Басты тақырыпПоэзия

СӘКЕН сері мен МӘРИЯМ ару

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Сәкен сері

мен МӘРИЯМ ару

Қыс кетіп,

Қарқаралда қой қоздады,

Қияндап ой мен қырға ой да озғалы;

Думанды той жасады 90-ға кеп,

Әлжекең* соңғы рет бір бой жазғалы…

Бір жуу деп жүректегі берішіңді,

Абызға ақ бейілін ел ұсынды.

Асаба – Сәкен сері,

Сағынайдың

Тойында жүрген Ақан сері сынды.

Шарабын Хафиздің де ішкен қызып,

Советтің іргетасын іштен бұзып! –

Алаштың арысынан бізге қалған

Көзіне Әуезовтің түскен жігіт!

 

Мұхтарды тәнті қылған Сәкен сері!

Ғабеңді ынтық қылған Сәкен сері!

Тұрғанмен жүзі жайнап, нұры да ойнап,

Тылсым бір теңіздейін екен шері…

Судың да жүзіп ішкен тұнығынан,

Ұлыстың именбеген ұлығынан;

Дүркіреп өте шығар дауыл ғой бұл, –

Дүние келмейтұғын жұлығынан!

Арқада –

Қарқаралы – қоныс ғажап,

Жаз шығып, Күннің көзі толысқан шақ.

Сәкенге аң-таң қалып қарап қалған,

Жиналған қалың дуға орыс, қазақ.

Ұлтыңа береке боп бір іс бітпек; –

Ұл туса ұлысына –

Ырыс-құт! – деп, –

Сәкен тұр Қарқаралы қиясында,

Аузымен алтын аптап,

Күміс күптеп!

Көңіл тұр көкжиекте өсіп, кеңіп,

Аяулы Алаш дейтін бесікке еніп;

Қонғандай осы жерге ертегіден,

Қоянды жәрмеңкесі көшіп келіп!

Кешіп кеп әннің терең дариясын,

Тебірентіп жасын елдің, қариясын; –

Бір кезде Сәкен сері Сарыарқада,

Шырқады итальян ариясын!

Дүние құндыздайын құлпырғандай,

Аспанға қанат байлап, ұмтылғандай;

Жарасып осы ұлы жаһанада,

Қазақ пен итальян бір туғандай!

Көргенім өңім емес, – бір түс еді,

Тамсану – жақсыға тән үрдіс еді.

Салы мен серісі көп мынау елдің,

Алдына адамзаттан кім түседі?!.

Болдық деп неге әуреміз –

бола алмасқа?

Кететін енді қайтып оралмасқа, –

Дүние –

Ән екен ғой бой балқытқан,

Онда мән жоқ екен ғой одан басқа!

Дүние, беу, шіркін-ай, өлең екен!

Өлеңнен неге бізді бөледі екен?!

Өмірдің өңі әсем болғанменен,

Өлеңнен басқасы өшіп… өледі екен!

Сиқырлы сазды әуенге алап тұнып,

«Кекілін кербестінің тарап тұрып» **

Мәриям деген Ару шыға келіп,

Ән салды сері ағама қарап тұрып:

« – Мәриям Жагор деген орыс қызы,

Он алты, он жетіге келген кезі,

Қазаққа Дудар деген ғашық болып,

Сондағы Мәриямның айтқан сөзі:

Дудар-айым, дудым,

Бір сен үшін тудым,

Шіркін-ай,

Дудар-айым, дудым-ай!..»

Өмірі мына қыздың өлең екен,

Кеудесін, сонсоң, асқақ кереді екен!

Мәриям – он жетіде – орыс қызы,

(Бір туған –

Қайта туа бере ме екен?!)

Көбесі ақша бұлттың сөгіліп бір,

Арқаға Күннен шуақ төгіліп – нұр;

Алпыстан асып кеткен Сәкен сері,

Келгендей жиырма беске егіліп тұр!

Ел таң боп қалған сонда, талған өзек,

Көмейін қара түннен – таңға безеп;

Ән салды Қарқаралы қиясында,

Сәкен мен Мәриямыз алма-кезек!

Арқаның сазға сықап құба белі,

Қайыңдар биден қалып…

тұра берді…

Мәдидің «Шіркін-айы» ***

көкке шапшып,

Ақанның аспандады «Құлагері!» ****

Қазақтың ғажап екен шалқар әні,

Көмейден қалай-қалай бал тамады?

«Басында Қарқаралы –

жалғыз арша» *****

Әуеде –

Мәди жыры – “Қарқаралы!”

Дақпырты жұртқа мәшһүр

дарадай боп,

Сәкендер толқып әнге салады-ай кеп;

Тоқсанға келген ғазіз Әлжекең тұр,

Тоғызға жаңа толған баладай боп!..

Шалықтап әннің толқын, дариясы,

Аң-таң ғап жасы менен қариясы; –

Серіге сәлем салып, бас иіп тұр,

Қазақтың қайта туған Мәриясы!

Серіге,

Аруға да рахмет!

Маңдайға жазылғаны – бір ақырет, –

Арманда өтеміз ғой бұл жалғаннан,

Деп еді-ау, Ғабиден сал Құлахмет!******

Ер болып, мен де төске өрледім кеп,

Жақсы боп шаршы топта төрледім көп;

Алпыс бел ассам-дағы дүниеден,

Мен мұндай ғажайыпты

көргенім жоқ!!!

Өмірі бұл қыздың да өлең екен,

Кеудесін, сонсоң, асқақ кереді екен!

Мәриям – он жетіде – орыс қызы,

(Бір туған –

Қайта туа бере ме екен?!)

Сәкенім күллі жұрттан бөлек екен,

(Қай жерде… серім тағы…

не деді екен?).

Дүниеден Біржан кеткен –

О да кетті!

…Тезіне Тәңірдің жан көнеді екен…

Дүние, беу, шіркін-ай, өлең екен!

Өлеңнен неге бізді бөледі екен?!

Өмірдің өңі әсем болғанменен,

Өлеңнен басқасы өшіп… өледі екен…

Судың да жүзіп ішкен тұнығынан,

Ұлыстың именбей бір ұлығынан; –

Дүркіреп өте шықты Сәкен сері,

Дүние келмей, мүлде, жұлығынан!

Болдық деп неге әуре жұрт –

бола алмасқа?

Кететін енді қайтып оралмасқа, –

Дүние –

Ән екен ғой бой балқытқан,

Онда мән жоқ екен ғой одан басқа…

* Әлжаппар Әбішев.

** Халық әнінен

*** ”Шіркін-ай” – Мәдидің әні.

**** ”Құлагер” – Ақан серінің әні

***** ” Қарқаралы басында –

жалғыз арша” – Біржанның әнінен.

****** Ғабиден Құлахмет – Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы.

29.06.2016 ж.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button