Сән-салтанат салығы кімдерге салынады?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында салық реформасы аясында «Сән-салтанатқа салық» салуды енгізген жөн» деген болатын. Мемлекет басшысы айтқан мәселенің орта тапқа еш қатысы жоқ. Тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік алған кезде салынады. Мұндай салықты 12 маусымда Сенатта өткен дөңгелек үстелде Ұлттық экономика министрлігі сән-салтанат салығының шкаласын анықтады. Ол шкала бойынша құны 50 млн. теңгеден асатын көлік иелері және оннан астам пәтері барлар төлейді.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев әуелде «Жаңа салық түрі 2024 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енгізілетін Салық кодексінде көрініс табады» деп айтқан болатын.
– Біз оны 2023 жылдың қыркүйегіне дейін пысықтап, содан кейін Мәжіліске жіберуіміз керек. 2023 жылы заң қабылданып, 2024 жылдың басынан бастап күшіне енеді деп үміттенеміз, – дейді министр.
Ал, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Сән-салтанат салығы белгілі бір құны қымбат, тіпті, инвестициялық құны бар жылжымайтын мүлік, көлік және басқа да сән-салтанат нысандарына қолданылады. Құнына байланысты салық да ұлғая береді. Мысалы, яхталар, спорттық автомобильдер, шетелдік виллалар, жеке ұшақтар. Бұларға сән-салтанат салығы қолданылады. Шартты түрде жоғары салық салынатын көлік құны 100-150 мың доллардан басталады, одан да жоғары болуы мүмкін. Жылжымайтын мүліктің өзі жылжымалы мүлікке қарағанда қымбатырақ», – деп түсіндірді.
Жоғарыда сән-салтанат салығы орта тапқа қатысы жоқ деп айтқан болатынбыз. «Байларға» салынатын мүлік салығында прогрессивті салық салу шкаласы болады. Мәселен, мүлік құны неғұрлым жоғары болса, үстеме де соғұрлым жоғары. Яғни, 0,01-ден 1,5%-ға дейін.
Қымбат көлік иелеріне Экономика министрлігі 50 млн. теңге шегін белгілеуді жоспарлаған. Ал, көлік бағасы бұл шектен асса, салынатын салық та арта түседі. Егер автомобильдің нарықтық құны осы шектен асып кетсе, онда акциздер арқылы қосымша салық салынады.
Сонымен қатар, жеке ұшақтар мен яхталарға салық салу да қайта қаралады. Сенатта өткен дөңгелек үстелде Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин оларға салынатын салық көлемін де жария еткен болатын. Мәселен, атауы көлік болғандықтан, орта тап түгілі, қарапайым адам көлігіне жыл сайын қазынаға 13 мың теңге салық төлесе, қымбат яхтаға салынатын салық та 13 мың.
«Біз бұл жағдайды түзетеміз, яғни, яхталар мен ұшақтарға көлік салығын көбейтеміз және арттырамыз» – деген вице-министр салық мөлшерінің жоғарылауы алкоголь мен темекі өнімдерінің қымбат түрлеріне де әсер ететінін жеткізген.
Егер қазір қазақстандықтар құны 6 млн. теңгеге дейінгі алкоголь өнімі үшін небары 714 теңге салық төлесе, жаңа кодекс қабылданғаннан кейін бұл сома бірнеше есе артады. Бұл тізімде қымбат темекі, қымбат тон, зергерлік бұйымдар да бар. Байлығыңды көрсеткің келе ме, салығын төле де, игілігін көре бер.
Деректер елімізде құны 100 млн.теңгеден асатын жылжымайтын мүлік иелерінің саны небары 720 адам екенін көрсетеді.
«Көлеңкелі табысын» жасыру мақсатында мүлкін туған-туысына, ағайынының атына аудару секілді әрекеттер де болатыны жасырын емес. Облыстың мемлекеттік кірістер департаменті мамандары да осылай дейді.
– Қарағанды облысында құны 50 млн. теңгеден асатын көлігі бар қанша жеке тұлға бар екенін білу мүмкін емес. Себебі, көлік салығы оның бағасына емес, қозғалтқыш көлеміне қарай салынады. Сол сияқты біз бір адамда оннан аса пәтер бар немесе жоқ екенін тағы білмейміз. Себебі, пәтер тек Қарағанды өңірі ғана емес, басқа облыстарда да болуы мүмкін, – дейді олар.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz