АймақПриозерск

Құрылыс қарқын алады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында Приозерск қаласының әкімі Мансұр Ахметов шағын шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысын баяндады. Сонымен қатар, болашақта жүзеге асырылар жоспарлармен таныстырып, тұрғындар тарапынан және бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көтерілетін мәселелерге тоқталды.

Сурет: қала әкімдігінің баспасөз қызметінен

Қала басшысының айтуынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 300 орындық жаңа мектеп салынады. Сондай-ақ, қалада балабақша салу үшін де жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.

– Жаңа мектеп салу біздің қала үшін өте маңызды. Жоспар бойынша «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы жыл ортасына қарай 300 орындық жайлы мектептің құрылысын бастайды. Сондай-ақ, 120 орындық балабақша салу жоспарлануда, бүгінгі таңда жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, жұмсалатын қаржы көлемі есептелуде. Жер учаскесі анықталды. Айта кетейік, Приозерск қаласында мектепке дейінгі мекемелерге кезекте 235 бала тұр. Мектептерде 1 927 оқушы оқиды, – дейді қала әкімі Мансұр Ахметов.

Дерекке сүйінсек, ЖЭО-да №1, 4, 5 қазандықтарды ағымдағы жөндеу және ұзындығы 2 шақырым жылу желілерін жөндеу жоспарланған. Қаланың бес көшесінде су құбыры желілерінің 1,5 шақырым апатты учаскелерінің құбыр­лары ауыстырылады. Сонымен қатар, биыл қалада 3 мың шаршы метр тротуарды жаңарту, төрт ойын алаңын орнату жоспарлануда. Биыл аяқталуы тиіс 210 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда. Жоба спортты дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асуда. Дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен болашақ мәдениет үйі үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы межелеген уақытта тапсырылмақшы. Сонымен қоса, биыл қалада үш үйдің шатыры жөнделуде.

Жұмыспен қамту­, жұмыс орындарымен қамтамасыз ету жә­не ха­лықтың әл-ауқатын жақсарту бойын­ша жұмыс­тар жүзеге асырылуда. Мәселен, өткен жылы 318 жас жұмысқа орналасса, оның ішінде, «Жасыл ел» жобасы бойынша шаһарда 95 жас жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, былтыр жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін қала әкімінің гранты аясында 12 млн. теңге қаржы бөлініп, 6 жоба жүзеге асырылған. Аталған бағытта биылғы жылға қала бюджетінде 12 млн. теңге қарастырылған. Былтыр «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында 278,5 млн. теңге сомасына 30 жоба іске асырылған. Және ұлттық жоба бойынша, 21, 3 млн. теңге сомасына 16 грант берілген. Осы жылы 115 млн. теңге сомасына 3 шағын және орта кәсіпкерлік нысанын пайдалануға беру жоспарлануда. Оның ішінде, 2 жоба – қызмет көрсету және 1 жоба – сауда саласы бойынша көрінеді.

Брифинг барысында қала әкіміне қойылған сұрақтардың басым бөлігі жолдарды жөндеу, қоқыстарды уақытылы шығару, аулаларды абаттандыру, қоғамдық көліктің жай-күйіне қатысты болды. Барлық сұрақтар бақылауда болатынын айтқан Мансұр Ахметов қаланы одан әрі көркейтіп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуда тындырымды істер атқарылатынын  атап өтті.

Нұрдос КӘРІМ,
ПРИОЗЕРСК
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button