Жаңалықтар

Құрбандар рухына тағзым

Облыс əкімі Ермағанбет Бөлекпаев 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін жəне ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде дипломатиялық миссия басшыларымен жəне жұртшылықпен бірге Спасск мемориалдық зиратындағы ескерткіш белгілерге гүл шоқтарын қойып, бабалар рухына тағзым етті. Еске алу рəсіміне Қарағанды облысына Еуроодақтың бірқатар елшіліктерінің өкілдері келгенін атап өткен жөн.

Бұл жерлерде 1930-1950 жылдары КСРО НКВД – ІІМ бөлімшелері, əскери тұтқындар мен жер аударғандарға арналған лагерьлер, сондай-ақ қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар болды.

Архив деректеріне сүйенсек, Спасск мемориалдық зиратында 50- ден астам ұлттың 5000-нан астам өкілі жерленген. Атап айтсақ, 5152 əскери тұтқын жəне неміс, жапон, румын, австрия, поляк, итальян, фин, чех, словак, венгр жұртының жəне репрессияға ұшыраған кеңес азаматтары жерленген.

– Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде мұндай шараның өткізілуі – өте маңызды. Біз тарихты ұмытпауымыз керек. Тоталитарлық жүйе құрбандарының арасында қаншама талантты жандар, біртуар ғалымдар, зиялыларымыз кетті. Біздің елдің де біраз азаматтарының тағдыры қазақ жерімен байланысты. Бірқатары осы қорымда жатыр. Өткенімізді саралап, оған əділ баға беру – парызымыз, – дейді Чехия республикасының Қазақстандағы Төтенше жəне Өкілетті елшісі Рудольф Гикл.

1987 жылдан бастап мемориал аумағында əр түрлі мемлекеттер ескерткіш белгілер орнатты. 1994 жылы француз, итальян жəне фин азаматтарына арналған мемориалдық ескерткіштер ашылды.

2004 жылы Спасск мемориалдық кешенінде қазақ жерінде жерленген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған қазақстандық естелік белгісінің ашылуы болды. Осы жылы Қарағанды облысы əкімдігінің бастамасымен Қазақстан жерінде жатқан саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлығына ескерткіш орнатылды.

Кейінірек басқа да елдердің естелік белгілері пайда болды. Қазіргі уақытта Спасск мемориалдық кешенінде Əзірбайжан, Армения, Беларусь, Венгрия, Германия, Грузия, Италия, Израиль, Корея, Қыр ғызстан, Литва, Латвия, Молдова, Словакия, Польша, Ресей, Румыния, Украина, Финляндия , Франция, Жапония, Шешенстан, Испания, Эстония, Қарашай-Балқар, Иран, Чехия азаматтарына арналған 28 естелік белгі бар.

– Қуғын-сүргін жəне ашаршылық тақырыбын зерттеуді жалғастыру маңызды болып қала бермек. Ел Президентінің Жарлығы қабылданып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғаннан кейін ғылыми-зерттеу жұмысы жанданып, кешенді түрде жүргізіліп жатыр. Бұл – өте маңызды жəне дұрыс. Жақында ғана Қарағандыға сапары кезінде Парламент Сенатының төрағасы Мəулен Əшімбаев ашаршылық туралы материалдар жинағының жаңа томдарының тұсауын кесті. Бұл – іргелі еңбек. Бұрын құпияланған құжаттар енді ғалымдарға жəне тарихқа қызығушылық танытқандардың барлығына қолжетімді болды, – «ҚАРЛАГ: Болашақ үшін естелік» жобасының авторы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномəдени бірлестіктердің басшылары да тоталитаризм жылдарында жазықсыз жапа шеккен отандастарын еске алды.

– Мен ол кезде төрт жаста едім. Қазір жасым 84-те. Бүкіл отбасым Қазақстанға жер аударылды. Еске алсам, денем түршігеді. Қыс мезгілі болатын. Олар өзімізбен бірге ештеңе алуға рұқсат бермеді. Адамдарды вагондарға күштеп тиеді. Көбісі жолды көтере алмай, бақилық болды. Қазақтар аман қалуымызға, қиындықтарға шыдауға көмектесті. Шексіз алғыс айтамын. Мен осында тұрақтап қалып, балаларымды жеткіздім. Қазір жеті немерем бар. Жыл сайын біз бұл мемориалға келіп, ата-бабаларымызды еске аламыз. Рухына бас иеміз. Бұл – адамзатқа ортақ қасірет, өйткені, көптеген ұлт өкілдеріне əсер етті. Бейбітшілік пен келісімді сақтап, даму үшін бұны ұмытпау жəне ұрпағымызға айта жүруіміз қажет, – дейді «Вайнах» қоғамдық бірлестігінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сулим Исакиев.

Шараға қатысқан түрлі ұлт өкілдерінің жүзінен өткен қасіретті күндерге, тағдырлы жылдарға, бабалар рухына деген шексіз құрметті көрдік. Ойнап тұрған қобыздың зарлы үні де біраз жайттан хабар беріп, жүректерді елжіреткендей…

Жəлел ШАЛҚАР,
Суреттерді түсірген Жангелді ƏБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button