Бас тақырып

Сәбидің амандығы елге аманат

Ана мен баланың амандығы – келешектің кепілі. Олардың денсаулығын сақтау тұтас ұлт үшін аса маңызды. Кейігі жылдары ана мен бала өлімінің белең алғаны жасырын емес. Оны Президент те ашық айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отырысында: «Басты міндеттің бірі – ана мен баланың денсаулығын сақтау. Өкінішке қарай, сәби өлімі көбейді. Ана өлімі де аз емес», – деп, елдегі перинаталды қызметті тексеруге тапсырма берген еді. Сол кезде «Қазіргі перзентханалардың көбі халықаралық стандарттарға сай емес. Осы мәселені жүйелі түрде шешу керек», – деген болатын. Денсаулық сақтау министрлігінің биылғы дерегінше, ана мен бала өлімінің көрсеткіші едәуір төмендеген.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Алты жылда 563 ана қайтыс болған

Елімізде 2019 жылы 55 ана босану кезінде көз жұмған. 2020 жылы сәбиін дүниеге әкелуде 156 ана бақилық болған. 2021 жылы – 200, 2022 жылы – 70, 2023 жылы 45, 2024 жылы 37 ана босану үстінде жан тапсырған. Былтыр қайтыс болған аналардың 54%-ы пайызы қалада тұрған. Ал, 46%-ы – ауыл тұрғандары. 
Ана өлімі өршіген аймақтар арасында Қарағанды жоқ. Ана өлім-жітіміне құпия аудит жүргізу жөніндегі өңірлік үйлестіруші, акушер-гинеколог Ангелина Гардердің айтуынша, былтыр өңірде ана өлімінің бір жағдайы орын алған.

– Қайғылы жағдайға себеп – әйел денсаулығындағы жүктілікке дейінгі ауыр сырқаты. Осы сырқатына байланысты жүктілікке қарсы көрсетілім берілген. Алайда, салдары қайғылы аяқталды. 2022 жылы облыста 4 әйел, 2023 жылы бір әйел қайтыс болды, – дейді Ангелина Гардер.

Маманның айтуынша, ананың өлім-жітіміне әйел адамның жүктілік кезіндегі, босану үстіндегі және босанғаннан кейінгі кезеңде қайтыс болуы жатқызылады.

– Мұндай жағдайға жүктілікпен байланысты кез келген патологиялық ақау әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, әйел бойындағы жүктілікке дейінгі кез келген ауру-сырқау да себеп, – дейді акушер-гинеколог маман.

Дерекке сәйкес елде ауру бойынша диспансерлік есепте шамамен 3 млн әйел тұр. Бұл – диспансерлік есепте тұрған ересек тұрғындардың 63%-ы. Мәселен, жыл сайын тек қант диабетімен ауыратын 4 мыңға жуық жүкті әйел тіркеледі. 

Сәбилердің шетінеуі азайды ма?

Соңғы 6 жылдағы ана мен бала өліміне қатысты деректер кімді де болса, алаңдатпай қоймайды. 2019 жылы 3 360 сәби шетінеп кеткен. Ал 2020 жылы 3 286, 2021 жылы 3 732 сәби қара жердің қойнына тапсырылған. 2022 жылы 3 154 сәби көз жұмған, 2023 жылы 2 998 сәби шетінесе, былтыр 2 598 сәбиді ата-анасы перзентханадан емес, мәйітханадан алып шыққан. Сонда азайды дегеніңіз – 2 жарым мың сәби.

Қазақстанда 2008 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған тірі туу критерийлері енгізілген. Соның нәтижесінде елімізде дене салмағы 500 грамнан басталатын және жүктіліктің 22 аптасындағы гестация мерзімі бар балаларды аман алып қалу тәжірибесі жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, былтыр салмағы 500 грамнан 1 келіге дейінгі 1 281 сәби туған. Соның 657-і аман қалған. 

