Жаңалықтар

Сәрсенбінің сәті

Сарыоба, Әшірбейжан, Қарабұжыр,
Бауырыңнан қашқан алтай түлкің қызыл.
Түскенде сен есіме Сұлу шоқы,
Қол бұлғап шақырғандай бабам Қызыр… 

Бұл ұзақ толғау еді… Кешегі советтер заманында Ақтаудың ұлы байтағын мекен еткен Райыс ауылының халқына толғаудағы жер-су аттары сондай ыстық. Ту­ған жер туралы толғауды нәшіне келтіре орындаған әнші жігіттің дауысы таңғы ауамен қалықтай көтеріліп, Сұлу шоқының ұшар басына қонақтап қалғандай. 1964 жылдың бесінші қаңтарында Сәр­сенбек осы Әшірбейжан қыс­тағында дүниеге келген. Содан бері қаншама жылдар жылжып өтті. Арқаның құлан иек құба таңы айналаға жарығын молынан шаша бастаған.  Қарабұжыр қыс­тағынан өрген ақтылы отар Әшірбейжанның Қос шоқысын бетке алып, қаптай жайылып келеді. Таң бозынан тұру Сәрсенбектің қашаннан әдеті еді. Ердің алдыңғы қасына ілген шағын дыбыс жазу қобдишасынан шалқып шыққан күміс әуендерді тыңдау ұлы дала перзентінің сүйікті әдетіне айналғалы қашан… Ай аунап, жылдар жылжып жатты. Бұл Сәрсенбектің 1994-1997 жылдары Ақтау совхозының «Жас талап» шаруа қожалығында еңбек етіп жүрген кездерінің бір үзік суреті еді..  Бүгінде сол бір сағынышқа толы сәттер есіне жиі түседі. 

Сурет: автордікі. Ортада тұрған Сәрсенбек Баязитов.

Райыс ауылынан көшіп, Бидайық елді мекенін қоныс қылғанына да талай жылдың жүзі бо­лыпты. Құрығына құт біткен Баязит ақсақалдың үш ұлы Сағынтай, Аманкелді (Кәбәш), Амантайлар да еңбекке ерте ара­ласқан азаматтар еді. Сәрсен­бек – Аманкелді ағамыздың тұң­ғышы. Заманында Аманкелді аға­мыздың есімі Арқаның ат тұяғы жетер жеріне әйгілі болды. Әрине, тынымсыз еңбек пен маңдай тердің  арқасында. Аужекең ұзақ жылдар бөлімше меңгерушісі болды. Аманкелді ағамыз басқарған Ақтау совхозының Райыс бөлімшесінің даңқы аудан, облыс асып, Мәскеуде өткен ауыл шаруашылық қызметкерлерінің көрмесінде Гагарин атындағы вымпелді жеңіп алғанын үлкендер әлі күнге аңыз қылып айтады. Істің тетігін білетін шебер ұйымдастырушы, апталап ат үстінде жүрсе де, қажымайтын қайратты азаматтың еңбегін қарапайым халық өте жоғары бағалады.

Артында аңызға бергісіз ғибратты ғұмыры мен елінің ақеділ азаматқа деген риясыз алғысы қалды. Аужекең бақилық болғалы шаңырақтың алтын қазығы, көргені мен көңілге түйгені мол Шәйі анамыз әулет ұйытқысы болып, бұл күнде немере-шөберенің ортасында байқуатты ғұмыр кешіп  отыр. «Жас талап» шаруа қожалығының иесі де осы Шәйі анамыз.

– Біз осы Анамыздың қол астындағы еңбек адамымыз ғой, – деп әзілдейді Сәрсенбек. Әрине, Шәйі анамыз кешегі Аужекең бастаған істі әрі қарай өркендете білді. Дастарханынан береке кетпеген ардақты Ананың кейінгі ұрпаққа айтар ақылы мен көрсетер өнегесі мол екені рас. Аманкелдідей асқар тау әке, Шәйідей ақылман ананың тәрбиесі Сәрсенбектің бойына азаматқа тән барлық жақсы қасиеттерді дарытса керек. Оның үстіне шаңырағының алтын қазығы, ақылына көркі сай Ғалия ару болса, еңбегің қалай алға баспасын.

