ЖаңалықтарРуханият

Құс қанатындай қос жинақ

            Арқа атырабына аты мәлім ұстаз, ҚазКСР Оқу ісінің үздігі, ақын Мәпіш ШӘРІПҚЫЗЫНЫҢ алдында ұятты бола қалғаным. Қоңыр күзде апайдың асыл жары, белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Талғатбек ӘБДІРАЗАҚОВТЫҢ өнегелі өмірі жайлы жазылған «Қыран ғұмыр» атты жинағы түскен. Қазақтың тілі мен сөзін мәпелей білген Мәпіш апайдың асыл жар аманатына адалдық танытқан еңбегі жайлы екі ауыз жылы пікір жазудың реті келмей қойған. Уақыт – тапшы. Сөз қадірін білетін, қаламы төселген қадірлі апайдың еңбегі жайлы атүсті пікір жазып, абыройсыз қалмайын деген пейіл де болды. Осылайша «ұзын арқан, кең тұсауды» шұбатып жүргенімде Мәпіш апайдың тағы бір жинағы жарыққа шыға қалмасы бар ма?! Өлеңдері мен естеліктері топтасқан «Ой-өрнек» атты жинақ. Құдай-ау, қалам тістелеп, қағаз кеміріп жүрген біздің өзіміз айналасы үш айда екі жинақ жаза алмаймыз ғой… Таң қалдым да, риза болдым. Мәпіш апайға, әрине!

    …Енді кешеуілдеуге болмайды! Бас алмай қарап шықтым да, көптен қаң­тарулы тұрған (денсаулығыма байланысты) қаламға жармастым.

      Отбасылық шежіре деңгейінде жа­зылған, қажеттілігі мен маңызы да от­басылық сұраныс еңберіндегі талай кітапты көріп жүрміз ғой. «Оқып жүрміз» деп неге айта алмаймыз? Өйткені, оқылмайды. Ондай кітаптың оқырманы – сол әулеттің ғана өрен-жараны. Мұн­дай дүниелер тапсырыспен де жазылып жүр. Авторы – жалған әдебиеттің жанкештісіне айналған жазармандар.

     Менің қолымдағы «Қыран ғұмыр» – әдебиеттің бұл атасынан емес. Кейіп­кері – келісті, авторы – өрелі, өрісті, мей­­лінше толымды жинақ.

     Иә, Талғатбек Әбдіразақовты бұл төңіректе білмейтін, құрметтемейтін жан жоқ. Қазақ ғылымына орасан ол­жа салған, адами болмысы кісілікке бай, ұлтын сүйген, ақиқатпен бір туған ағайын­дай абзал тұлға. Ресми түрде рәсім­делген атақ-дәрежесін айтсақ – экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қарағанды қаласының, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы. Бірегей тұлға, біртуар қайраткер.

    Ғалым Талғатбек Әбдірахманұлы жайлы, Тәкең ақсақал жайлы аймақ бас­пасөзі аз жазған жоқ. Әріптес аға­ларым ағынан жарылып баққан екен. Замандастары да әр мерейтойында жүрекжарды лебіздерін аямапты. От­басылық мұрағаттағы сарғайған газет қиындыларының «Қыран ғұмыр­дың» қанатына қауырсын болып жал­­­­­­ғанғанына қуандық. Иә, Тәкең жайлы лебіз-лепестің барлығы топ­тас­тырылған. Кейіпкердің жанында сағат­тап отырып «сауып» алсақ та, сөт­келеп отырып сөлкебайын (орден-медальдары) санасақ та, оның болмысын сүйген жарындай білеміз бе? Біл­мейміз. Ендеше, Талғатбек ағамен 66 жыл отасқан Мәпіш апайда ғой «Қыран ғұмырдың» бар құпиясы. Қыран текті ағаның қыры да, сыры да жан-жақты ашылған. Ашқан – сырына қанық қосағы.

…Кітаптың бірінші бөлімі Мәпіш апайдың:

Екінің қалған бірімін,

Тәкеңді айтар жырымын,

Сөйлесетін тілімін,

Үзілмейтін үнімін.

Айтқан сөзін растар

Қалдырып кеткен мөрімін,

Екінің қалған бірімін, – деген әлқис­сасымен басталады.

     Бұдан кейін Тәкеңнің талайлы тағ­дыры, базарсыз балалығы, майдан­дағы жанқиярлығы, бейбіт өмірдегі бере­келі тірлігі мазмұнды һәм көркем баяндалады. Естеліктен гөрі көркем шығармаға тән шебер суреттеу мен көшелі сарын бар. Баяны да, бояуы да – шынайы.

    Бірге шолып көрелік: «Қаратұм­сық­тағы Мәншүк қыстауы. Жер жұма­ғындай Баянауыл тауларының аңғарындағы шағын ауыл. Әшейінде абыр-сабыр болып жататын бай ауыл жым-жырт. Үй арасында тынымсыз асыр салған балалар да, шаруа қамымен жүретін ересектер де, маңайда жайылып жүретін мал да көрінбейді. Көп үй қаңырап тұр. Есік-терезелері жабық. Ашыға бастаған ауыл адамдары құтты қонысын тастап кеткелі қашан», – дейді автор. Аштық жылдарындағы қазақ ауылының аянышты суреті. Ал, аштық – Талғатбек ағаның базарлы балалығын жымқырған нәубет. Ең бастысы – кейіпкер тағдыры мен сол заманның тынысы бір-бірінен оқшауланбай, шендесе баяндалады. Тәкеңнің замандастары да шығарма шең­берінен тыс қалмаған. Қысқасы – қара­пайым мұғалімнің қаламгерлік қуа­ты еріксіз бас шайқатады.

