Жаңалықтар

Өркениет діні

«Ислам» сөзінің тілдік аудармасы «бойсұну, бағыну, мойындау» мағынасын білдіретіндігі баршаға аян. Шариғаттағы анықтамасына келетін болсақ, «Аллаға тек оған ғана ғибадат етіп бағыну, бұйрықтарын орындау арқылы бойсұну» деген мағынаны білдіреді.

Хазіреті Адам атадан Иса пайғамбарға (ғ.с.) дейін келген барлық пайғамбарлар адамзат баласына Алланың бір екендігін баяндап, калай ғибадат етілетіндігін үйреткен.

Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с) бір сөзінде былай дейді: «Бейкүнә бір адамды өлтіру – күллі адамзатты өлтірумен тең». Мұндай қағида қасиетті Құранда да көрсетілген. Олай болса, соңғы уақыттары жиі орын алып жаткан лаңкестік әрекеттер, қаншама бейкүнә жанның қыршынынан қиылуы – Исламға, Құранға, мұсылманшылыққа жатпайды. Әлемде болып жатқан террорлық әрекеттермен Исламның ешқандай байланысы жоқ. Ислам діні – жер бетінде бейбітшілік пен ты- ныштық орнату үшін жіберілген соңғы дін. Ислам бейбітшілікті уағыздайтын дін болса, оны ұстанатын мұсылман баласының сол бейбітшілікті сөз жүзінде ғана емес, іс-әре- кетінде де көрсете білуі – міндет.

Исламда мақсат кандай таза болса, оған апаратын жолдар да сондай таза болуы тиіс. Бүгінгі күнге дейін террорлық әрекеттер арқылы ешбір мәселе шешілмеген. Әрі бұдан кейін де ондай іс-әрекет- пен ешқандай мәселе шешімін таппайды. Барлық лаңкестік әрекеттер Ислам үшін жасалған күрес емес, керісінше, Исламға қарсы бағытталған күрес. Кейінгі кезде Ислам мен терроризмнің бірге айтылуы – тырнақ астынан кір іздейтін адамдарға таптырмайтын олжа болды. Сондықтан, қандай жағдайға душар болса да, Исламның, мұсылманшылықтың атына кір келтіретін лаңкестік әрекеттерден мұсылмандар аулақ болуы керек. Өтпелі жағдайлармен діннің атына кір келтіруге болмайды.

Ислам – әлемдік дін. Ислам – рақым- дылық, мейірбандылық діні. Тіпті, Қасиетті Құранның «Бисмиллаһир рахманир-ра-хим» деген ең басты сөзінде де Хақ Тағаланың ең ерекше аты болған Алла деген есімінің қа- сында мейірім ерекшеліктерін баяндайтын рахман және рахым сөздері келген әрі ең алғашқы «Фатиха» сүресінің екінші аятын- да да осы есімдер қайталанған. Бұдан басқа бір сүренің ең алғашқы сөзінде де «Рахман» сипатын қолданып, сүрені осы атаумен ата- ған. Ал, бұл сүредегі: «Мейірімді Алла (тағылым етсін деп) Құранды үйретті!» деген аят Құранның тұтасымен адамзатқа Алланың мейірімі ретінде ұсынылғанын көрсетеді.

Алла Тағаланың пайғамбарларына берген ең ұлы ерекшеліктерінің бірі – мейірімділік екеніне де: «Біз сені күллі әлемге тек қана рахмет қылып жібердік», – деген сөзі дәлел («Әнбие» сүресі, 107-аят). Ислам дінінің үкімдері барлық адамдардың мұқтаждарына жауап бере алатындай кәміл. Ислам – сыпайылық, көркемдік және әдемілік діні. Әрбір жасаған іс-қимылы ең жақсы өнеге болған Алланың Расулы (с.ғ.с.) осы мәселеде де біздерге кәміл үлгі. Ол біреудің істеп қойған қатесін түзеткенде де сыпайылықты, нәзіктікті тастамайтын, кісінің тіке бетіне емес, жалпыға қарап: «Маған не болып жатыр, кейбіреулеріңізді былай істеп жатқандай көремін!», – деп өзін қате көрген секілді көрсетіп, сөз бастау – баршаға өнеге.

Біз бүгінде тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы үшін қызмет ететін, білімді, иманды, ибалы, Отанын сүйетін ұрпақ тәрбиелеу жауапкершілігі жүктелген заманда өмір сүріп отырмыз. Иман бұлағынан сусындаған адам арына дақ түсірмейді. Өйткені, Ислам жоғарыда айтқанымыздай адамгершілік құндылықтарды қастерлеуге үндейді. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді», – деп дана халқымыз текке айтпаған. Осынау алмағайып заманда мұсылмандардың басын біріктіріп, ел игілігі мен бірлігі секілді ортақ мақсаттарға жұмылдыру басты назарда болмақ. Ұлы Жаратушымыз Қасиетті Құранда: «…Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты» «Мәида» сүресі, 2-аят), – деген.

Имандылықтың бір шарты – басшыға бағыну. Біз Пайғамбардың (с.ғ.с.) «Басшыларыңа бағыныңдар» деген өсиетіне амал етіп, Елбасы мен Мемлекет басшысының төңірегіне топтасып, исі қазаққа ортақ мақсат-мүдделерімізге жету үшін лайықты қызмет ете алсақ, бірлігімізге бекем болсақ, егемен еліміздің туы әрқашан да биік, тәуелсіздігіміз баянды болады.

Қабылбек ЖҰМАБЕКОВ,

Қарағанды қалалық Әл-Машани мешітінің бас имамы.

Басқа материалдар

Back to top button