Жаңалықтар

Сөз бен ісі қабысқан

Облыс әкімінің қатысуымен саяси кеңес бюросының кеңейтілген жиналысында Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасына қатысты тындырылған жұмыстар мен жоспардағы кезекті мәселелері талқыланды. Отырысқа арқау болған – 7 бағыттан тұратын 130 тармақтың Жол картасы бойынша соңғы 8 айда бағдарламаға сай атқарылған істері.

Бұған дейін партия өкілдері облыс тұрғындарымен кездесіп, аймақтағы мәселелердің мән-жайына қанық болған еді. Қала һәм аудан, ауыл тұрғындарының 1500-ге жуық өзекті мәселесі негізінде партия өкілдері 2025 жылға дейінгі жол картасының жоспарын сызды. Жоспарда жалпы 6 400-ден астам іс-шара белгіленген. Сонымен қатар, 1 715 нысаналы индикатор бар. 7 бағыттың жұмысы баса назарға ұсынылды. Олар – әлеуметтік-экономикалық даму, жастарды қолдау, қылмыс деңгейін төмендету және осы сынды қазіргі қоғамға ең қажетті түйткілді мәселелер легі. Экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқановтың айтуынша, қазіргі таңда жоспардағы 130 тармақтың 29-ы толықтай орындалды. Ал, тоқсаннан астам жоба аяқталу алдында. Негізгі капиталға жоқ дегенде 810 миллиард теңге қаржы құю биылға жоспарда тұр. Оның 80 пайыздан астамы – жекеменшік. Қорыта келгенде, жыл аяғына дейін 14 жаңа өндіріс іске қосылады. Сонымен қатар, 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылуы тиіс деп күтілуде. Біршама жоба өз жұмысын сәтті істжатыр. Бұлар Жәйрем тау-кен байыту комбинаты, Qaz Tehna автозауыты, QazCarbon байыту фабрикасы, «Трубпром» полиэтилен құбырларының өндірісі, Қаражал қаласындағы темір және марганец кенін қайта өңдеу сияқты ірі жобалар.

– Агроөнеркәсіптік кешенге келер болсақ, ауыл шаруашылығында мал шаруашылығы өнімдері өндірісінің 3,4 пайызға 161,1 млрд. теңге есебінен 3,6 пайызға, яғни, 218,2 млрд. теңгеге өсімі байқалды. Ет өндірісінің көлемі 3 пайызға артып, 84,1 мың тоннаны (2020 жылы 81 мың тонна), сүт 4,3 пайызға (365,5 мың тонна) (2020 жылы 348,6 мың тонна) ілгеріледі. Шаруашылық шимандысы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге несие беру түріндегі мемлекеттік қолдаудың уақытылы берілуі арқасында егіс алаңдары орта есеппен 3,6 пайызға ұлғайды. Биылғы жылы іске асыру жоспарланған 14 инвестициялық жобаның құны 11,2 млрд. теңге, оның ішінде, 3,4 млрд. теңгеге 5 жоба іске асырылуы тиіс. Абай ауданының «Шанс» шаруа қожалығының жобалық қуаты жылына 100 мың тонна сапалы жем-шөп қоспалары бар өнім өндіруге жетеді. Сондай-ақ, 10-нан астам жұмыс орнымен қамтуға мүмкіндігібар, – деп қосты экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов.

1 500 км астам автомобиль жолдары, оның ішінде республикалық маңызы бар 674 шақырым және жергілікті желінің 800 шақырымнан астам автожолдары жөндеуден өтті. «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасын іске асыру аясында ауылдық елді мекендердегі автокөлік жолдарының жағдайын жақсартуға 3,3 млрд. теңге бөлінді. Облыстың барлық аудандарында һәм 25 ауылдық мекендердің 120 шақырымға жуық жолдары толық жөнделетін болады. Қорытынды бойынша нормативтік жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың үлесін 85 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Халықты ауыз сумен және шалғайдағы елді мекендерге су тарту қызметтерімен қамтамасыз ету жұмыстары әлі жалғасуда. Осы жылы 35 жобаны іске асыруға 12,1 млрд. теңге бөлінді. Оның үстіне жылдың соңына дейін 265 шақырымнан астам су құбыры мен кәріз құбырларын салу және қайта жаңарту жоспарланған. Жол картасы бойынша басы шалынған мәселе және қолға алынған істердің жуық арада орындалуын талап ете отырып, облыс басшысы өз сөзін қорытындылады.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button