Бас тақырыпТарих

Сақинаның сәні мен мәні

Сақина, жүзіктер – қазақ зергерлерінің өте көп жасайтын әшекейлерінің бірі. Сақинаны, көбінесе күмістен немесе алтыннан жасатады. Сақинаның жасалуы жүзікке қарағанда оңай. Оның сыртына шапқымен шеку, бізбен безеу әдісімен орнатылатын қарапайым ою-өрнектерден басқа ештеңе жүргізілмейді. Кейде, тіпті, ешбір ою-өрнектерсіз жасалатындары да аз емес. Ал, жүзік жасау анағұрлым күрделі. Және оның сан алуан түрлері болады. Жүзіктің үстіңгі бетіне әртүрлі асыл тастардан, түсті шынылардан немесе күмістің өзінен көз, балдақ, отау, құстұмсық орнатқан.

Халқымызда қалыптасқан дәстүр бойынша, ас адал болуы үшін оны дайындайтын, дастарханға қоятын, шай құйып беретін әйелдің саусағында міндетті түрде күмістен жасалған сақина болуға тиіс. Қазақтар арасында «Сақинаны сәнге салмайды, ол – тазалыққа таразы» деген нақыл сөз бар. Бұл сөздің төркіні сақинаның тек сәндік қана емес, гигиеналық та қызмет атқаратынын аңғартады. Дана халқымыз сақина соғылатын күміс таттануға ұшырамайтынын, олар судың, тамақтың тез бұзылмауына септігін тигізетінін, денсаулыққа жағымды әсер ететінін тым ерте байқап, білген. Заманында жас келіншектер нәрестесін шомылдырарда, жаялығын жуарда, тамақ дайындарда ауылдағы қарт әжелер: «Қолыңа күміс сақинаңды салып ал, ол тазалыққа, адалдыққа жақсы», — деп ескерткен. Нәрестені қырқынан шығарарда оны шомылдыратын суға күміс теңгелерді немесе күміс сақинаны, білезікті салған. Қазақ халқы ежелден күмістің адам ағзасына пайдасы бар деп сеніп, күміс ыдыстан тамақ ішіп, күміс әшекейлер тағып, сәби дүниеге келгенде нәрестені күміс теңге салынған суда шомылдырып, «Баланың күні күмістей жарық болсын» деген жоралғы жасаған Құстұмсық жүзік пен құдағи жүзік дегендер бар қазақта. Құстұмсық жүзікті бойжеткен қыздар таққан, бұл жүзік — бақыттың, тәуелсіздіктің, құс тәрізді еркіндіктің белгісі. Дәстүр бойынша ұзатылып бара жатқан қызының қолындағы құстұмсық жүзікті анасы шешіп алып, қыз жасауымен бірге орамалға түйіп, сандығына салып жіберетін болған. Бұл жүзік қыз жағдайының хабаршысы ретінде кейін қайтып келуі керек. Сондықтан, қыздың төркін жағынан оның қал-жағдайын білуге барған інілері осы құстұмсық жүзікті қайтып әкелсе, қыздың анасы қатты қуанып, құдағиым қызыма өз қызындай қарайды екен деп, ауыл арасына кішігірім той жасаған. Яғни, біздің түсінігімізде сәндік бұйым болып есептелетін жүзіктердің мағыналы мақсаты болатындығын ата-бабаларымыз ұстанған осы салттан көруге болады.

Құдағи жүзік — үлкен сый-құрметтің белгісі. Басқа жүзіктерге ұқсамайды. Екі саусаққа қатар киілетін екі шеңберден тұратын жүзік – үстіңгі беті біртұтас болып келетін ұлт өнеріндегі бірегей дүние. Жас жұбайлардың жұбы жазылмасын, екеуі бірігіп тату отбасы болсын дегенді меңзейді. Қалыңдықтың шешесі құдағиына өзінің қызына мейіріммен қарауы үшін және құдандалы екі рудың бір-біріне ынтымағы арту үшін сыйға тартады. Құдағи жүзік – адамдар арасындағы сыйластықтың, адамдарға көрсетілген ілтипаттың, құрметтің белгісі. Қолында құдағи жүзігі бар егде адамды көріп, оның үй-ішіне, жақын-жұрағатына сыйлы, қадірлі кісі екенін бірден білетін болған.

ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басына тән бұл күміс жүзіктер мен сақиналар облыстық бейнелеу өнері музейінде тұр қазір. Жасаған авторлары белгісіз, яғни, халық шеберлерінің қолынан шыққан.

Мәселен, кезінде музейге П.Имашева тапсырған мына сақина (1 сурет) ХХ ғасырға тән. Әйел адамдарға арналған. Бізбен безеу әдісі арқылы өсімдік бейнелі ою-өрнек салған қарапайым сақина.

Келесі сақиналар да (ХХ ғасыр) әйел адамдарға арналған. Бізбен безеу және шапқымен шеку әдістері арқылы өсімдік бейнелі ою-өрнек салған қарапайым сақина (2 сурет).

Ал, ер адамдарға арналған мына екі жүзік Әлмағанбетованың жеке қорынан келген (3 сурет). Көз есебінде орнатылған сопақ қызғылт шыныға күмістен жүргізілген жиектер арқылы дәнекерленіп орнатылған. Орнатылған тастың түсіп қалмауы мақсатында көмкерген жиегінің әсемдігі де мұқият ескерілген. Жалпы, жүзіктерге геометриялық фигура тектес ою-өрнекті қолданған.

Көз орнына күмістің өзін қолданған сақина құю немесе қақтау әдісі арқылы жасалған. Бұйымның бетіне «бура» деп аталатын ақ үгіндіні себу арқылы үстіне ою-өрнек салған. Оны отқа қыздырғанда себілген орнында дәнекерленіп, бұйым бетіне біте қайнасып, жабысып қалған.

Зергерлік бұйымдар көбінесе тастармен безендірілетін болған. Қазақ әшекейлерінде олар «тас» немесе «көз» деп аталады. Мұндай салыстырулар кездейсоқтық емес, орнатылған тастар бәрін байқайтын, қорғайтын көз ретінде қабылданып, онда сиқырлы күш бар деп саналған. Барлық Шығыс халықтарында тастарға ғажап қасиеттер таңылған. Мысалы, бирюза жүректі күшейтеді, үрейден арылтады, жауларды жеңуге көмектеседі деп есептелген. Інжу көздің шелін кетіреді, янтарь зобты емдейді деген пікір қалыптасқан. Қазақ қолөнерінде ақық ерекше кең тараған, ол игілік пен қуаныш тасы саналған.

Бұл тас әшекей үшін ғана емес, сондай-ақ, көз тиюден қорғайтын тұмар ретінде де қолданылған.

Назерке ЖАРТЫНҚЫЗЫ,

облыстық бейнелеу өнері музейінің ғылыми қызметкері.

СУРЕТТЕРДЕ: 1. Сақиналар. Күміс. Халық шебері. 2. Әйел адамға арналған ақық көзі бар жүзік. 3. Ерлерге арналған жүзік. Күміс. Қызғылт шыны. Халық шебері.

Басқа материалдар

Back to top button