі таңда тұрғындардың 2 пайызын, яғни, 35 мыңға жуық адамды сәйкестендіру міндеті тұр. 

– Сапар барысында МӘМС жүйесінің енгізілуін сараптадық. Бірді-екілі техникалық мәселелердің туындағанын байқадық. Жаңа жүйе аясында есепті бөлек жүргізу, халық арасында ақпараттық жұмысты жалғастыру қажет. Қазір бізге қоңыраулар түсіп жатыр. Негізінен, медициналық ұйымдардан. Біз бұл іске халықтың белсенді араласқанын күтеміз. Бүгінде республика бойынша халықтың 95 пайызы тіркелді, – деді «Әлеуметтік сақтандыру қоры» КАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов. 

Осы күзден бастап облыс тұрғындары консультациялық-диагностикалық қызметтерге қол жеткізді. Профилактикалық, зертханалық және диагностикалық қызметтерді тегін алады. Сонымен қатар, стационарды алмастыратын және жоспарлы стационарлық көмектің кеңейтілген тізбесі, кардиология, кардиохирургия, неврология, нейрохирургия, травматология және ортопедия сияқты бағыттар бойынша ересектер мен балаларды медициналық оңалту мүмкіндігі туады.

Жансая ОМАРБЕК

Басқа материалдар

Back to top button