Бас тақырыпЖаңалықтар

Роботтар шеруі мәреге жетті

Кеншілер астанасында екі күн бойы өткен робототехника чемпионатында Қарағанды облысы тағы да ең жоғары нәтиже көрсетті.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Аймақ командалары жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленсе, Қостанай облысының өкілдері екінші орынға, ал Өзбекстан Республикасынан келген қатысушылар үшінші орынға тұрақтады. Жеңімпаздар түрлі дәрежедегі дипломдармен, медальдармен және бағдарламалау мен модельдеуді одан әрі жетілдіруге қажетті пайдалы сыйлықтармен марапатталды.

Қарағанды оныншы рет әлемнің түкпір-түкпірінен келген мықты робототехниктерге айқара есік ашып, оларды «RoboLand 2025» мерейтойлық халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестивалінде қарсы алды.

«RoboLand» – Қазақстандағы білім беру робототехникасы бойынша ең алғашқы әрі ең ірі жоба, техникалық шығармашылық пен жаңа технологиялардың ауқымды форумы. Бұл іс-шара – жас инженерлер мен конструкторлар үшін тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар білім беру робототехникасының өзекті мәселелерін талқылауға арналған ашық диалогтық платформа.

Бұған дейінгі тоғыз фестивальге Италия, Сербия, Грекия, Польша, Грузия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстаннан жеті мыңға жуық команда қатысты. Жалпы 12 мыңнан астам қатысушы «Жастар» спорт кешенінің алаңдарында бақ сынасты. Фестиваль жыл сайын үш мыңнан астам көрермен жинап, жарыстар онлайн трансляция арқылы да көрсетілді. Осылайша он жыл ішінде фестиваль өз ауқымын кеңейтіп, халықаралық деңгейдегі тәжірибе алмасу алаңына және жастар арасында техникалық шығармашылықты насихаттайтын маңызды іс-шараға айналды.

Жыл сайын жарыстың деңгейі артып, оған қатысушылар саны көбейіп келеді. Биылғы фестивальге 362 командадан тұратын 750 қатысушы қатысты, олардың қатарында Болгария мен Ираннан келген жаңа командалар да болды. Сонымен қатар жарыстың жаңа санаттары енгізілді. ROBOT MOUSE санаты бойынша ең кішкентай қатысушылар арасында Теміртау қаласының «Дельфинчик» бөбекжай-бақшасының жас программистері жеңімпаз атанды. Fischertechnik санатында Осакаровка кентіндегі № 9 гимназия базасындағы тірек мектебінің (ресурстық орталық) BitRobotics командасы үздік нәтиже көрсетті. Шығармашылық санаттарда Нұра ауданы, Тассуат ауылындағы Р. Қошқарбаев атындағы мектептің «Тассуат» командасы және Өзбекстаннан келген «Start Up» командасы жеңіске жетті.

«Садақ ату» бойынша Семей қаласындағы № 15 мектептің RoboSoul командасы жеңімпаз атанса, жұптық теннис бойынша Қарағанды қаласындағы Қ. Нұржанов атындағы гимназияның «Гроза» командасы үздік шықты. Футболдан Орал қаласындағы «Сәулет» мектеп-лицейінің «SauletML» командасы жеңімпаз болды, ал кегельринг-квадро санатында Астана қаласындағы № 8 мектеп-лицейінің RoboCom командасы бірінші орынға жайғасты.

Кедергілер жолағын ең жылдам еңсерген команда Бұқар жырау ауданы, Ростовка ауылындағы тірек мектебінің (ресурстық орталық) командасы болды. Әр деңгейдегі лабиринттер бойынша Жамбыл облысы, Мерке ауылындағы Т. Қожакеев атындағы № 39 мектеп-гимназиясының «Ұлыдала» командасы және Өзбекстаннан келген «Steam Land 2» командасы үздік нәтиже көрсетті. Су роботтарының лабиринті бойынша Саран қаласындағы № 1 мектеп-лицейінің «Тұлпар 3» командасы жеңімпаз атанды.

«Үлкен саяхат» атты ең күрделі санатта Қарағанды қаласындағы М. Жұмабаев атындағы гимназияның өкілдері жеңіске жетті. Roboland-Kazakhstan санаты бойынша Көкшетау қаласынан келген Джон Сина командасы бірінші орынға ие болды. Квадрокоптерлермен ең кәсіби басқару қабілеттерін Теміртау қаласының «Baymax» жеке робототехника үйірмесінің Baymax командасы көрсетті.

«Робогеометрия» санаты бойынша Өскемен қаласынан келген «RoboVALLI» командасы және Қарағанды облысы, Ростовка ауылынан келген команда жеңіске жетті. Ал 3D-прототиптеу санатында Қостанай қаласындағы А. Горький атындағы гимназияның командасы шеберлігін дәлелдеді.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button