Бас тақырып

Ұры басынып ұрлайды

Ертеректе біреуде есесі не кегі кеткен жан сол адамның малын барымталайтын еді. Іңірде іңірттеген көп жылқының ішінен саяқ жүрген бірен-саран қулық, тай-байталын алдына сап қуып кетеді. Кейде, тіпті, бір үйір жылқыны да айдап, таудағы тасаға жасырады деуші еді үлкендер. Бұл бекер емес, есептесу болса керек. Ал, бүгінгінің ұрысы танымайтын-білмейтін кісінің қорасынан қолындағы қорын, алдына тосқан асылын алудан әсте арланар емес. Ағайын атойлатып аламан шабар арғымақтың арам пиғылмен пышаққа түсуі бұл ең әуелі қазақ деген атымызға сын емей немене?! Қорадағыны қолды еткен қос қаскөйге бұл ақыл ма, нақыл ма, ол енді маңызды емес. Қолға түсті.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

– Шағымданушы құзырлы орынға жүгінгеннен бастап, облыс аумағында 17 блок-бекеттер қойылып, тексеру шаралары ұйымдастырылды. Осыған сай, Шет ауданы блок-бекетінде қос күдікті ұсталған-тын. Оның бірі – 23, ал, екіншісі 54 жастағы ер адамдар. Қазіргі таңда екеуі істеген істерін мойындап, ұрлықтарын қалай жасағанын баяндап берді. – Олар Шет ауданынан бәйге атын ұрлап, оны сойып, мүшелеп үлгерген, – деді облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Аслан Өскембаев.

Шімірікпестен істегендерін жіпке тіз­гендей етіп жеткізген күдіктілер қылмыс­керге айналды. Бұл ретте заң талабы – аталған факт бойынша Қазақстан Респуб­ликасы Қылмыстық кодексінің 188-1 бабына сәйкес, қылмыстық іс қозғау. Іс қозғалды, сотқа жолданды. Құны 1 млн. 500 мың тұратын жануардың жазығы қара-құра қазаққа ескірмес естелік сыйлау еді. Ақыры қазаннан бірақ шықты.

Облысқа мал ұрлау қылмысы таңсық емес. Алайда, қораңдағыны алып кету бұл, тіпті, ақылға сыйымсыз. Жалпы облыста мал ұрлығына байланысты 644 дерек тіркелген. Қазіргі таңда ол қылмыстың 574 ашылып, күдіктілер қолға түсті.

– Кей ағайын мал ұстауды оңай көреді. Әр нәрсенің бейнеті мен зейнеті қатар жүреді емес пе? Адал ақы малыңды сатып пұлын көрсең, солғұрлы бейнеті де жетерлік. Бөтен түгілі иесі қоңына қол жүгіртуге именген тұлпардың қолды болуы және бауыры жазылып шаба алмай пышаққа түсуі бұл – қиянат. Қазіргі таңда ұрлық қылатындар алыстан келмейді. Ауылдың алалы-құлалы жылқысын бақ деп сеніп тапсырған жылқышыларының ішінен де шығады ұрылар. Бір кездері осы Шеттің қос жылқышысы алдына сап берген 507 жылқыны ұрлап, 174 млн. теңге шығын келтіргенін ұмыта қоймадық, – дейді Шет ауданы тұрғыны. Ол өзінің атын атамауды сұрады. Себебі, ұрылардың сыбайластары ауылдың қалған малына да өшігіп, қас қылуы мүмкін дейді ол.

Аймақтың полиция басқармасының деректеріне сүйенсек, мал ұрылары жалғыз әрекет етпейді. Олардың ішінде әккі ұрылар да жиі кездеседі. Тек заңды жолмен ғана қудалағанда істің беті ашылатын көрінеді.

– Мал ұрлығы күздің аяғы, қыстың басында жиі жасалады. Соғым уақыты оның үстіне, мал семірген мезетте ұрылар әрекетке көшеді. Олар малды тірідей алып жүру қауіпті деп санап, сойып мүшелеп, бас терісі мен терісін жойып жіберуге тырысады. Біздің блок-бекеттегі әр қызметкер қалаға кірген көліктердің барлығын тоқтатуға құқылы. Сонда мал етін тасыған көлік иелерінде жүк салғыштағы етке арнайы құжаты болуы тиіс. Ол құжат мал сол адамға тиесілі екенін растайды және оған еш қауіп жоқ. Міне, осындай заңды тексерістен заңсыз әрекеттер әшкереленеді, – деп түйді Аслан Өскембаев.

Ұрлықтың түбі – ақыры қорлық. Арамдықпен келген пайда әйтеуір түбі желкеден шығары сөзсіз. Десек те, қарағандылық құқық қорғау органдары бұл күнде тынымсыз әрекет үстінде. Содан болар, аймақтағы мал ұрлығының ізі суымай жиі анықталуда. Анықталып қана қоймай, күдіктілер қылмыс үстінде қолға түсіп, тиісті жазасын өтеуге абақтағы аттандырылып-ақ жатыр.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button