Бидайық ауылына қоныс аударған 2001-2005 жылдар аралы­ғында «Жас талап» шаруа қо­­жа­лығының жетекшілігін әрі қарай жалғастырған. Істің тетігін білетін қабілетті азамат аудан басшылығының назарына бір­ден ілікті. 2005-2017 жылдар ара­лығында Жаңаарқа ауданына қарасты Бидайық ауылдық округінің әкімі қызметін атқарды. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» қағидасын ұстанған Сәрсенбек Аманкелдіұлы халық ықыласына, алғысына бөленген әкім бола білді.

Бұл күнде Сәрсенбек Аманкелдіұлы Баязитов Жаңаарқа ауданының беткеұстар белді азаматы. Сәрсенбектің абыройлы істері мен мерейлі сәттерін  көрген үлкендер «Ее, әкесі Кәбәшқа тарт­са қайтып жаман болсын», – деп  сырттай сүйсініп отырғанына талай куә болдық. Халықтың бұл ықыласының жөні бар. Әкенің өнегелі өмірі мен абыройлы  еңбек жолы Сәрсенбектің болашағына үлкен мектеп болды.  Әсіресе, 2005-2017 жылдар аралығында  Жаңаарқа ауданына қарасты Бидайық ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған кездерін ауыл тұрғындары әлі күнге ұмытқан жоқ. Ауыл­дың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеруде Сәрсенбек Аманкелдіұлы тамаша жетістіктерге жетті. Жекелеген шаруа қо­жалықтарының дамуы мен өркендеуіне кең жол ашылды. Ауыл шаруашылығын қолдау барысында көрсетіліп жатқан мемлекеттік жеңілдіктер мен мүмкіншіліктер­ді дер кезінде бағамдап пайдаланудың өзі тікелей ауыл әкімінің алғырлығына, іскерлігіне байланысты екені белгілі.         

Әкеден алған тәлім мен бойындағы біліктілік пен білімі, өмірден көрген, үйренген тәжірибесі аз-ақ жылда Сәрсенбекті құ­рыштай шынықтырған. Астана Алаш халқының айбары, абыройы деп түсінген ауыл әкімі Би­­дайық ауылының ортасына бәй­терек символын орнатты. Би­дайықтың бәйтерегі туралы сол кезде БАҚ-ы жарыса жазып жатты. Ауылда саябақтың ашылуы, соғыс ардагерлеріне арналған «Тағ­зым» мемориалының орнатылуы, стадионның ашылуы сияқты ауыл халқының рухани-салауатты өмір салтына арналған кешендердің барлығында Сәрсен­бектің идеясы мен қолтаңбасы бар екендігі ақиқат. Бидайық ауылының командасы ауылдық спартакиадаларда 10 жыл қатарынан спорттың 16 түрінен чемпион атануы біраз жайды аңғартса керек.

Еңбекке ерте араласқан Сәр­сенбек Аманкелдіұлы 2018 жыл­дан бастап,  осы күнге дейін «Жаңа­арқа ауданының ауыл шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы ретінде еңбек етіп келеді.  Жаңалыққа, жасампаздыққа жаны жақын жү­ретін Сәрсенбектің айшықты қол­таңбасы    Жаңаарқа ауданының 90 жылдық мерейтойында бү­кіл қазақ даласына, қала берді әлемге әйгілі «Мың күбі» идеясын іске асыруда тағы бір көрінді. Ақиқатын айтсақ, тарихта қалар рухани-мәдени іс-шараның мінсіз атқарылуына тікелей үлес қосты. Әрине, идея айтылады, бірақ соны іске асыру қаншама күш-жігерді, тынымсыз еңбекті қажет ететіні белгілі ғой. Жез қамзол киіп, бастарына ақ орамал тартқан Арқа арулары мың күбіні бір мезетте күмпілдетіп піскен кезде, Жаңаарқаның айбоз даласынан бал қымыздың жұпар исі аңқып қоя бергенін кім ұмыта қойсын.  

