Жаңалықтар

РАҚЫМ АЙЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың

атымен бастаймын!

Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар!

Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді мүбәрак Рамазан айының келуімен құттықтаймын!

Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай!

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Расында, әр адамға өзінің ниет еткен нәрсесі беріледі», – деген. Бұл – адам баласы өзінің ниетіне орай, мақсатына жетеді деген сөз. Кімде-кім сауабын Алладан үміт етіп, ораза ұстаса, күнәлары кешіріліп, Оның ризалығына бө­ленеді. Екі дүниеде де Алланың ризалығына кенелуден артық бақыт жоқ.

Бұл айдың басты ерекшелігі, Алла Тағала Исламның бес парызының бірі болған оразаны парыз етті. Екіншіден, адамзат баласын тура жолға бағыттайтын, ақиқат пен жалғанды, сауап пен күнә арасындағы парықты айқындап беретін қасиетті Құран осы айда түсірілді. Сондықтан бұл айда оқылған Құран аяттарының сауабы, атқарған ізгі іс-амалдардың сауабы өзге айларға қарағанда еселеп артады.

Ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазар­татын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Ораза нағыз шынайы тақуалық пен сабырлылыққа жетелейді. Құранда Алла тағала: «Ей, иман келтіргендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей, ораза парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят) деп бұйырған.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев асыл дініміздің ел ішінде кеңінен құлаш жайып, өркениетпен ұштасуына үлкен қолдау көрсетуде.

Қадірлі ағайын!

Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміздің мерейі әрқашан үстем болғай! Әумин!

Өмірзақ қажы Бекқожа,

ҚМДБ Қарағанды облысының бас имамы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button