    …Кейіпкер – танымал. Сіз бен біз Тәкең жайлы жақсы білеміз. Қос ғасырдың ғаламатын көрген, әр дәуірдің талабына орай тер төккен, ақиқаттың ақ жолынан айнамаған. Бес жасында анасы өліп, жаны жараланған, 23 жасында қан майданда тәні жараланған. Республика жастарының жетекшісі (Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы) болған. Тың игерген, ғылым меңгерген. Ашқан жаңалығыңа Мәскеу мөр басатын заманда докторлық диссертация қорғаған. Қаныш Сәтбаев, Әлімхан Ермеков, Мұхтар Әуезов, Жұмабай Шаяхметов, Жұмабек Тәше­нов, Шәкен Айманов, Жайық Бектұров сынды ұлылармен дәмдес-сыйлас бол­ған. Міне, Әбдіразақов туралы әң­гі­ме өрбісе, ғибрат иесінің осындай қырларын көсілте жөнелеміз. Ал, Тәкең­нің атасы Әбдіразақ ақсақалдың Мәшһүр-Жүсіп Көпеевпен, Жүсіпбек Аймауытовпен өте жақын сыйлас бол­ғанын, тіпті, Жүсіпбектің Әбағаңды «ағай» деп атағанын білеміз бе? Біл­мейтін едік. Тәкеңнің атасының қос алыппен мүдделес болып, ғажап сый­ласқанын осы жинақтан оқыдым. Тек­тілік Тәкеңнің қанында жатыр екен ғой.

    …Жинаққа Талғатбек ағаның қала­мынан туған дүниелері де бір тарау болып еніпті. Тәкең көбіне орыс тілінде жазған. Мәскеудің тас кеудесін жібіту оңай ма?! Бірақ, жалған дүниеден жал­тақтауды білмей өткен қайсар жүрек иесі қай мақаласында да өзекті мәселені өткір көтеріп, қоғамдық пікірін қоздатып отырған. Тәуелсіздік жылдарында да жасының ұлғайғанына қарамай, жаңа дәуірдің тынысын тамыршыдай дөп басқан сәттері бар екен. Маған осы жинақтағы «Нарықты жаһанданудан қалай қорғаймыз?» атты мақаласы қатты ұнады. Жас мемлекеттің жаңа жүйе талабына бейімделуіндегі күр­делі мәселелердің күрмеуін шешу жол­дарын тиянақты тұжырымдармен нақтылайды. Өзі докторлық дәрежесін қорғаған дәуірдегі жоспарлы экономика мен бүгінгі нарық талаптарын жүйелі салыстыра отырып, жаһандану жұтқыншағынан аман қалу жолдарын асқан көрегендікпен болжайды. Тура осы мақаланы жазған уақытта Тәкең қоғамдық пікір, ғылыми тұжырым айтатын жаста емес екен. 2008 жыл. 88 жаста. Сергектігіне селт етпей көріңіз! Сұңғылалықты ешкімнен сұрап алған жоқ. Тағдыры таралғы етті.

    Не керек, жинақ өте сәтті шыққан. Материалдардың жүйелі орналасып, жүлгелі тараулануында кітапқа ре­дактор ретінде қалам тигізген ардагер журналист Аман Жанғожиннің еңбегі орасан екенін атап өткен жөн. Әсіресе, кітаптың соңғы бөліміне Талғатбек Әбдіразақов өмірінің елеулі сәттерінің, ғылыми еңбектері мен пуб­лицистикалық шығармаларының, марапаттарының анықтамалық-тізім­дерін топтастырудағы Аужекең қол­таңбасын жазбай таныдық.

«Шаңырақтың иесі еді, көркі еді,

Тәкең барда нәзік жаным ерке еді.

Ол келетін жолға қарап отырам,

Сағыныш сезім жүрегімді өртеді, – деп бір қайырады Мәпіш апай алғашқы бөлімнің бір тарауын. Иә, бұл кітаптың өне бойы – сағыныш салмағы. Адалдық!

    Мәпіш апай бұл кітабын «Ой-өрнек» атапты. Саусақ бүгіп санасақ, бесінші кітабы.

    Ананың мейірімі, ұстаздың ұлағаты, ақынның жан сыры, елін сүйген пер­зенттің аппақ пейілі… Бәрі – осы кі­тапта. Жинақ екі бөлімнен тұрады. Ал­ғашқы бөлімі – өлеңдер, екіншісі – естеліктер.

   Өлеңдері – баттасқан бояудан ада. Сондай қарапайым, бірақ, қара­байыр емес. Туған жерін, ұлтын, Отанын, жарын, балаларын сүйген адал жүректің нәзік лүпілі құлағыңның түбі­нен естіледі. Ақын ұлт болашағына алаңдап, ұрпағын кісілікке үндейді.

   Ардагер ұстаз, аяулы ана Мәпіш Шәріпқызының өмірінде өлең бар екенін бұрынғы жинақтары дәлел­деген. Ал, мына жинақ өлеңінде өмір бар екенін айғақтап тұр. Қария-қалам қауқарынан да, қадір-қасиетінен де ажырай қоймаған. Жырлары – шуақты, қаламы – қуатты апамның.

   Екінші бөлімдегі естеліктері де – сондай әсерлі. Ұлтымыздың біртуар азаматтарының өнегелі өмірін, ерен ең­бегін өскелең ұрпаққа үлгі етуді мақсат тұтқан. Сол арқылы кешегіні бүгінге жеткізіп, бүгінгіні ертеңге аманаттайды.

   «…Бұл – менің соңғы еңбектерім. Енді кітап жазуға уақытым болмас», – депті маған жазып берген кітабындағы қолтаңбасында.

   Олай демеңіз, апа!

   Базарыңыз тарқаған жоқ, жазарыңыз сарқылған жоқ.

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button