Бас тақырыпБіздің сұхбат

Рақыш НӘШКЕНҚЫЗЫ, қоғам қайраткері: «Ұлытау қыздары» – игі істер ұйытқысы

– Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Осы бағалы бастама әдеттегі ағымдағы науқанға айналып кетпеуі үшін не істеу керек? Жастар жылы деген дақпыртпен өтіп жатқан іс-шараға көңіл тола ма?

Меніңше, жастармен жұмыс істеу форматын түбегейлі өзгерту керек. Аудиторияға жинап алып, маңызы жоқ форум өткізуді қолдамаймын. Мен сондай жиынға жиі шақырыламын. Бірақ, тиімділігін көрмедім. Жастар жылын флэшмоб пен мағынасыз форум шеруіне айналдырып алмайық. Жастар саясатына қатысы бар бір­ неше мекеме жұмыс жоспарын бірге дайындауы, өзара бірігіп шешетін мәселені нақты анықтап алуы қажет.

Жас отбасының ажырасуы сияқты келеңсіз көрініс жиілеп жүргені жасырын емес. Жастар ата-енеге емес, тренингке сеніп кетті. Отбасын сақтап қалу үшін күресетіні аз. Бәлкім, ажырасудың алдын алу үшін медиациялық орталықтың жұмысын ізгілендіру керек шығар. Баласы сырқат жас отбасыға, әсіресе жас анаға психологиялық көмек беретін орталық керек-ақ. Жастар жылында концерт, форумнан көрі осындай ізгі амал қолға алынса.

Көпірген көп сөзден көрі, нақты іс көргім келеді. Салауатты өмір салтын қалыптастыруға, экологияны жақсартуға, ішкі-сыртқы туризмді дамытуға, ел мен жер тарихын кеңінен танып-білуге бағытталған іс-шара ұйымдастырылса. Жастармен жұмыста менің тағы бір көңілім толмайтыны: түрлі байқау, жарыс ұйымдастыратындар көбіне-көп бірсарындылықтан арыла алмай жүр.

Өндірісте ауысыммен жұмыс істейтін жас қалалық іс-шарадан қағыс қалып жатады. Мектеп оқушысы мен колледжде оқитынның өзінде белсенділік байқалмайды. Себебі, сол — “баяғы жартас, бір жартас” дегендей, үнемі көрініп жүретін “кезекші” қыз-жігіттер бар. Осындай бір жақтылықтан арылсақ, іс-шараның бұқаралық сипат алуына көңіл бөлсек!

– Қыз-келіншек мерекесінде “бойжеткен қандай болуы керек?” деген сауал еріксіз тіл ұшына оралады екен? Өзге ұлтқа өңеш созбай-ақ, қазақ қызына қатысты қайырсаңыз.

– Көктемнің көңілге шуақ құятын алғашқы мерекесінің бірі әрі бірегейі, әйел-ана мен қыз-келіншектің, менің замандасым мен бойжеткен біткенннің мерейлі мейрамы, міне, жыл айналып тағы келіп жетті. Қаланың 65 жылдығы атап өтілетін бұл мереке жезқазғандықтарға ерекше қуаныш пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтынына сенемін.

Болашақтың бойтұмарындай “бойжеткен қандай болу керек?” деген сауал ойға оралғанда, мен “Қазақ қызы” деген атына сай өнегелі де ибалы, сыпайы да тәрбиелі, білімді де білікті болғанын қалар едім. Басқа ұлттың тәрбиесіне, мінез-құлқына, жүріс-тұрысына еліктемей, қазақи салт-дәстүрді берік ұстанып, үлкенге ізетті, кішіге қамқор бола білетін қарапайым қазақ қызына ғана тән қасиетті бойына сіңіріп өскенін тілеймін.

– Партия, Кеңес қызметін атқардыңыз. Әрине, талай тұлғамен табақтас болуға тура келді. Дегенмен, анау- мынау азамат алдына шыға алмайтын ақиық ақын Фариза Оңғарсынова мен “қазақтың Ақбаяны” атанған Мәдина Ералиевамен “апалы-сіңлідей қарым-қатынаста болған” дегенді естиміз…

– Ол рас! Бірақ, қызмет арқасында емес, әдебиетке, өнерге деген ерекше құрметімнің нәтижесінде “Поэзия падишасы” атанған Фариза апаммен, көмейіне бұлбұл ұя салған Мәдина сіңіліммен тіршілікте тығыз қарым-қатынаста болдық. Ағайын-тума да, жақын-жұрағат та емеспіз, таныстықтан басталған сыйластық.

