Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Сұңқардың самғау сәті

…Әлі есімде, 1991 жылдың қыркүйек айының бел ортасы еді. Кеңес Одағының Батыры Тоқтар Әубәкіров қазақ халқының атынан ғарышқа қанат қаққалы отырған қуанышты кезең болатын.

– Жігіттер, бұл біздің халқымыз үшін ақ түйенің қарны жарылатын торқалы той ғой! Осы күнді қазақ халқы 30 жылдан бері сарғая күтіп келді. Біз бұл тарихи оқиғадан қалыс қалмайық. Ғарыш айлағына редакциямыздың бір жігітін арнайы іссапарға жіберейік. Тоқтар батырдың ғарышқа қалай ұшқанын өз көзімен көрсін. Газетімізге сол тарихи сәттен жедел түрде репортаж дайындасын. Бұған қалай қарайсыңдар? – деді редакцияның кезекті апталық лездемесінің соңында бас редакторымыз Нұрмахан Оразбеков.

– Тіпті, тамаша болар еді!

– Оған сөз бар ма?

– Әрине, қолдаймыз! Тамаша ұсыныс! – деп ду ете қалды журналист ағаларым мен апаларым тұс-тұстан.

– Онда жөн. Ал кімді жібереміз? – деп жымия қарады Нұрмахан ағамыз. Редакцияның ақпарат бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарып жүрген кезім еді. «Сен тұр, мен атайын» деп жүрген орда бұзар 30 жастағы кезім ғой. Алдымды біреу орап кетердей көрсем керек.

– Мен барайыншы! – деп орнымнан қарғып тұрдым.

– Иә, Төлеубай барсын. Жазуы да ұшқыр. Бөлімі де ақпарат саласы. Жолы да, жөні де солай ғой өзі, – деді әріптестерім. Бұл ұсынысты бас редактор да қолдады. Газетіміздің бас редакторы лауазымына Алматы қаласынан келген Нұрмахан Оразбеков ағамыз абыройы мен беделі зор азамат еді. Пейіште нұры шалқығай! Ол тиісті орындармен сөйлесіп, арнайы хат жолдады. Ғарыш айлағына баратын республика журналистерінің тізіміне мені де қосты. Сонымен, қыркүйек айының соңғы күнінде жолаушылар поезымен жолға шықтық. Таң қараңғысында Қызылорда облысының Төретам теміржол станциясынан түстік. Журналистерді арнайы автобус күтіп тұр екен. Байқоңыр ғарыш айлағы осы арадан қашық емес көрінеді. Тәртіп қатал. Үш жерден әскери бекет тексеруінен өтіп, ғарыш айлағына келдік. Мейманханаға орналасып, асханадан жүрек жалғап алған соң журналистерді автобуспен МИК деген өте зор кешенге алып келді. МИК – монтаждау-сынақ кешені. Осы жерде ғарыш кемесінің бөлшектерін құрастырып, сынақтан өткізіп, арнайы теміржол арқылы үш шақырым жердегі Старт алаңына алып барады екен. Кешеннің аумағы – ат шаптырым. Әскери құпия болып саналатын ерекше күзеттегі нысан ғой. Сыртында периметр бойынша бірнеше жерде қарулы күзет тұрғанын көрдік. Кешеннің ішіне әскерилер тізім бойынша тексеріп барып кіргізді. Алып кешен ішінде бірнеше жерде мамандар ғарыш кемелерін құрастырып жатты. Ал, құрамында Тоқтар Әубәкіров бар халықаралық экипаж ұшатын «Союз ТМ-13» ғарыш кемесін біз келерден бір күн бұрын Старт алаңына алып кетіпті. Сол күні ғарышкерлер баспасөз конференциясын өткізді. Ғарыш экипажының командирі Александр Волков, Австрия ғарышкері Франц Фибек және біздің батырымыз Тоқтар Әубәкіров шыны әйнектің ар жағында отырып, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Тоқаң өзін өте еркін ұстап, әдеттегідей жайдары қалпында жайраңдап отырғанын көріп, алаңдаған көңіліміз орнына түсті. Ғарышкерлермен баспасөз конференциясы өтіп жатқан сәт еді.

– Сіздердің араларыңызда Қарағанды қаласынан келген журналист бар ма? – деп сұрады кенеттен Юрий Гагарин атындағы Ғарышкерлер дайындау орталығының бастығы, авиация генерал-майоры Петр Ильич Климук. Тағы да орнымнан қарғып тұрдым.

– Блокнотыңызды маған бере тұрыңызшы, – деді генерал. Дереу қойын дәптерімді қолына ұстаттым. Шалт қимыл қанына әбден сіңіп кеткен әскери адам ғой. Қойын дәптеріме бірдеңені шапшаң жазып тастады да, қолыма қайтарып берді. «Қарағандылықтарға Тоқтар үшін рахмет!» депті генерал-майор Петр Климук орыс тілінде. Жанымдағы әріптестеріме мақтана көрсеттім генерал Климуктың жазған сөздерін. Олар да мені құттықтап, бас бармақтарын көрсетіп жатты. Экипаж командирі ретінде үш мәрте ғарышқа ұшқан, Кеңес Одағының Батыры атағына екі мәрте ие болған айбынды азаматтың Тоқтар батырдың тамаша дайындығына деген шынайы ризашылық көңілінен шыққан адал лебіз ғой – бұл. Ертеңінде таңертең бізді тағы да МИК кешеніне алып келді. Ғарышкерлер әскери басшыларға өздерінің стартқа дайын екендерін баяндады. Ал, біздің Тоқтар батыр:

– Президент мырза! Ғарышкер Тоқтар Әубәкіров қазақ халқының атынан ғарышқа ұшуға дайын! – деп қазақ тілінде баяндады Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа.

– Жолың болсын, Тоқтар! Аман барып, сау қайт! Бұл – халықтың тілегі! – деді Нұрсұлтан Әбішұлы да толқи сөйлеп.

Кеудеміздегі қара тас емес, жүрек қой! Мұндай сәтте қалай толқымайсың? Біздің де бойымызды қуаныштың ыстық лебі кернеп, көзіміз жасаурап шыға келген еді.

Ғарышкерлерді арнайы автобуспен Старт алаңына алып кетті. Оларға ақ жол тілеп, артта қалған қалың ел көру алаңын бетке алдық. Ғарыш кемесі бізден екі шақырым жерде буы бұрқырап тұрды. Ғарышкерлерді стартқа екі сағат қалғанда зымыранға мінгізіп, есігін жауып қояды екен. Кеменің ішіндегі көрініс үлкен экраннан үзбей көрсетілуде. Міне, көптен күткен сәт те жетті! Стартқа жарты сағат қалғанда ұшу уақытына қанша минут қалғанын репродуктордан хабарлай бастады.

– Стартқа 10 минут қалды!

– Стартқа 5 минут қалды!

– Стартқа 1 минут қалды!

– Кілт Стартқа!

– Он, тоғыз, сегіз, жеті…

– Старт!

Қызыл жалын жарқ ете қалды да, жойқын жарылыстың жаңғырығы құлақ тұндырды.

Соңынан от-жалын шашқан «Союз ТМ-13» ғарыш кемесі заңғар көкке зымырай жөнелді. Оның ішінде өзінің сыралғы серіктерімен бірге қазақтың батыр перзенті Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшып бара жатыр!

Сүйінші, Қазақ елі! Сенің бақытыңа туған батыр перзентің ғарышқа қанат қақты! Қазақтың қыраны ғарыш көгіне самғап барады! Шалқыған шаттық арнасынан асып төгілді. Бірімізді біріміз құшақтап, жүрекжарды лебізімізді ақтарыла айтып тұрмыз.

– Ақсарбас! Ақсарбас! – деп айқайлап тұр шапан киген қызылордалық бір қарт қолындағы тақиясын көкке бұлғап. Ол маған осы қарттың бейнесіндегі қазақ халқындай көрінді. Осы көрініс көпке дейін ойымнан кетпей жүрді. Ғарыш кемесі көрінбей кеткенше көз алмай соңынан қарап тұрдық. Содан кейін үлкен экраннан кеме ішінде самғап бара жатқан ғарышкерлерді көрсете бастады. Александр Волков пен Тоқтар Әубәкіров ғарыш кемесінде еркін отырғандары анық байқалады. Тіпті, біздің батыр ол жерде де күлім қағып, бізге сәлем жолдап бара жатты. Ал, Австрия ғарышкері Франц Фибек қобалжып отырғандай көрінді. Оған біздің Тоқтар бірдеңе айтып, көңілін демдеп қояды.

Бұл 1991 жылдың қазан айының 2-ші жұлдызы еді. Қазақ халқының жадында өмір бойы сақталатын жұлдызды күн болды – бұл.

Адам қуанған сәтте әнші болып кетеді екен. Әйтеуір, сол күні түс ауа Төретам станциясынан жолаушылар поезына отырған қазақстандық журналистер шетінен әнші болып кетті. Той тарқар сәтте айтуға жарайтын даусыммен мен де бір-екі ән айтып жіберіппін…

Қарағандыға қайтып оралған бетте сол тарихи оқиға туралы облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің екі санында «Сұңқардың самғау сәті» деп аталатын көлемді репортажым жарияланды.

«Ей, Кеңес Армиясының қызыл жолақ шалбарлы генералдары!

Қараңдар, көріңдер, сүйсініңдер және мойындаңдар! Қазақтың баласы да ғарыштың өгей перзенті емес. Енді бір кеме ұшырсаңдар, Талғатымыз сақадай сай тұр. Олардың соңынан еретін ізбасар інілері де бар!» деп сілтеген едім шалқыған көңілдің әсерімен сол репортажымда. Кейін осы айтқаным айна қатесіз келді.

Бұл журналистік еңбек жолымдағы ең жарқын сәттердің бірі ретінде жадымда мәңгі сақталып қалды.

***

Тоқтар батыр өзінің серіктерімен бірге ғарыштағы «МИР» орбиталық кешенінде 7 күн 22 сағат 13 минут болып, 10-шы қазан күні Жерге қайтып оралды. Арада бір ай өткен соң қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров Жұлдызды қалашықтан Қарағандыға ұшып келді. Халық оны әуежайдың басынан зор құрметпен қарсы алды. Батырдың Қарағандыда басталған сапары кіндік қаны тамған атамекені Қарқаралы ауданында жалғасып, халықтың ұлан-асыр тойына айналды. Ол сапарында да батырдың жанына бірге еріп жүрдім. «Орталық Қазақстан» газетіне бір апта бойы номер сайын жедел репортаждарым жарияланып жатты. Бұл енді өз алдына бөлек бір хикая…

Ғарыш кемесіндей зымырап жатқан уақыт! Содан бері де 30 жыл сынаптай сырғып өте шыққан екен.

Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button