Үкімет қандай шара қолға алды?

Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынған мәліметіне сүйенсек, жаңа медициналық технологияларды енгізу мен клиникалық хаттамаларды жаңарту нәтижесінде неонаталды өлім-жітім 19%-ға азайды. Соңғы 10 жылда нәрестелердің шетінеуі 6,7%-ға, ана өлімі 11,4%-ға төмендеді. Сонымен қатар, туа біткен ақауларды ерте анықтау көрсеткіші 10%-ға өсті. Былтыр ел бойынша 367 мың әйел аман-есен босанды. Перинаталды скринингпен қамтылған әйелдердің үлесі 90%-ды құрап, қауіптің алдын алу мүмкіндігі артты.

Осы мақсатта еліміздегі 15 перинаталды орталықта «Бір күндік клиникалар» ашылды. Мұндай жоба аймақта да облыстық клиникалық аурухана базасында жүзеге асып жатыр.

Аймақта да аналардың өлімі біртіндеп азайып келе жатқанын алға тартады маман. Үш жыл бұрын бұл көрсеткіш 100 мың тірі туған балаға 23-тен болса, былтыр 6,3-ті құраған.

– Қарағанды облысында 2021 жылдан перинаталдық көмекті ұйымдастыру мәселелері жөніндегі ситуациялық орталық жұмыс істейді. Бұл орталық Қазақстанда бірінші рет біздің облыста құрылды. Орталықтың қызметі ана мен баланың өлім-жітімін төмендетуге, жүкті әйелдерге, босанған әйелдерге және репродуктивті жастағы әйелдерге көрсетілетін медициналық көмек сапасын жақсартуға бағытталады. Орталық емханалар мен стационарлардың жұмысын талдайды, осы пациенттер тобына көмек көрсетеді және жұмыс ақауларын анықтайды. Орталықтың маңызды бағыттарының бірі – ауыр сырқаты бар әйелдерге контрацепция мониторингін жүргізу. Өйткені олар үшін жүктілік денсаулық жағдайының нашарлауына және аурулары асқынып, қайғылы салдарға әкелуі мүмкін, – дейді Ангелина Анатольевна.

2024 жылы облыс көлемінде 15 715 сәби дүниеге келді. Оның 3 839-ы кесар тілігі арқылы жарық көрді. Жалпы, облыста бүгінгі таңда фертильдік жастағы 265 630 әйел тұрып жатыр.

Елімізде 2026-2028 жылдары облыстық ауруханаларды жаңарту жобасы жүзеге асырылады. Бұл жобаға перинаталдық орталықтар да кіреді. Өйткені перинаталдық орталықтар әр өңірдегі денсаулық сақтау саласының жетекші буыны сапында. Аймақтағы №1 перинаталдық орталықта да қазіргі уақытта кең көлемдегі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Сала мамандары ана мен бала өлімінің алдын алу, көрсеткішті азайту үшін мынадай екі мәселеге назар аудару қажет екенін алға тартады. Біріншісі – ана денсаулығы, екіншісі – ана жауапкершілігі. Сондықтан, болашақ аналар жүктілікке дейін тексерістен өтіп, қажет болса, емделіп барып ана атануға бекінгені дұрыс.
Одан бөлек, мамандардың жетіспеушілігі, перинаталдық орталықтардың толық көлемде материалдық жабдықталмауы, орын тапшылығы да шешімін күткен маңызды мәселелер. Президент тапсырмасымен 2024-2026 жылдарға ел бойынша 13 перинаталдық орталық бой көтереді. Оның бірі Қарағандыда салынады. Заманауи орталықтың салынуы жүктілікті жоспарлаумен, босандыру және одан кейінгі күтіммен байланысты барлық қызмет түрін жаңа сапалы деңгейге жеткізуге ықпал етпек. Орталық құрылысы жоспар бойынша 2027 жылы басталады.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button