Рухани мәдениет — ұрпақ еншісі

Жезқазған тарихи-археологиялық музейі Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы негізінде аймақтың бай тарихи мұрасын насихаттай отырып, рухани мәдениеттің жеткен жетістіктерін ашып көрсету жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Солардың ең бастылары – «Асыл ұрпақ» ұстанымы бойынша іске асырылатын «Рухани қазына» бағдарламасы аясындағы «Жас өлкетанушы» және «Жас экскурсовод» жобалары.

Облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасының қолдауына сүйенген бұл жобалардың түпкі межесі – жас ұрпаққа отансүйгіштік рухында тәрбие беру, олардың туған өлкеге деген сүйіспеншіліктерін арттыру. Сол мақсатта оқушыларды Ұлытау-Жезқазған өңірінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан азаматтардың өнегелі еңбек жолының қыр сырларымен таныстыру және өндірістік, ауыл шаруашылық, әлеуметтік, ағартушылық ұйымдарының жағымды жұмыстарын паш ету шарттылықтары ескерілген. Жобаның жүргізілу тәсілдері де алуан түрлі. Олардың қатарында құрметті азаматтар мен, шығармашылық зиялы-қауым өкілдерімен кездесулер, сұхбаттар, дөңгелек үстелдер ұйымдастыру, сонымен қатар, шеберлік сабақтарын, сайыстар, пікірталастар, сахналық қойылымдар, жылжымалы көрмелер, тақырыптық, интерактивті экскурсиялар арқылы өлкетану бағытындағы танымдық сабақтар өткізу жоспарлары да бар.

Істің ілкімді әрі іркіліссіз атқарылуы мақсатында арнайы ынтымақтастық меморандумына да қол қойылған. Соған орай, 6-8 сыныптар оқушыларын оқытудың әдістемелік жоспарлары әзірленіп, оқу ошақтарының басшылығымен келісілген. Қоғам үшін қайтарымы мол шараға музейдің 15 ғылыми қызметкері, оның ішінде, бөлім жетекшілері мен тәжірибелі экскурсоводтар тартылыпты. 2017-2018 оқу жылында тағылымды шарамен 800 оқушыны қамту көзделген. Музей басшылығы мен ұжымы осынау талаптың үдесінен көріне білді. Бұл көрсеткіштің сандық және сапалық деңгейі оқу жылының қорытындысына арналған сабақ үстінде дәйекті түрде жария етілді.

Рухани мәдениет – ұрпақ еншісі екендігін нақты айғақтайтын тарихи-танымдық мазмұндағы сабақтар легі алдағы оқу жылында қайыра жалғасатын болады.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.