Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Ұрпаққа – ұлы аманат

Тәуелсіздік – Тәңірдің тәтті сыйы. Отыз жылда еңсеміз тіктеліп, егемен елге айналдық. Тәубе дейік, басты жетістігіміз – тәуелсіз ұрпақ санасына білім мен тәрбие сіңіре алатынымыз. Бұлай дейтініміз, бүгін Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде «Тәуелсіздік жетістіктері» атты республикалық ашық сабақ өтті.


Иә, елдің ертеңі жарқын болуы үшін жастардың ойы кемел, білімі терең болу қажет. Бастысы, келешек жастар ата-бабаның асыл аманаты саналған Тәуелсіздіктің қадірін ұғынып өсуі керек. Осы тұрғыдан келгенде Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі ұрпақ тәрбиелеудің үнемі озық үлгісін көрсетіп жүреді. Өйткені, колледж ұжымы ұйымдастыратын тәлімі мол шарапатты шараларды көзіміз көріп жүр. Бұл ашық сабақ – соның бір парасы ғана.

Ашық сабақтың алғысөзін Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов сөйледі.

 – Отыз жыл аз уақыт емес. Осы уақыт ішінде шекарамызды шегендеп, мақсатымызды айқындап, алға қадам бастық. Егеменді жылдарда талай жетістіктерге жеттік. Ұлттық рәміздерімізді бекітіп алдық. Айбарлы Ата Заңымызды қабылдадық. Бастысы, Елбасының батыл шешімі – Астананы Ақмолаға көшіргеніміз. Қазір ел қызығар Елордаға айналды. Бұдан бөлек, мәдениетіміз, өркениетіміз, білім бағытымыз, спорт саласы оң өзгерістерге ұшырады. Айтулы жетістерге жеттік. Және сауатты ұрпақ тәрбиелеуді ең үлкен жетістігіміз деп санаймын. Осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген колледж ұжымына айтар алғысым шексіз. Бұл колледжді білім мен мәдениеттің колледжі деп білеміз, – дейді Құдайберген Бексұлтанұлы.

Сондай-ақ, спикер мемлекетіміздің қалыптасу кезеңіндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлі туралы жеткізді оқушыларға. Және ел мен жерді сүюге, туған ел тарихын білуге, еліміздің мемлекеттік рәміздерін қастерлеуге баса мән беру керектігін айтты.

«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрсахан Бейсембекова да толғамды ойларын ортаға салды. «Тәуелсіздіктің арқасында өшкеніміз жаңғырды. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы тарихымыз таныла түсті. Бір ғана мысал, Алаша хан, Жошы хан кесенелері жаңғырып, туризмнің үлкен ордасына айналуда. Қанша қазба жұмыстары арқылы жәдігерлерге қол жеткіздік. Одан бөлек, Қарағандыдағы бой көтеріп жатқан зәулім үйлер, балабақшалар мен мектептер, спорт сарайлары, бәрі-бәрі егемендігіміздің нәтижесі. Осыны жас ұрпақ білу керек. Құрметтеу керек. Тарихын тануы тиіс», – деді ұстаз. Қарағанды қалалық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының төрағасы Назарбек Бекбатыров та тұғырлы тәуелсіздігіміздің ғұмырлы болуына тілектестік білдірді.

 – Биыл еліміз тәуелсіз отызыншы жылына қадам басты. Осы уақыт аралығында есімі әлемге мәшһүр болды. Жай танылған жоқ. Алпауыт елдермен терезесін теңестіріп, жаһан жұртына қарышты қадамдарымен танылып үлгерді. Біздің бұл шараны өткізудегі мақсатымыз да сол, студенттеріміз егемендіктің қадірін жіті білсе деген ой. Ашық сабаққа қатысып, салмақты пікір айтып отырған баршаңызға алғыс айтамыз. Облыстық білім басқармасы ашық сабақ өткізу туралы ұсыныс білдірген соң, қуана-қуана қабыл алдық. Бұл да біздің ұрпақ алдындағы борышымыздың бірі, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің директоры Есжан Әміров.

Ашық сабақ соңы әсем әнмен түйінделді. Шара қонақтары жиынды ұтымды ұйымдастырған колледж ұжымына айрықша алғыстарын жаудырды.

Қасымхан ҒАЛЫМ. 

Басқа материалдар

Back to top button