Жаңалықтар

Құрылысшылар қалай жұмыс істеп жатыр?

Елдегі төтенше жағдай режимі құрылыс саласына қалай әсер етті? Тұрғын үй салу жоспарлары өзгере ме? Құрылыс материалдарының бағасында қандай өзгеріс бар? Осы және өзге де сұрақтарға облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының  басшысы Тайхан Қалмаханов жауап берді.

– Құрылыс жұмыстары қалай жүріп жатыр?
– Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, карантин кезеңінде құрылыс компаниялары белгілі бір талаптарды сақтай отырып жұмыс істей алады. Міндетті шарт – ауысым кезінде оның шегінен шығу мүмкіндігін болдырмау үшін құрылыс алаңында жұмысшылар үшін жатақхананың болуы.
Компаниялар аймақтық штабқа өтініш білдіреді. Инфрақұрылымды ескере отырып, рұқсаттар беріледі.

– Тұрғын үй құрылысының ауқымы қайта қарастырыла ма?
– Бірінші тоқсанда 130,2 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылды. Осы жылға алынған міндеттемелер күшінде қалады. Жыл соңына дейін облыста 630 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда.Бұл шамамен 5 600 пәтер. Әрине, карантин  кез келген қызметке кері әсерін тигізуде. Бірақ мақсатты көрсеткіштерді қайта қарау туралы мәселе көтеріліп отырған жоқ.

– Қанша отбасы пәтерлеріне кіріп үлгерді? Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша облысқа қанша ақша бөлінді және бұл неше адамды жұмыспен қамтамасыз етеді?
– Наурыз мейрамын мерекелеу қарсаңында Қарағанды қаласының әкімдігі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен бірлесіп «Трилистник» тұрғын үй кешеніндегі көп қабатты үйдегі пәтер кілттерін табыс етті. Менің ойымша, карантин аяқталғаннан кейін банктің басқа да салымшылары осы жаңа құрылыста көптен күткен баспанасын алады.
Облыстағы жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша күрделі құрылыс пен жөндеуге 63 млрд теңге бөлінді. Құрылыс саласында 12,8 млрд теңге сомаға 33 жоба қарастырылған. Оларды іске асыру 3 200-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Қалалар мен аудандарда әлеуметтік инфрақұрылым жақсаратын болады. Жалпы, жақсы мультипликативті нәтиже аламыз.

– Волочаевск көшесіндегі проблемалық құрылыс не болды? Сарапшылар қорытынды беруге тиіс болатын. Карантин үшін тексеру тоқтатылды ма?
– ҚазКҚДИ институты 60%-ға тексеру жүргізді. Жекелеген бағыттар бойынша қазірдің өзінде қорытынды бар. Карантинге байланысты жұмыстар тоқтатылды. Біз алдағы уақытта оларды жалғастырамыз деп үміттенеміз. Бірақ кез келген жағдайда осы жаңа құрылыстың тағдыры туралы қорытынды жасалады.

-Құрылыс материалдары қымбаттады ма, карантинге байланысты оларды жеткізуде проблемалар жоқ па?
– Біз біртұтас экономикалық кеңістікте тұрмыз. Сондықтан, әрине, жалпы жағдайға тәуелдіміз. Бірақ жалпы алғанда процессті бақылауда ұстап отырмыз.
Облыс әкімінің құрылыс нысандарында жергілікті өндіріс өнімдерін барынша пайдалану тапсырмасы бар. Бұл біздің компанияларымызды қолдауға, жұмыс орындарын сақтауға және жергілікті қамтуды арттыруға мүмкіндік береді.
Карантин кезеңінде жүктерді тасымалдауға шектеу жоқ. Блок бекеттер арқылы құрылыс материалдарын кедергісіз жеткізуге болады.

– Қарағанды облысының әкімдігі құрылыс саласына инвестиция тарту үшін биржада 6 млрд теңге облигация орналастырды. Оларды кім сатып алды? Ақша қайда жұмсалады?
– Шынында да, облыс әкімдігі 6 млрд теңге тұратын мемлекеттік бағалы қағаздарын шығарды. 9 сәуірде олар биржада сатылды. Қосымша қаражат тартылды. Мөлшерлемесі – 4%.
Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің облигацияларын «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ өзінің еншілес ұйымы – «Бәйтерек девелопмент» АҚ арқылы сатып алды. Мақсат – құрылыс саласын қолдау және халықты жұмыспен қамту.
Бұл ақшаға Қарағанды, Теміртау және Балқашта қосымша несиелік тұрғын үй салынады.
 

Басқа материалдар

Back to top button