Жаңалықтар

Рухты журналист

Дүбірлі дүниенің бар лүпілін жүрегінен өткізіп жүрген журналистер қаншама. Солардың бірегейі, қаламының қуатты қарымымен қырық жыл бойы әділет сөзін, ақиқат жолын айтқан білгір журналист, танымал қаламгер Мақсым Омарбекұлын білмейтін адам кемде-кем. Ол Қаздауысты Қазыбек бидің «Сөз анасы – шындық» деген даналығын темірқазық жұлдызындай ерекше ұстанды.

Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы Мақсым Омарбеков

Университет қабырғасында жүріп «Жас қазақ» ұйымын құрып, қазақ тілінің тағдырын, салт-дәстүріміздің тығырыққа тірелгенін айтып, Алматыдағы қазақтың ұлы ақын-жазушыларына ашық хат жазады. Сол кезде орыстанған Қарағандыдағы қазақ тілінің халі тым мүшкіл еді. Тіпті, қазақ тілді мектеп бітіргендер жоғары оқуға түсерде емтиханды орыс тілінде тапсырғандығы Мақсым аға бастаған студенттердің наразылығын тудырады. Алайда, жоғарыдағы ағаларға жолданған ашық хат еш жерде жарияланбастан жауапсыз қалады.

1961 жылдары Мақсым Омарбековпен жатақхананың бір бөлмесінде тұрған студенттер – Кәрім Сауғабай, ақтоғайлық Совет Әбдікәрімов, өзбекстандық Тұрымбет Ізтайұлы жауапсыз жайды қайта жаңғыртуды қолға алады. Төртеуі сол үндеуді түні бойы көшіріп, көбейтеді. Үндеудің астына «Жас қазақ» ұйымы деген қолтаңба қойып, көршілес факультеттерге таратып шығады. Қолдан қолға, құлақтан құлаққа жеткен үндеуді КГБ-да естиді. Себебі, «Әйтеуір, бір амалсыздықтан, ыза-реніштен, ұлтымыздың тағдырына жанашырлықтан туған осы бір әрекетеміз із-түссіз кетпей, талай қазақ бозбалалары мен бойжеткендерінің жүрегіндегі ұшқынды жалынға айналдырғаны ақиқат. Өйткені, «Жас қазақ» ұйымының дабыра-даңқы көп жылдарға дейін халық арасында қызу сөз болып жүрді. Демек, оның идеяларының өлмегені, өшпегені ғой…», – деп жазды «Өмір өткелдері» кітабында Мақсым аға. Араға біраз жыл салып, 1964 жылы «Ұлтшылдық сипаттағы үндеу­хаттарды жасырын тараттыңдар» деп кінә тағылып, түрлі қудалау жиындары ұйымдастырылады. Диплом қорғауға бір-ақ ай қалған уақытта Кәрім Сауғабай мен Мақсым Омарбеков бір жылға институттан шығарылады. Кешегі Алаш арыстарының аманатын ту еткен ағаларымыздың күрескерлік бір қыры осылайша аяқталды.

«Журналист – еңбекқор. Еңбегі бар. Лауазым, атағы жоқ» деген екен Жұмекен Нәжі­меденов. Мақсым аға да сондай еңбекқор еді. Сол еңбегінің арқасында «журналист» деген лауазыммен жүріп, бірқатар мәртебелі атағы да болды. Қарқаралыда тұңғыш рет құрылған «Семей-Невада» қозғалысының аудандық ұйымының төрағасы болды. Семей полигонының жабылуына зор еңбек сіңірген жауынгер ұйымға басшылық жасай жүріп, полигонды жою туралы митингілер ұйымдастырды. Сол полигоннан зардап шеккен халыққа көрсетілетін жәрдем түрлерінде өз қарарларына кіргізген ұйымның талабы да орындалды.

«…Қасиетті Шыңғыстау мен Балқантау, Абыралы мен Қарқаралы аймағын асты-үстіне келтіріп, улы зардабын аждаһадай шашқан атом және сутегі бомбалары зіркілдей жөнелді. Кремльде отырған «күн көсемдер», одан бергі «бейбітшілік жолындағы ұлы күрескерлер» нақ сол жойқын алапат жойдасыз бұрқ-сарқ еткен жер мен ел қазақтың аруақты, қасиетті жер екендігін, бұл аймақтар – бүкіл бір халықтың ары мен абыройы атанған Абай мен Қазыбектің, Әсет пен Әміренің, Тәттімбет пен Мәдидің, Мұхтар мен Қасымның елі екендігін білгенде, білгілері келген де жоқ», – деп ашына жазды. Америкада бұндай сынақты жүргізу үшін 15 жыл бойы зерттеу жүргізілсе, бізде «бүтін бір халықтың тағдыры мен тарихын бір тарының қауызына сыйғызған алапат полигонды орнату үшін Кремльде жасырын шыққан бұйрық жетті», – дейді. Өзіне артқан сенімге зор жауапкерлік танытқан қарымды қаламгердің еңбегі зая кетпеді.

Аудан халқы Мақсым ағаның шарапатын көп көрді. Алдына өтінішпен келген адамның мәселесін дер уақытында шешіп отыратын. Ешкімнен тайсақтамайтын. Жетім-жесір, жағдайы жоқ жандар биліктен көрмеген қамқорлықты Мақсым ағадан көрді. Дәлел, дәйекпен жазылып осып-орып өтетін өткір мақалалары биліктегі атқамінерлерді тезге салды. «Үкіметтің газетіміз» деп үндемеуіміз керек пе?», «Жарытымсыз өтемақы жарылқай ма?», «Қымбатшылық қырып барады», «Қазақ қалай күн көрер?» және «Қазақстандық ұлт» терминін сынға ала отырып, сол кездегі жетекші партияның саясатын да бір іліп өтті.

Жасаған жақсылығын ешкімге дабыра қылмай, үндемей жүріп іс тындырып жүретін Мақсым ағаның шәкірті болғанымды әрдайым мақтан тұтамын. Журналистік жолда алғаш қаламымды ұштаған алғашқы ұстаздың қайсар мінезі, журналистік шеберлігі, қаламының қуаты біздерде кемшін түсіп жататыны бар. «Қаламгерлігі мен азаматтағы қатар аталатын жазушы-журналистер сирек. Сол сиректің бірі сенсің», – дейді жазушы журналист Нұрмахан Оразбеков «Мұхиттың арғы жағы» кітабында.
Тоталитарлық-отаршылдық жүйенің дәуірлеп тұрған шағында әділдік үшін күрескен Мақсым аға нағыз рухты журналист.

Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button