Бас тақырыпРуханият

Рух шырақшыларына риясыз құрмет

ТАҚЫРЫПҚА ТӨТЕСІНЕН ТҮСІП, МӘСЕЛЕНІ МӘЙЕГІНЕН ТАРТСАҚ. АДАМЗАТТЫҢ РУХЫН ӨСІРЕТІН МӘДЕНИЕТ ПЕН ӨНЕР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІНДЕГІ САЛТАНАТТЫ ЖИЫНДА ОБЛЫС ӘКІМІ ЕРЛАН ҚОШАНОВ МЫНАДАЙ МӘСЕЛЕ КӨТЕРДІ:

  • Халық үшін материалдық игілікпен қатар, рухани азықтың да маңызы өте зор. Мені басшы ретінде ғана емес, қатардағы көрермен ретінде мазалап жүрген бірнеше мәселе бар. Біз ана тілімізді дамыту керекпіз деп жиі айтамыз. Ал, тілге деген сұраныс өнер арқылы өседі. Мәселен, облысымызда қазақ тілді қуыршақ театры жоқ. Соны ашудың уақыты келген сияқты. Біздің аймақта облыстық, аудандық қаншама театрлар бар. Соның ешқайсында ана тілімізде оперетта, мюзикл қойылмайды. Осы мәселені шешу жағын да ойластыруымыз керек. Бұлар бүгінгі көрермен сұранысын тудыратын жанрлар. Осындай бастамалар болып жатса, әрқашан қолдауға дайынбыз. Сондай-ақ, менің ауылдық жерлердегі мәдениет ошақтарына көңілім толмайды. Осы туралы мен бұған дейін де бірнеше рет айтқанмын. Бірақ, қазір Елбасының тапсырмасымен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша, тұрғын үйлер мен мектептер, емханалар ғана емес, мәдениет үйлерін де жаңғырту жұмыстары басталып кетті. Мәдениет болмаса біз кім болар едік? Сіздердің қойылымдарыңыз бен концерттеріңіз біз үшін – ерекше оқиға. Жаңа ән мен жаңа фильм кез келген маңызды жаңалықтан басым болып кетеді. Бір сөзбен айтқанда, сіздер біздің өмірімізге жарқын бояулар мен жағымды эмоциялар сыйлайсыздар. Сондықтан болар, биылдан бастап облыстық бюджеттен мәдениет саласының мамандарына жоғары білім беру үшін мемлекеттік тапсырыс беріледі. Сонымен қатар, жергілікті университеттерде мәдениет және өнер мамандарын даярлау мүмкіндігі талқылануда, – деді аймақ басшысы мәдениет және өнер қызметкерлерін құттықтау барысында.

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Жыл сайын 21 мамыр күні тойланатыны белгілі. Президент Жарлығымен бекітілген. Биыл да тойланды мереке. Аймақ басшысы рух шырақшысындай мәдениет пен өнер қызметкерлерінің бірқатарын марапаттады осы күні. Бәрін айт та бірін айт, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің мерейі үстем шықты. Үздіктер сапында газеттің бөлім меңгерушісі, ақын Рауан Қабидолдин әріптесіміз де бар. Рауанның журналистік қырынан бөлек, ақындығы бір төбе екендігін біреу білсе, біреу білмес.

Сонымен басталды. К.Станиславский атындағы облыстық орыс драма театрында. Облыс әкімінің мәдениет пен өнер саласының үздіктерін марапаттауы. Керемет концерттік бағдарламаға ұласты. Шымылдық шағын көрініспен түрілді. Адамзат мәдениетін айшықтаған ұлы өнер туындыларының тізбектері өтті көз алдымыздан. Би, опера, балет, классика, күй – бәрі жымдасқан көрініс. Салтанатты кештің құрметті қонағы – Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі, П.Чайковский атындағы ХІV халықаралық байқау дипломанты Оксана Давыденко шығып ән шырқады. Тізгінші қыз бен жігіт облыс әкімі Ерлан Қошановқа сөз берді. Ол кісі көтерген мәселені жоғарыда келтіргенімізбен, құттықтау сөзінің мазмұны былай тарқатылды:

«Елбасы атап айтқандай, мәдениет пен өнер адамдарына тік тұрып қызмет көрсетуіміз керек. Мерекелеріңіз құтты болсын! Әр саланың өз кәсіби мерекесі бар. Мысалы, қаржы, құрылыс, өндіріс саласы қызметкерлерінің мерекелерін атап өтеміз. Ол салалардың барлығы қоғамның материалдық азығы. Ал, бүгін төл мерекесін атап өтіп отырған мәдениет пен өнер саласы – адамзаттың рухани азығы. Тарихтың көптеген беттері жоғалып, ұмытылады. Ал, мәдениет пен өнер мәңгі жасайды. Мәселен, кешегі Шыңғыс, Жошы хандар заманы осы күнге Кетбұғаның күйлері арқылы жетіп отыр. Қазақ хандығына жоңғар шапқыншылығы жыраулар поэзиясынан айқын көрінеді. Құрманғазы мен Тәттімбет күйлері, Біржан сал мен Ақан сері әндерінен сол заманның рухын сезінеміз. Ал, біздің замандастарымыздан келер ұрпаққа осы күннің белгісі ретінде қандай мұра қалмақ? Менің ойымша, үлкен деңгейдегі өнер туындылары және ұлт мақтанышына айналған тұлғалар өз арамызда да жеткілікті. Кешегі Кәкімбек Салықов, Еркеғали Рахмадиев, бүгінгі Асанәлі Әшімов, Қайрат Байбосынов сияқты талантты тұлғалар келешекпен бірге жасайды. Тіпті, жерлестеріміздің осы жақын уақыттағы туындыларын атап айтар едім. Мысалы, мен таяуда С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры батыр Нұркен Әбдіров туралы қойған «Қыран қазақ» спектаклін тамашаладым. Шынымды айтсам, жаудың төбесіне жасын болып сорғалаған Нұркен батырдың өзін көргендей ғажап әсер алдым. Немесе «Қазақ хандығы» фильмін айтайық. Жерлесіміз, айтулы актер Қайрат Кемалов сонда Керей ханның рөлін асқан шеберлікпен сомдағаны – біз үшін үлкен мақтаныш. Мұндай тізімді жалғастыра беруге болады. Міне, ұрпақтан ұрпаққа үлгі болып қалатын осындай рухани мұралар.

Қадірлі мәдениет жанашырлары! «Құрылысшы сызбаны түзетер, өнерпаз рухты күзетер» деген қанатты сөз бар. Демек, ұлттың рухы биік, еңсесі тік болса, ол сіздердің арқаларыңызда».

Керемет концертке ұласқан мерекелік шарада «Шыңдауыл» ұрмалы аспаптар ансамблі, «Жас қанат» республикалық байқауының лауреаты «Үш жүз» тобы, облыстың тағы да басқа ең үздік шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button