Сәкен театрының белесі
Биыл С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының жылы болды десе артық емес. Бірнеше республикалық, халықаралық өнер фестивалінен олжалы оралды. Қарашаңырақтың қабырғасында да шоқтығы биік премьералар сахналанып, көрермен қошеметіне бөленді.
Сербияның Крагуевац қаласында Joakimfest XIX халықаралық театр фестивалінде «Ataukere» қойылымын ұсынып, «Үздік актерлік ансамбль» мәртебелі сыйлығын жеңіп алды.
Мамыр айында Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрында Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Жүнісовтің туғанына 90 жыл толуына орай «Сәлем» халықаралық театр фестивалі өткен еді. Содан Сәкен театрының ұжымы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Жуасбектің «Үйлену» музыкалық-комедиялық қойылымын сахналап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Жерлестерімізге «Үздік актерлік ансамбль» аталымы бұйырды. Қазылар алқасы «Үйлену» комедиясында түрлі кейіпкерлерді сомдаған қарағандылық әртістердің шеберлігін, шынайылығын айрықша атап өтті.
Башқұртстанның Уфа қаласында «Туғанлық» ұлттық театрларының 8-ші Халықаралық фестивалінен де жүлделі оралып, мәдениет қоржынына олжа салды. Мұның да орны бөлек. Мажит Гафури атындағы академиялық драма театрында өткен фестивальде Сәкен театрының актері Бауыржан Нұрмағамбетов «Қарагөз» қойылымында Нарша бейнесін үздік сомдағаны үшін «Үздік ер адам рөлі үшін» жүлдесі жеңіп алды. Онымен қоса, талантты актриса Әнел Сағындықоваға Қарагөз рөлі үшін фестивальдің тағы бір арнайы жүлдесін табыстады.
Павлодар облысында Ж.Аймауытовтың 130 жылдығына арналған «Ертіс-Баян» театр фестиваліне де қатысып келді. Ұжым сахналаған «Қарагөз» қойылымы «Үздік сценография» аталымын жеңіп алды.
Көрнекті жазушы-драматург Роза Мұқанованың мерейтойына орай Астанада өткен «ТЕАТР АLL» атты III Халықаралық театр фестиваліндегі «Ешкім де кінәлі емес» драма-абсурд қойылымында Асыл рөлін сомдаған актриса Дина Заитова «Үздік әйел бейнесі» аталымындағы жүлдеге қол жеткізді. Міне, қарашаңырақтың негізгі жеткен жетістігі – осылар.
«Біздің ұжым театр маусымында 4 драмалық премьераны, 3 ертегіні жарыққа шығарды. Жан-жақтан басқа да театр ұжымдары гастрольдік сапармен келді. Біз де бардық. Павлодар, Ақсу, Екібастұз қаласындағы ел-жұртты театр өнерінің дәм-тұзымен сусындатып қайттық. Былтыр ғана бас көтерген қуыршақ театрымыз Алматыда өткен қуыршақ театры фестивалінде тамаша өнер көрсетіп қайтты. Оның өзі біз үшін үлкен олжа», – дейді театр директоры Құрман Қалымов.
Театрдың әртістері де құрметке бөленді. Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кеңес Жұмабеков Қазақстанның Халық әртісі атанды. Қайрат Кемалов «Парасат» орденімен наградталып, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы атанды. Жетпістің жотасына жол тартқан Махмуд Садықанов «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік марапатын тағынды. Театрдың көркемдік жетекшісі Айдын Салбан облыс әкімінің «Үздік режиссер» сыйлығын алды. Театр әртістері Амангелді Мұқашев, Маржан Ахметова мәдениет саласының үздігі атанды.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz