Сұңқар сатқанға жаза қатаң
Табиғат тыныштығын бұзғандар қатаң жазаға тартылады. Соған қарамастан, аң мен құс аулайтын браконьерлер тыйылар емес. Әсіресе, бұл Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген ителгіге қатысты. 1980 жылы жүргізілген санақ Қазақстанда ителгі саны орта есеппен 5 мың ұя салатын жұпқа бағаланса, 2012 жылы сарапшылар небары 1 мыңға жуық жұпты есепке алыпты. Қазіргі саны – белгісіз. Жалпы, сұңқар тұқымдасына жататын бұл құс Қазақстан ғана емес, Моңғолия мен Ресейде де азайып кеткен. Ал, бірқатар елдерде мүлдем жойылған.
Ел аумағында және облысымызда да жыл сайын «Сұңқар» табиғатты қорғау акциясы өтеді. Акция кезінде браконьерлермен күресу үшін күшейтілген патруль және мобильдік блокпосттар ұйымдастырылады. Ол 15 тамызға дейін жалғасады.
Жыл сайынғы «Сұңқар» акциясы ителгінің ұя салатын жерлерге қоныс аударуы кезінде браконьерлікті анықтауға және жолын кесуге бағытталған. Қарағанды облысында блокпосттар мен күшейтілген патруль Ақтоғай, Шет және Нұра аудандарында ұйымдастырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Охотзоопром» РМК Орталық өңірлік филиалы басшысының орынбасары Жанат Рахымбеков мәлімдеді.
– «Сұңқар» кең ауқымды акциясы 1 тамызда басталды. Акция кезеңінде Қарағанды және Ұлытау облыстарының аумағында 20 инспектор мен сегіз техника жұмылдырылады. Қазір облыс аумағында табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықтарға жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда мобильді блокпосттар қойылды. Заң бұзу фактілері әлі анықталған жоқ, – дейді Жанат Рахымбеков.
Орнитологтардың мәліметінше, бүгінгі таңда елімізде ителгі сұңқарларының саны азайған. Азайып кету себебі де түрлі. Мамандар көбінесе климаттық өзгерістерге байланысты екенін айтады. Одан бөлек, жоғары вольтты электр желілері де – ителгінің жауы. Ауыл шаруашылығында пайдаланылатын химиялық тыңайтқыштарды шашу кезінде де уланады. Ал, санының азайып кетуінің басты себебі – заңсыз аулау.
Жалпы, елімізде ителгінің алты түрі бар. Сағатына 10 шақырым жылдамдықпен ұшатын құсты аулағандар Қылмыстық кодекстің 337 және 339-баптары бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Атап айтқанда, қылмыс түріне қарай, 3 жылдан 10 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру көзделген.
Одан бөлек, Үкімет қаулысымен жануарлар дүниесін қорғау қағидаларын бұзғандарға 700 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатынын да айту керек. Бұл – шамамен 2,5 млн. теңге.
Қарағанды облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Абзал Балтабаев құстар популяциясын ұлғайту үшін қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.
– Біріккен Араб Әмірліктері мен Қазақстан Республикасының осы түрдегі құстарды қорғауға, сондай-ақ, олардың табиғи популяциясын ұлғайту үшін жағдай жасауға бағытталған Үкімет бағдарламасы шеңберінде әр көктемде сұңқарларды табиғатқа шығару жүзеге асырылады. Мәселен, 2021 жылы облыс аумағына – 86, 2022 жылы – 80, 2023 жылы – 52 құс шығарылды. Оның 23-і – перегрин сұңқары, 29-ы – ителгі, – дейді Абзал Балтабаев.
Брифинг барысында мамандар Шет ауданында 2021 жылдан «Самұрық» жыртқыш құстарды өсіру, бақылау және оңалту орталығы жұмыс істейтінін де айтты. Жыртқыш құстардың көбеюіне жағдай жасап отырған орталық қызметкерлері құстарды өсіру, оңалту және реинтродукциялау әдістерін жетілдіру бойынша ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізеді. Зоология институтымен бірлесіп, орталық мамандары Бетпақдала аумағында құсбегілер өсірген сұңқарларды жерсіндіруде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге ниетті. Бүгінгі таңда орталықта ителгінің 62 аналығы бар.
Естеріңізге сала кетейік, сұңқарлар Қазақстанның «Қызыл кітабына» және халықаралық табиғатты қорғау одағының «Қызыл кітабына» енген. Сондықтан, ителгілер мен олардың балапандарын шекара арқылы өткізу Қазақстандағы Құрып кету қауіпі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенциясы әкімшілік органының рұқсаты болған жағдайда ғана мүмкін.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz