Бас тақырып

Өрт: бірігу мезгілі

Ұлытаудағы алапат өрт есіңізде болар. Жаз шықса, айна-қатесіз қайталана беретін бұл не тауқымет дерсіз бұндайда еріксіз көңілсіз ойға батып. Онда да найзағай шатырласа, биыл Абай еліндегі қызыл ереуілде «жерге жасын түскенмыс». Айналып келгенде ше? Ойланып келгенде ше? Толғанып келгенде, жылаған жесір мен жетімнің көз жасы көкірегімізді қарс айырады. Жанымызды жегідей жеген сұм ойлар, қолымызға ықтиярлы қалам алғызды.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Немқұрайдылық нәубеті

Өрт. Жұмыр жердің әр нүктесінде түрлі себеппен тұтанып, ауыздықталатын тілсіз жау. Ал, біздегі схема өзгеше: өрт + бейқамдық = сандаған қаралы күн. Енді себеп-салдарына үңілелік.

Алдымен ауа райының аномалиясын тілге тиек еткен абзал. Синоптик мамандардың мәлімдеуіне қарағанда, Орталық Азияда мұндай аптап ыстық соңғы 55 жылдан бері тіркелмеген. Бұл аңызақ аралас қапырық сарша тамызға дейін жалғасатынын басылымның өткен сандарында бірнеше мәрте жазылды.

Табиғаттағы белең алып бара жатқан жылымық Канадада да жойқын өртке себепші болды. Нью-Йорк пен АҚШтың басқа бөліктерін түтін басып қалды. Салдарынан барлығы 14000-ға жуық адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Бір айта кетерлігі, мұндай өртпен бетпе-бет келген Канадада адам шығыны туралы бірде-бір ресми дерек жоқ. Қаралы күн де жарияланбаған. Канада үкіметі уағында сауатты іс-қимылының арқасында тұрғындарын тілсіз жаудан аман алып қалған…

 

Өңір өртке тойтарыс бере ала ма?

Тәуелсіз журналист Мақпал Орынбетова орманшылар тек орман алқабын жат пиғылды жандардан қорғауға міндетті екендігін баса белгілеп пікір білдірді.

– Қазақстан аумағының 4%-ы ғана орман-тоғайларға тиесілі еді. Оған да ие бола алмадық. Заңдарымыз да солқылдақ. Әйтпесе, өртеніп кеткен 14 орманшы өртті сөндіруге тиісті емес еді ғой? Өркениетті елдерде орманшылар орманды жат ниеттілерден қорғайды. Өрт шыға қалса, тиісті органдарға хабарлайды. Бізде ше? Орманшыларымыз жалаң қолмен өрт тарап кетпес үшін жалынға қарсы шыққан…

Сөзінің жаны бар. Мәселенің ақ-қарасын анықтау мақсатымен өңірдегі бірқатар орман шаруашылығы өкілдеріне хабарласқанымызда, олар облыстағы төтенше жағдайлар департаменті жанынан құрылған өрт сөндіретін арнайы қызмет бар екендігін, алайда, ресми мәліметті тек салалық департаменттің өзінің ғана тарату құзыреті барлығын алға тартумен шектелді.

Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев орман шаруашылығы, орман алқаптарын үлкейту, бақылау және күзету, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау екендігін баяндай келе, Қарағанды облысының аумағындағы барлық орман қорларымен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын ресми хабарлады.

Табиғи өрттерге әрекет ету үшін және рейдтік іс-шаралар өткізу үшін ТЖ департаментінде жедел штаб және саны 200 адамнан асатын 62 мобильдік топ құрылыпты. Облыс бойынша барлығы 30 өрт сөндіру бөлімі қала мен аудан орталықтарында орналасқан. Сондай-ақ, олар Қушоқы, Егіндібұлақ және Молодежный кенттерінде бар. Қарағанды облысының өрт сөндіру қызметінде 329 бірлік техника бар. Бұдан басқа, табиғи өрттерге ден қою үшін облыс аумағында 45 өрт сөндіру бекеттері жұмыс істейді, оның ішінде 2022 жылы 9 бекет құрылды, олардың қорғалуында жалпы саны 50 мың адамнан асатын 87 елді мекен бар. Ағымдағы жылға арналған жоспарда Ақтоғай, Қарқаралы, Шет аудандарының аумағында тағы 3 бекет құру көзделген. Бұдан басқа, жоспардан тыс Ақтоғай ауданының Сарышаған кентінде өрт сөндіру бекетін құру жоспарлануда. Жақсы ақпар. Жіліктеп жіберелік. Бір мобильді топ 3 адамнан тұрады. Олардың негізгі міндеті патрульдеу, рейдтік іс-шаралар өткізу ғана. Ой елегінен өткізелік: ауданы 239,1 мың шаршы шақырымды құрайтын өңірге 500 бірлік арнаулы техника да, 100 мобильдік топ та тым аздық етеді. «Мақұл. Оның барлығына қаражат қайда?!» дерсіз сіз, бәлкім. Гәп басқада жасырынып жатыр…

Эйдельманның кейсі

Өрттің тұтану себебін табиғаттың тосын құбылысына ысыра салып, қызыл жалынмен күресетін құтқарушылардың əрекетінің сылбырлығын уақыт сын садағына іліп, екі көзімізге соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіп тұр. Біздің атқарушы билік пен өрт сөндірушілердің тілсіз жауды ауыздықтауға қауқарсыздығы санамызға салмақ түсіреді. Жүйесіз əрекет, жойдасыз жайбасарлық стратегиялық маңызы бар игіліктерімізді тып-типыл етумен қоймай адам өліміне əкеп тіреуде.

Алақандай мемлекет болғанымен, əлемдегі ең ықпалды деген алақандай Израиль мемлекетін мысалға алалық. Ондағы саяси коммуникациялар технологы Давид Эйдельманның ұсынған бір қызықты ақпараттық кейсі бар.

– От пен су сынды тілсіз жаумен күрес бұл мемлекетте бір қарапайым қағида бойынша жүзеге асады. Мəселен, Израильдің жекелеген бір аудан немесе қаласында алапат өрт болды делік. Жедел ақпарат Үкіметке жеткеннен соң, сол жердегі ел танитын, жер ерекшелігін жете білетін ең кəнігі деген сержант не лейтенант шеніндегі құтқарушыға генералдың құзыретін қолма-қол тапсырып қойып, шұғыл шешім қабылдауға мұрсат береді. Онан соң төтенше жағдай орнаған аумаққа қажетті заманауи техника мен құтқарушылар тіптен қажет болса, республикалық деңгейде қолдау білдіреді. Алгоритм: Өрт + кəнігі қолбасшы = нəтиже. Ақыр соңында төтенше жағдайды ауыздықтаған сержант шені өсіп, мемлекеттік наградаға ұсынылады. Керісінше болған жағдайда сержант жауапкершілік арқалайды. Əлбетте, өркениетті Израильдің өртке қарсы жаңа үлгідегі құрал-жарақтарын біздікімен салыстыруға əсте келмес. Қарапайым рация мен сапалы киімге мұқтаж қорықшыларымыз бен құтқарушыларымыздың қауқары өркениетті елдерден ондаған есе кем. Өзінің меншік көлігімен өрт сөндіру жайтының өзі біріншіден басшылық лауазымдарда білікті кадрлардың жетіспеушілігі. Екіншіден, қаражат тапшылығы: құзыретті органдар тапқанынан көп ақша жұмсайды. Ал, тапшылық негізінен республиканың мұнай кірістері бар ұлттық əл-ауқат қоры секілді қаржы қамбаларының аударымдарымен жабылады. Не дегенімізбен, Қазақстан Республикасының географиялық ерекшелігі осы сынды мысалдар мен тəжірибеге де зəру екендігі аңғарылатындай…

 

Көзқарас

Хош. Еліміздегі өртпен күресу айналып келгенде экологияға қыруар зардабын тигізіп қана қоймай, адам шығынына əкеп соқтыруда. Бұл арада тіпті, салалық минис трдің орнын ауыстырғанмен, яки жергілікті атқарушы билік өкіліне сөгіс беру мəселені түбегейлі шешпейтінін көзіміз де көріп, көңілімізді де күпті қыла беретіні жасырын емес. Əсілінде əлемде тоғызыншы орын алатын ұлан-ғайыр аумақты алапат өрттен қорғау турасындағы арнаулы доктрина мен стратегиялық құжат қабылдау қажеттігі қылаңытатындай.

Өрт. Бойымызды тітіркеткен суық хабарлар айналып келгенде пенделік пейіліміздің тарылғаны ма деген жұмбақ ойға еріксіз жетелегендей. Бір қателік екінші қателікпен оңалмайды. Бұл мезгіл саналыға жалыннан келген ескерту іспеттес. Бұл мезгіл басымызға себепсіз келмеді. Бұл мезгіл қажырлы елге «бірігіңдер, бірігіңдер, бірігіңдер» деп үндеп тұрғандай…

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button