1971 жылы Алматы қыздар педагогикалық институтын бітіріп, жолдамамен бұрынғы Жезқазған облысының Жезді кентіндегі мектеп-интернатқа орналастым. Бос уақытымың көбінде көркем әдебиет оқитынмын. Күнделікті газет-журналды қалт жібермейтінмін. Бірде жыры жаныма жақын Фариза апама: “Сіз қазақ қыздарының (22-23 жастағы кезім) булыққан сырын дөп басып, өлеңге көшіргендейсіз” деп хат жаздым, жақынырақ таныспақ ниетім барын да жасырмадым.

Көп кешікпей Алматыдағы атақты апайдан жауап алдым. Қыруар шаруасынан уақыт тауып, шалғай бір түкпірдегі қазақ ауылына, қарапайым оқырман қызға хат жазуы, шынымды айтсам, мен үшін тосын жайт болды. “Айналайын Рақыш, хатыңды алдым… сенің хатың шыншылдығымен есімде қалып, жауап жазбауды өзіме күнә санап, жауап жазып отырмын” депті. Жасымды, кім екенімді, өзім жайлы толығырақ жазуымды сұрапты. Сол сәттен бастап байланысты үзіп алмауға тырыстым.

1986 жылы облыстық кітапқұмарлар қоғамының шақыртуымен Жезқазғанға келгенде, қаладан қайтып кетпей, “Ұлытауға, Рақышқа баруым керек” деп, ауданға арнайы атбасын бұрғаны елдің есінде қалатын үлкен оқиға болды. Сол сапарынан соң “Лениншіл жас” газетіне “Ұлытау қызы” деген көлемді очерк жариялады. Кейін сол очеркі “Қыз-ғұмыр” атты кітабына енді. Ол кезде қатардағы мұғалім емес, ауқымды істің басы-қасында жүрген аудан атқамінерінің бірі едім.

Ал, халықтың тағы бір аяулы қызы, ұлттық өнердің көгінде жарық жұлдыздай жарқыраған қайран Мәдина менің туған сіңілімдей болды. Онымен 1980 жылдың тамызында таныстым. Жезқазғанға гастрольмен бір топ өнер адамы келді. Ол кезде облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында істейтінмін. Мәдинамен жатақханада бірге тұратын курстасым “Бөтен қалада жас әншінің жағдайы келмей жатса, көмектесерсің” деген өтінішпен, хат жазып жіберіпті.

Көгілдір экраннан ұдайы ұлттық киіммен көріп жүрген соң ба, хат әкелген қарапайым, талдырмаш, аласа бойлы бойжеткенді ол деп ойлаған да жоқпын. Кешкісін стадионда өткен концертте Мәдина “Ақбаянды” шырқады. Ертесіне маған қонаққа келді. Содан кетер-кеткенше қасымда болды. Ұшаққа өзім шығарып салдым. Ол өте қарапайым, ашық-жарқын, бауырмал жан еді.

1990 жылы ақпанда “Адырнамен” Ұлытауға гастрольге келді. Онда аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары едім. Қыстың қақаған аязы мен боранына қарамастан алыс-алыс ауылды аралап, бірнеше концерт қойды. Халық оның дауысына, табиғи талантына сондай үлкен құрметпен, айрықша ілтипатпен қарағаны және Мәдинаны зор сүйіспеншілікпен қабылдағаны есімде.

Соңғы рет 2000 жылы қыркүйекте кездестік. Алматы маңындағы “Ақбұлақ” шипажайында дем алып жүргем. Ш.Қалдаяқовты еске алу кешіне бардым, Мәдина екі ән орындады. Үзіліс кезінде сахна сыртына әдейі іздеп шығып, шұрқырастық та қалдық. Сол соңғы кездесу екенін қайдан білейін. Ол өмірден ерте өтеді, ол жайлы өткен шақпен еске аламын деген үш ұйықтасам түсіме кірмеп еді…

– Қоғамдық өмірмен қоян-қолтық араласқан адамның қол қусырып қарап отыра алмасы белгілі ғой. Қазір қандай тірлікпен тыныстап жүрсіз?

– 2011 жылы “Ұлытау қыздары” қоғамдық бірлестігін құрдым. Жастармен қоян-қолтық араласып, тығыз бірлікте жұмыс атқарып жүрген жайым бар. Қоғамдық бірлестік мүшелері – өзім сияқты зейнеткер, әйел-ана замандастарым. Олар: Аманкүл Оспанова – заңгер, Сәрсенкүл Қазымбетова – мұғалім, Гүлдәрі Оспанова – дәрігер, Ләззат Ақпанбекова – ұстаз, Анаркүл Бәйменова – педагог, Сәнім Нұрғалиева – актриса, Бақыткүл Мәукенова – журналист, Нұрғайша Жәнібекова – дәрігер, қысқасы сан саланың мамандары. Қоғам мүшелері қала жастарымен жиі кездесіп, салауатты өмір салтын насихаттау, қазақтың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрін жаңғырту бағытында жұмыс жүргізеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

 

Басқа материалдар

Back to top button