Жаңаарқаның қымызы… Таң­дайыңнан дәмі кетпейтін бал қы­мызды кім аңсамайды дейсіз. Арқаға аңыз болған Ғалияның қымызын білмейтін ат тұяғы жетер жерде жан жоқ шығар. Жо-жоқ Балуан шолақтың Ғалиясы емес кәдімгі ортамызда жүрген Сәрсенбектің Ғалиясы! Қазақта өнегелі   отбасы деген тамаша бір ұғым бар. Өз басым һәм мен сияқты қазақтың талай азаматы осы сөзді Сәрсенбектің отбасына айтар едік. Жаз жайлауда ала таңнан тұрып әке-шешесіне көмектесіп жүгіріп жүрген балаларды көргенде іштей сүйсінуші едік. Есімізге еріксіз қаланың ерке-тотай балалары түсетін. Адам бақыты адал еңбектен екендігін осы Сәрсенбек пен Ғалияның перзенттері көрсетті. Бұл күнде тұңғыш қызы Мереке ғылым докторлығын қорғауға дайындық үстінде. Ұлдың үлкені Абай облыстық сот саласында қызмет жасап жүр. Одан кейінгі Ақерке мемлекеттің жастарға көрсеткен қолдауы нәтижесінде Жаңаарқа кентінің орталығынан «Логопед» орталығын ашып, қаншама жеткіншектердің сауабын алып жүр. Бәрі де отбасылы, жас шаңырақ шамшырақтары. Үйдің кенжесі Асылбек Е.Бөкетов атындағы Қара­ғанды университетінің студенті.

Еңбекпен есейген ұрпақтың ел кәдесіне жарап, жақсы азамат атанатыны әлімсақтан белгілі жағ­дай. ХХ ғасырдың құмбыл тарихында есімі қалған Баязит ақсақал, заманында ел алғысына бөленген Аманкелді (Кәбәш) әкелеріміздің даңғайыр жолын оның бүгінгі ұрпақтары Сәрсенбек, Абай, Асылбек немересі Абылайлар лайықты жалғастырып жатса бұл да ұлы дала ұрпақтарының  сабақтастығы емес пе?! Міне, өмір заңдылығы осылай жалғаса бермек!

Азаматтың адал еңбек, маң­дай тері мемлекет тарапынан ес­­керусіз қалған жоқ. 2009 жылдың қорытындысымен Жаңаарқа ауданының әкімі мен мәслихат хатшысы шешімімен мемлекеттік қызмет саласы бойынша «Үздік селолық округі әкімі», 2011 жылы «Өз мамандығының үздігі» марапаттары берілді. 2020 жылы ІІІ дәрежелі, 2022 жылы ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, 2021 жылы «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл» мерекелік медалімен, бірнеше мәрте  Жаңаарқа ауданы әкімі мен мәслихатының Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.  Әрине, азаматтың абыройы бұл атақ-марапаттармен өлшенбесі анық. Ең бастысы сіңірген еңбектің нәтижесі мен берекесінде ғой. Артында өшпес ізі мен халықтың риясыз алғыс-батасы қалса, азаматқа одан артық қандай бақыт керек.

Бір қызығы осы әфсана сәрсенбі күні жазылды.  Сәрсенбек те сәрсенбінің сәтінде дүниеге келіпті. Ғұмырыңның әр күні сәтті болсын, Сәрсенбек замандас!

Қойлыбай АСАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
ҚР Мәдениет қайраткері

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button