Шет

Сақшылардың құрметі

Облыстық ішкі істер департаменті Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира СЫЗДЫҚОВАҒА құрмет көрсетті. Шет ауданының орталығы – Ақсу-Аюлы кентінде өткен ішкі істер органдары қызметкерлері арасындағы дәстүрлі облыстық спартакиаданың ашылу салтанатында балуан қызға департамент басшысы Мергенбай ЖАППАРОВ алтын сағат табыс етті.

Эльмира Сыздықова мен жеке бапкері Владислав Суторминнің Шет ауданына сапары облыстық ІІД ғимаратының алдынан бастау алды. Балуан қыз мінген аппақ көліктер шеруі алдымен қала ішін аралап өтіп, Ақсу-Аюлыға жол тартты.

Аудан әкімі Марат Жандәулетов бастаған Шет жұрты құрметті меймандарды кенттегі стадионда күтіп алды. Әжелер қазақы ғұрыппен шашу шашып, күміскөмей әншілер әсем әнді төгілтті.

Стадиондағы салтанатты рәсімде департамент басшысы, полиция генерал-майоры Мергенбай Жаппаров Эльмираны құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.

Бразилияға сапарға шығар уақытта, біз сізге ақ жол тілеп, жеңіспен оралуыңызға тілектестік білдірген болатынбыз. Енді, міне, тілеуіміз бен халықтың батасы қабыл болып, Олимпиада жүлдегері атандыңыз. Бүгін, сәтіне орай, қонақжай Шет ауданының топырағында, Ішкі істер департаментінің ұйымдастыруымен ауыл полицейлерінің арасында спортттық спартакиада өтіп жатыр. Сол шараның ашылу салтанатында сізді көру біз үшін үлкен құрмет, – деді генерал-майор. Құттықтау сөзінен кейін Мергенбай Баймендіұлы Эльмира Сыздықова мен Владислав Суторминге департамент атынан алтын сағаттар тапсырды.

Шырайлы Шет өңірінің тұрғындары да жолынан жығылмады. Ортаға шығып, сөз алған аудан әкімі Марат Жандәулетов: «Сіз Олимпиадада спорттық шеберлігіңізді, биік парасатыңыз бен табанды еңбегіңіздің нәтижесін көрсеттіңіз. Сіздің жеңісіңіз қазақстандықтарға зор мақтаныш сезімін сыйлады. Олимпиадада алған медаліңіз Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына керемет тарту болды», – дей келе, Эльмираға аудан атынан 500 мың теңгенің сертификатын табыстады.

Өз кезегінде Эльмира ел ықыласына ризашылығын танытып, алғысын жеткізді.

Әрине, менің жетістігімді елеп, осынау шараға шақырып отырған Ішкі істер департаменті басшылығына, Шет ауданының әкімдігі мен аудан халқына шын жүректен рахметімді айтамын. Келешекте сіздерді жаңа көрсеткіштермен қуанта беруге тырысатын боламын, – деді Эльмира өз сөзінде.

Осы жерде дәстүрлі спартакиаданың алауы тұтанды. Бұл мәртебелі міндетті Шет аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері, самбодан Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айдын Дәртаев атқарды.

Спартакиада барысында облыстағы барлық аудандар мен Приозерск, Қаражал қалаларының ішкі істер бөлімдерінен келген командалар өзара мықтыны анықтады. Жарыстарға бас төрешілік қызметі Ерхан Жанпейісовке жүктелді.

Екі күнге созылған додада сайыскерлер нысананы көздеу, арқан тарту, қашықтыққа жүгіру және шағын футбол спорт түрлерінен сынға түсті. Нәтижесінде, 2014 жылғы спартакиаданың жеңімпазы Осакаров ауданының ішкі істер бөлімі І орынды қанжығалады. Былтыр чемпион атанған Шет ауданының полицейлері бұл жолы екінші сатыдан көрінді. Ал, ІІІ орынды былтыр да ІІІ орын алған ұлытаулықтар иеленді.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button