Руханият

Сұңқар Сәкен

Қазақ әдебиетінің әлемдік сөз өнеріне қосқан үлесі – өлшеусіз. Әдебиеттің ақ отауына бас сұқсаңыз, туған халқының асыл бейнесін, рухани қасиетін паш еткен, даңқын асырған дарын иелеріне тоқталмай кету мүмкін емес. Еліміздің бай әдебиетінің бастауында хакім Абайдың сырлы мұрасы тұр. Абайдан кейін поэзия патшалығына жаңашылдық әкелген ақын Сәкен СЕЙФУЛЛИННІҢ қайғыға тұншығып, қасіретке күйініп тұрып, жырлаған дүниелерінің сипаты – терең, көркемдігі – айрықша. Өлеңінің әр жолынан шұғыла шашқан ақын қарапайым халықтың бостандығын шабыттана жырға қосты. Қан жылаған ақын жүрегі жалынды жырлар туғызды. Бірақ, біз Сұңқар Сәкенді ақын ретінде танып, жазушылық қырын жиі айта бермейтініміз бар. Көркем сөз құдіретін танытуға сыбағалы үлесі тиген қаламгер қазақ әдебиетін әлемдік биікке шығаруға, шарықтап өсуіне тынымсыз еңбек етті.

Сәкен әдебиеттің дамуына жол көрсетіп, игі ықпалын тигізіп, алтын көпірге айналды. Жаңалық рухын сеуіп, болашақ үшін пәрменді күрес керек екендігін үндеді. Зерделі қалам иесі елінің рухани айдынында жүзіп, іргелі тарихи-өмір бейнесін сөзбен суреттеді. Тарихты парақтасақ, парасатты жанның алғаш 1917 жылы жазған «Бақыт жолында» драмасы 1918 жылы Ақмола жастарының күшімен сахналанған екен. Одан кейін, революционерлердің өмірін бейнелейтін «Қызыл сұңқарлар» драмасы 1920 жылы жарық көріпті. 1927 жылы жеке кітап болып басылған «Тар жол, тайғақ кешу» романы ең көркем және әлеуметтік мазмұны бай сирек туынды ретінде оқырманға жол тартты.

«Жұбату» сынды қысқа әңгімелері, «Бандыны қуған Хамит» сияқты прозалық туындылары, «Жер қазғандар» повесі ескі дүниенің бұғауын бұзып, әділдіктің жеңіп шығатындығын насихаттады. Оның ішінде, бала күнімізде оқығанда «Жер қазғандар» повесіндегі Хасен, Халкен, Сатай, Әзімхан, Бұзаубақ деген бес жігіттің портреті тұтас қалпын көз алдымызға алып келгені әлі есімде. Кейін айтулы шығарманы қайта оқып шыққанда қиялымызды сан қияға салып, ойландырып, толғандырып тастайтын. Ал, «Тар жол, тайғақ кешудің» құнарынан құмарлана сусындамаған жан жоқ шығар. Автордың тұтқындардың көңіл күйлерін, өліммен бетпе-бет келген тұстарын шебер жеткізуі, бостандықты аңсауы – тіршілік үшін күрестің жарқын көрінісі.

«Өлімді күн сайын күтіп отырдық. Революцияның дұшпандары күннен-күнге әбжыланша уын шашып, ысқыра берді. Қажы, молда, би, болыстар тыныстарын кеңітіп, жайланып демдерін алды. Темірторлы тас сандықтың ішінде шынжырланып байлаулы қызыл сұңқарлар жатты. Қастың айызы қанды. Достың жүрегін жалын шалды» деп келетін жазушының ерекше берген образы естен кетпестей санамызда сақталды.

Бұл Сәкеннің екінші өмірі еді, ал, мәңгілік өмірі жалғаса беретіндігі анық. Қаламгер әдебиетті жаңа белеске көтерді дедік. Әдебиеттің миуалы бағынан ойып орнын алған ақын поэзиясы өнерге өзек болды. Ақын өлең мұрасының тұнба түбінде терең ой жатыр. Сөз зергері, тіл ұстасы «Өнер алды – қызыл тілдің» (Абай) құдіретін дәлелдеді.

Әріге бармай-ақ, «Көкшетау» поэмасының бастауындағы мына бір шумағына үңілейікші.

«Арқаның кербез сұлу Көкшетауы,

Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын.

Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп,

Жүреді біліп кетіп есен-сауын» деген алғашқы төрт тармағында поэтикалық образ жатыр емес пе?! Адамгершілік, махаббатқа, ақиқатқа құштар ақынның жан сезімі атой салып тұрған жоқ па?! Бір ғана шығармасымен-ақ, ақын жыры әсемдіктің, сұлулықтың құдіретіндей парасатты өнердің парқын ұғындырып тұр. Ақынның әр өлеңіне тоқталып, толғансақ, әр жолына тамсанып, терең сезімге батарымыз сөзсіз.

Абайдың ізгі дәстүрінен нәр алып, ұлы түбірмен тыныстаған үздік өнердің қайталанбас өкілі Сұңқар Сәкеннің қаламынан туған шығармалар, шындықпен үйлесіп, ұлтымен үндесіп, мәңгілік жасай бермек!

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button