Жаңалықтар

Рүстем СЫЗДЫҚОВ: «ДІНИ ЭКСТРЕМИЗММЕН КҮРЕС ДІНМЕН КҮРЕСКЕ АЙНАЛМАУЫ ТИІС»

Еліміз бойынша жат ағымдармен күрес жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, теологтар мен арнайы мамандардың қатысуымен түрлі семинарлар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылуда. «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, теолог Рүстем СЫЗДЫҚОВПЕН әңгімелескен едік.

– Рүстем Мәлікұлы, дәстүрлі ислам дегеніміз не, ал радикалды ислам дегенді қалай түсінеміз?

– Ислам радикалды және дәстүрлі деп екіге бөлінбейді. Ол бейбітшілікті насихаттайтын дін. Ал исламның атын жамылған, әлемде және біздің елімізде сегрегация мен зорлау саясатын тудыратын түрлі деструктивті ағымдар – ислам дінінен емес. Олар ислам дінінің атын жамылған теріс ағымдар. Ислам дінінің зорлыққа, қылмысқа, кісі өлтіруге ешқандай қатысы жоқ. Идеялық орталықтары шет елдерде орналасқан кейбір жыртқыш топтар ислам дінін саяси құрал ретінде пайдаланып, террор саясатын үндейді. Ал, оның негізінде, белгілі мемлекеттердің билік элиталарының табиғи ресурстарға, күкіртсутекке немесе ықпал етушілікке деген геосаяси қызығушылықтары жатыр.

– Жат ағымдардың алдын алу үшін қазіргі уақытта қандай шаралар алынуда және олар қаншалықты іске асуда?

– Еліміз бойынша семинарлар, конференциялар өткізіліп тұрса, муфтият шеңберінде ақпараттық-насихаттық 6 топ құрылды. Топ құрамындағы білімді мамандар, дінтанушылар мен теологтар студенттермен, зиялы қауыммен, мешіттерде жамағатпен кездесіп, ислам дінінің базалық принциптерін түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ислам дінінің шеңберінде қалыптасқан төл мәдениетіміз бен дәстүрімізді дәріптей отырып, дәстүрлі ислам дінінің адасқан ағымдардан айырмашылығын таныту, ара жігін ажырату – негізгі мақсатымыз.

– Атыраудағы діни ахуал қазір қандай?

– Атырауда 1-2 жылдықта орын алған келеңсіз жағдайлар халық арасына көп іріткі салып еді, дегенмен қазіргі уақытта осы мәселені шешу үшін күш көп жұмсалуда. Әкім облысы мен орынбасарының тікелей басшылықтарымен, өкілетті органдар өкілдері, білімдіде білікті теологтарды шақыртып, кешенді түрде жүргізілген іс-шаралары нәтижесінде облыстағы діни ахуал бірте бірте түзеліп келеді десек қателеспейтін шығармыз. Дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шохаев пен «Шапағат» орталығының директоры Ерсін Әміре Қазақстандағы ең бірінші теологтардың қатарында екендігі баршамызға аян. Олардың кәсіби деңгейлері жоғары. Ақиқатында, Елбасының көреген саясатын арқау етіп,Атырау өңірінде ұлтқа,мемлекетке ауадай қажет,кезек күттірмейтін іс шараларға мұрындық болып ұйымдастырып жүрген, «ат басына күн туса ауыздықпен су ішетін, ел басына күн туса етігімен су кешетін» көзі ашық көкірегі ояу ұлтжанды азаматтарымыз Б.С.Измухамбетов ағамызбен, Ш.Ж.Мұқан бауырымызға шексіз алғысымызды білдіреміз.

– Осындай радикалды топтардың қатарына қосылмау үшін не істеу керек? Мәселен, экстремизмді ұстанушылар елді аралап, көпшілікке өздерін дін таратушылармыз деп таныстырады. Мешіттер осындай жағдайларда қандай шаралар алады? Жалпы мұсылман бауырларымызды жат ағымдағы жандардан қалай ажырата аламыз?

– Қазақстан территориясындағы барлық мешіттер ресми тіркелген заңды тұлға болып табылады, олар Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының филиалдары болып есептеледі. Мешіттен басқа жерлерде, жабық орындарда діни уағыздар тыңдауға, дәрістерге қатысуға болмайды. Көбіне оқу орталықтары немесе қайырымдылық қорлары болып қайта жасақталған пәтерлерде осындай сабақтар оқытылады. Дәл сондай жерлерде жамағатты маргинализациялау процесстері жүреді. Егер адамның діни сенімін өзгертсе, ол моральдық тұрғыдан дәстүрлі ислам дінін ұстанатын мұсылмандарға, христиандарға, буддистерге және .т.б. қатысты қандай да болмасын дискриминациялық қимылдарға дайын болады. Яғни, оларда дәстүрлі исламның қағидаттарына сыймайтын шыдамсыздық сенімі пайда болып, олардың «дұрыс» сенімдерін түсінбейтін біздің қоғамның «субъектілеріне» деген қарама қарсы қатынастары басталады. Ал енді басына орамал таққан, сақалын өсірген, балағын кескен адамдардың барлығын бірдей адасқан ағымдар мүшесі деп айту мүлде дұрыс емес. Ол тіпті адамгершілікке де жатпайды. Әрине, ондай адамдарға күдікпен қарауға болады, дегенмен алдымен олармен сөйлесіп, арнайы сұрақтар қойып, олардың берген жауабына қарап отырып байқауға болады. Егер жат ағымның мүшесі болса, онда оларға адасып жүргендіктерін жұмсақ мінезбен, хикметпен айтып түсіндіру керек, ғылыми тұрғыда көздерін ашу керек. Мешіттерде, кездесіп жатсақ, оларға «кітапқа жүгініп қарайық, көрейік, талдайық» деп кеңес беріп, шақырамыз. Ал «сен уаххабисің, сен салафисің» деп табалау – наданның ісі. Бұл жерде өте абай болу керек.

– Сонда ел аралап, ислам дінін насихаттап жүрміз дегендерді радикалды ағымның ұстанушысы деп айтуға бола ма?

– Егер ондай шаралар мешіттің бағдарламасына, жобасына, форматына сай келмесе, онда ондай топтарды, кемінде күмәнді топ дейміз де, ал адамдарды өздеріне тартып, олар кейін мәселен, Сирияға соғысуға кетіп жатса немесе ата-аналарын кәпірлер деп атаса, онда адамдарды мақсатты түрде адастыратын топ деп айта аламыз.

– Ал мешіттер уағыздарды қалай жүргізеді? Олар, мәселен, қаладан шетке шықпай ма?

– Ресми тіркелген мешіттер дәрістерді өз мекемелерінде ғана өткізе алады. Дегенмен кейде колледж, жоғары оқу орындары мен мектеп басшыларының сұранысымен сол жерлерге барып, дәстүрлі дін принциптері мен концепциялары, және адасқан ағымдардың ұстанымдарының айырмашылығы, терроризм, экстремизм туралы сабақтарын өткізеді.

Мақсаты – дін атын жамылған түрлі ағымдардың дәстүрлі исламнан негізгі айырмашылықтарын әрбір қазақстандықтың көңіліне қондыру. Барлығына біруақытта бірдей намаз оқытып, орамал таққызатын мақсат жоқ, себебі ол әр адамның жеке ісі. Бірақ адам мешітке бармаса да, дәстүрлі Ислам мен радикалды ағымдардың ара жігін ажырата білуі тиіс.

– Неге адамдар адасып, осындай ағымдарға көп түседі? Мешіт имамдарының олқылығынан ба?

– Қазір біздің елдің әр облысындағы мешіт имамдары арнайы дайындықтардан өткен. Мүмкін, ертеректе осындай жағдайлар болған шығар, ол кезде араб елдеріне, Египетке, Ливанға немесе Түркияға барып оқып келген имамдар болған жоқ. Ал қазір жағдай басқаша. Керісінше, осындай діни топтардың басшылары «шейхтары» біздің имамдардың ғылыми дәйектері, дәлелдері мен пікірлеріне жауап бере алмай жатады, олар жалпы ашық пікірталасты ұнатпайды, келіссөздер жүргізуге, дін туралы туындаған сауалдарға ғылыми түрде жауап беруден қашады,себебі басым көпшілігі дүнияуи және діни сауатсыз.Ал ислам – бұл нағыз ғылым: тафсир, хадис, фикх, діни сенім және т.б. Олардың ешқайсысы кездескілері келмейді. Барлығы да біздің сауатты теологтарымызбен, имамдарымызбен, наиб-имамдарымызбен сөйлесуден бас тартады. Бірақ әр жерде шағын топтарды жинап алып, имамдарды нағыз сауатсыз деп көрсетіп, дінге өзгерістер енгізеді, яғни адамның артынан сөз айтады. Өздерінің қол астындағы жамағаттарын имамдарға жолықтырмауға тырысады, себебі олар имамдарды тыңдап, адасып жүргендерін түсініп қояды деп қорқады. Сондықтан имамдар сауатсыз немесе олар уағыз айта алмайды деген қауесеттер тек фактілерді бұрмалау екені анық.

– Сонда біздің жастарымыз шындық пен өтіріктің арасын ажырата алмай жүр ғой.

– Иә, тек жастар ғана емес. Өкінішке орай, қоғамның көпшілігінде дәстүрлі ислам діні туралы ақпараттар аз, «ислам» мен «мұсылман» сөзінің мәнін жете түсінбейді, діни сенім деген не, жаратушы туралы не айтып, не қою керек екенін де білетіндер кемде кем. Бұл біздің діні, тілі, ділі, тарихы бұзылған КСРО шеңберінде 70 жыл бодан болғанымыздың нәтижесі. Және тағы бір себебі – қазақтардың діни сауатсыздығы мен ұлт ретінде өзін-өзі тануының төмендігі. Сондықтан олар шетелдің идеологиялық орталықтарының жетегінде кетеді. Шетелге кеткендерді қайтару үшін де жұмыстар жалғасып жатыр. Олардың туыстарымен, балаларымен сөйлесіп, байланысқа шығуға тырысамыз. Бауырларымыздың бұлай шетелге кетуі – интернет ресурстардағы ұлтымызды адастырып жатқан шет елде отырған «шейхтардың» сөзіне еріп, адасқандары. Әрине, біз ешкімді зорлап, шетелге барма деп тыйым сала алмаймыз, дегенмен олардың адасып жүргенін түсіндіруге тырысып бағамыз.

– Сіздер өткізетін семинардың мақсаты мен міндеттерімен таныстырып өтсеңіз.

– Семинардың басты мақсаты – тыңдаушыларда дәстүрлі Исламның ханафи мәзхабының рухани-болмыстық қағидаларын қалыптастыру;

-ҚР діни аумағында кездесетін қауіпті деструктивті ағымдардың дәстүрлі Исламнан концептуалды айырмашылығын ажыратып беру.

 Міндеттеріне:

– аудиторияны Ислам діні мен дәстүрлі емес діни ағымдардың негізгі қағидалары, даму тарихы және қазіргі қоғамдағы рөлімен таныстыру;

– тыңдаушылардың танымдық белсенділігін, талдау, салыстыру, қорытындылау қабілеттіліктерін дамыту;

-қабылданған ақпаратты талдауға, зерделеуге үйрету;

– қазақстандық патриотизмді, гуманизмді, төзімділікті сананы, түрлі деструктивті діни идеологияларды қабылдамайтын иммунитет қалыптастыру;

– зайырлы мемлекеттің салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауды қалыптастыруды жатқызамыз.

– Мектептерде дін туралы сабақтар өте ме? Діни әдебиеттерді, базарлар мен дүкендердегі кітаптарды оқи беруге бола ма?

– Соңғы ақпараттарға сенсек, Білім министрлігінің бағдарламасы бойынша, 2017 жылдан бастап ҚР дінтану факультативтік емес, негізгі пән болып енгізіледі. Егер діни кітаптар алғыңыз келсе, міндетті түрді алғашқы беттерінде ҚМДБ-ның немесе ҚР Дін істері Комитетінің сараптамасынан өткен деген жазуы бар кітаптарды алған жөн. Егер ондай жазулар болмаса, міндетті түрді жергілікті дін істері басқармасына хабарласу керек. Тағы бір айтарым, экстремизммен күрес дінмен күреске айналмасын деген Елбасының парасатты сөзін ұмытпаған жөн. Бізде сонымен қатар, мешіттер мен имамдарға қарайтын,ханафи мазхабын ұстанатын дәстүрлі жамағат бар, қандай жағдай болмасын, оларға діни қысымшылық көрсетуге болмайды. Егер біз дәстүрлі ислам өкілдерін заңсыз,негізсіз қудалайтын болсақ, қоғамда дискриминацияға ұшыратсақ, соңында олар нағыз радикалдарға айналуы мүмкін. Бізде осындай қайғылы фактілер орын алған. Өкініштісі сол, қазіргі қоғам дінге деген теріс пиғылдарын көрсетуде. Кейде діннің бүге-шүгесін түсінбей, теологтардың, дінтанушылардың, имамдардың пікірін сұрамай, кез келген намаз оқып, орамал таққандарды, сақал өсіргендерді уаххабилер деп атап, оларғы қысым көрсетіп, жұмысқа алмай, жоғарғы оқу орындарында қысым көрсетіп жатады. Егер деструктивті ағымдар мен секталардағы зұлымдықты жеңгіміз келсе, мұндайға жол бермеу керек деп есептейміз.

– Джузджани «Табакат и Насири» туралы жазыпсыз. Соған тоқтала кетсеңіз.

– Бұл үзінділер келесі басылымдар бойынша жазылған: The Tabakat-i-Nasiri of Aboo Omar Minhaj al-din Othman ibn Siraj al-Jauzjani, edited by W. Nassau-Lees and Maulawis Khadim Hosain and Abd al-Hai. Calcutta, 1863-1864 (Bibliotheca Indica);  әр түрлі оқу үшін ИВ АН С 418 және т.б. қолжазбалар пайдаланылған.

            Тушидің (Жошының)төрт ұлы болды: ең үлкені Бату, екіншісі – Шағатай, үшінші – Шибан, төртінші – Берке. Сенім артатын адамдардың айтуынша, Берке мұсылман жерлерін жаулап алған заманда туды дейді. Шешесі Беркені туғанда оның әкесі Туши былай деген: «Мына ұлымды мұсылман асыраушысына беріңдер; мұсылман оның кіндігін кесіп, нағыз мұсылман болу үшін ұлым (Берке) мұсылман сүтін ішсін, себебі (осы) ұлымды мұсылман еттім». Егерде осы әңгіме рас болса, Алла тағала (Тушидың) тозақтағы азап көруін жеңілдетсін. Осы (әкесінің) жарылқаған ниетінің арқасында Берке өскен соң мұсылман дінінде болғанына ешқандай күмән жоқ. Осы уақытқа дейін, осы «Табақаттың» күні болып табылатын кезге дейін, яғни 658 г. (=18 XII 1259-5 XII 1260), Тушидің ұлдарынан осы тақсыр-мұсылман болған еді.

            Менгу-хан таққа отырған кезде, Берке мұсылман болып тұрып былай деді: «Сенімі жоқ адамдардың билігі аяқталды; таққа отырған кез келген сенімі жоқ (яғни мұсылман емес) ханның билігі ұзақ болмайды. Егер де Менгу хан болатын еліңіз ірі мемлекет болып қала берсін және де ұзаққа созылсын десеңіз, мұсылман сеніміне көшіңіз, атыңыз діншіл адамдардың тізіміне енсін, тек содан кейін ғана таққа отырыңыз». Олар осыған келісіп, Менгу Ислам дінін қабыл алды. Сонда Берке оны қолынан ұстап, таққа отырғызды.

            Самарқандта бір монғол мұсылман дінін қабылдаған жас баланы шақырды да, оған жылы сөз айтып, құрмет көрсетіп, сыйлық бергізді де, мұсылман дінінен бас тартуға бұйырды. Алайда қаншама рет әрекет жасаса да, әлгі жаңадан мұсылман дінін қабылдаған боз бала Ислам дінінен бас тартпаған, жүрегінен де, тәнінен де мұсылман дінін алмаған. Сонда сол монғол (жаңа) бұйрық береді, жігітті қорқытып, (монғолдың) күші мен билігінде болған барлық жазаға тартады, алайда боз бала ешнәрсеге көнбей мұсылман дінінен қайтпаған, олардың (сенімі жоқ адамдардың) ұрып-соққанына қарамастан, сенімін үзбеген. Жас жігіт мұсылман дінінде нық тұрғандықтан, және де азған халықтың уәдесіне қарамай мұсылмандықтан бас тартпағандықтан, жаңағы қарғыс атқыр монғол сол жігітті өлім жазасына беруге бұйырды. Өз сенімінің күші арқасында жас жігіт тыныш қана о дүниеге аттанды, оған Алла жар болсын және оны разы етсін! Самарқандтың барша мұсылмандары осы оқиғаға аң-таң болды. Ашраф-ад-диннің айтуынша, акт (махзар) жасалды, оны Самарқандта тұратын сенім артатын адамдар, мұсылмандардың басшылары растап отыр. Осы актыны алып біз Берке-ханның ордасына аттандық, ханға болған істің мән-жайын түсіндіріп, Самарқанд мұсылман еместерінің санын беріп, актіні ұсындық. Біз сенім артқан Берке-ханның мінезінде мұсылман дініне деген жігер бар еді, ақиқатты қорғау жайында тілегі билеп алды. Бірнеше күн өткен соң, Берке-хан саид (Ашраф-ад-динға) құрмет көрсетіп, Самарқандқа көптеген түріктер мен сенімді мұсылман басшыларын жіберіп, сол опасыз заңсыздыққа жол берген мұсылман еместерді өлтіріп, тозаққа жіберуді бұйырды. Осындай бұйрықты алған мұсылмандар зұлымдық жасаған  адамдардың барлығын ұстап алып, тозаққа жіберді, ал шіркеулерін кірпішке айналдырды. Бұл жаза Берке-ханның Мухаммедтің нанымына және де ханафит уағызына деген игі ниетінен туындаған еді – осы қызметі үшін Алла Берке-ханға жар және разы болсын.

-Хамдаллах Казвинидің басты шығармасы туралы не айтасыз?

Хамдаллах Казвинидің басты шығармаларының бірі «Таңдаулы тарихынан» – «Тарих-и-гузиде» 730 (=1329/30) жылы құрастырылған және де Рашид-ад-диннің ұлы уәзір Қияс-ад-дин Мухаммедке арналған.Storey, II, 1, pр. 81-84.-  Бартольд, Түркістан, 50-61. – E.G. Browne. A history of Persian literature under tartar dominion. Cambridge, 1920, 87-100. – W.O. Buchner, E.I. al-Kazwini сөзіИ.П.Петрушевский. Хамдаллах Казвини шығыс күнгей Кавказ әлеуметтікэкономикалық тарихы бойынша дереккөз ретінде. КСРО Ғылым академиясының хабаршысы, Қоғамдық ғылым академиясы, 1937, 873-920.

«Тарихигузиде» факсимильде The Ta’rikh-iGuzida… of Hamdu’llah Mustawfi-i-Qazwini… reproduced in fac-simile… with an introduction by Edward G.Browne, Leyden-London, 1910 (Gibb Memorial Series, vol, XIV,1); қысқартылған ағылшын аудармасы және сілтемелер ІІ т. бар (Leyden-London, 1913). Алайда осы басылымның негізі болған қолжазба ескі, онда қателері мен жіберілген жерлері көп болғандықтан № 153 Ленинград мемлекеттік кітапханасының қолжазбалары бойынша аударылған үзінділердің мәтінін бердік (813-1410/11 жылы қайта жазылған), ескертулерде – «А» және ИВ, АН С 501 (бұрынғы 578а), ескертулерде – «В».

            Зәйн-уд-дин жалғастырған «Тарих-и-гузидеден»

757 (=5 І-24ХІІ 1356) жыл… Малик Ашрафтың иелігінде оның заңсыздығы ақырғы шекке жеткен кезде, адамдар өз Отанын тастап, қоныс аудара бастады.    Мухьи-д-дин Бердаи – Берке ханның Сарайына аттанды, онда ол уағыздаушы болып, атаққа иеленді. Марқұм Жәнібек хан – Алла тозақ отының азабынан сақтасын – оның уағыздарына қатысты. Жәнібек хан оның уағызына қатысқан кезде мәуләна Мухьи-д-дин Бердаи уағыз кезінде Тебриз туралы, Малик Ашраф туралы және адамдарға қыспақ жасағаны туралы айтты. Осы оқиғалардың барлығын сипаттағанда, қатысушылар еңіреп жылап қоя берді, Жәнібек ханның өзі де шыдай алмай  жылап жіберді. Ол (Мухьи-д-дин) Жәнібек ханның жауыздықты жоюға мүмкіндігі бар екендігін айтты.Егер Жәнібек хан Жаратушы иеміздің ханға тапсырылған адамдарын оның (Малик Ашрафтың) жүгенсіздігінен босатпаса, Жаратушы иеміз қайта тірілетін күні Жәнібек ханнан есеп сұрап,  жауапқа тартады. Мухьи-д-дин Бердаидың қызу түрде және де қайсарлықпен айтқан уағызын естіген Жәнібек-хан сол жақ қанаттағы әмірлеріне бір ай ішінде 10 томан әскерлерді жабдықтап, Тебризге шабуыл жасауға жіберуге бұйырды. Сондай-ақ ол өзінің жорықта алатын шатырын шығаруға бұйрық берді. Бір ай ішінде әскер әзір болды, патша жорыққа аттанды. 758 (=25ХІІ 1356 – 13 ХІІ 1357) жылы Жәнібек хан Куру өзенінен өтті. Бұл туралы Малик Ашрафқа хабар жетті. Жәнібек хан Ардебильге келді деген хабар келді. Беяз әмір Хойға барып, өзімен берге Малик Ашрафты алып келді. Тебризге келген кезде,  тұрғындар оның (Малик Ашрафтың) басына күл лақтырды және де сөзбен балағаттады. Оны ходжа Шейх Ганджидің шешесі Муайяд-бегінің үйіне апарады. Онда әмір Каус Ширвани мен мәуләна Мухьи-д-дин Бердаи болған. Малик Ашраф Каусты қолынан сүйіп, ыңқылдап еңіреді, Каус оны сылап-сипады. Содан соң оны Жәнібек ханға апарды, Жәнібек хан Малик Ашрафтан келесіні сұрады: «Осы мемлекетті не үшін жүдетіп, қираттың?». Жәнібек хан Уджаннан кетіп, Хаштруд облысына аттанды, Кеюку өңіріне келіп, содан соң кері қайтты. Хаштрудада осы жылы көп егін еккен, Жәнібек хан қалың қолы сол жерден екі рет өтсе де, нанның бірде-бір масағы сынбаған. Осыдан әділеттік пен әділсіздіктің нәтижесін елестетуге болады, бір ақын айтқандай: «Қатал билеуші кеткен соң, артында зорлық-зомбылықтың іздері қалды, әділетті кеткен соң, артында жақсы ат қалдырды». Патша Малик Ашрафты өлім жазасына бермей, өз еліне алып кеткісі келді, алайда Каус және қазы Мухьи-д-дин Бердаи өз сөздерінде нық тұрып Жәнібек ханнан өтінді: «Ол тірі қалса осы елдің тұрғындары тыныш таппайды, тәртіпсіздік пен бүлік жалғаса береді». Жәнібек хан айтылған сөздердің дұрыстығын түсініп: «Ендеше өз еркілеріңе қалдырамын»,- деді. Малик Ашраф өлтірілді, басы Тебризге апарылып, Мерагилер мешітінің есігіне іліп қойылды. Тебриздің тұрғындары қуанып, (Малик Ашрафты өлтірген) адамдарға қымбат сыйлықтар сыйлады. Жәнібек хан 10 000 салт аттыларымен Тебризге келді, сарайда (дәулет-ханда) тоқтап, бір түн Тебризде өткізді. Таңертең ол ходжа Алишахтың мешітіне барып да, сонда намаз оқыды.

– Рукнуддин Бейбарс ше?

– 661 жылы (1262 жылғы 15 қараша – 1263 жылғы 3 қараша) Мысырға Беркенің, татар патшасының елшілері, атап айтсақ Әл-Қадидің ұлы әмір Жәләлиддин және шейх Нуриддин Али келіп, ол яғни  Берке Ислам дінін қабылдағаны туралы хабардар етті. Олар Беркенің хатын әкелді, онда татар үйлерінің арасында кімдер Ислам дінін қабылдап, сенбейтіндердің (яғни мұсылман еместердің) қатарынан шыққандардың тізімі, олардың әрқайсысының тайпасы, руы, жеке тұлғалар мен әскері, үлкені мен кішісі туралы жазылған. Хатта Ислам дініне біздің аға-інілеріміз өздерінің балаларымен бірге кіргені туралы айтылған, Будакура өз балаларымен және үйдегілермен бірге, Пулад-Кукаджасу Яншунук және олардың жерін мекендеген Кудагу, Караджар, Танушбуга, Широмун, Бузбакулар, өз әскерлері мен малайларымен бірге, Менгкадар, Беккадак-Байнал, Тукузогуль Кутлуттимур, өз балаларымен бірге Аджи, Дурбайлар және Хорасанға шабуылға аттанған он мың әскер, Байджумен бірге аттанғандардың барлығы, мысалы Байнал-Нион және Айкаку сияқтылар Ислам дініне толығымен кірген. Олардың барлығы түгелдей Исламды қабылдап, Исламның жарғылары мен қағидаларын, ережелерін енгізді, Алланың жолы бойынша ғазауат пен жиһадқа қатысуға міндеттерді алды, және Берке төмендегі сөздерді айтты: осы жолға бізді бағыттаған Аллаға мадақтау сөздерін айтамыз, егер Алла тағала бізге жол көрсетпесе, хақ жолға түспес едік, және де сұлтан Хулакумен шайқасып оны жеңгенімді  білсін, ол Хулаку менің қанымнан және сүйегімнен, яғни жақын туысым, бірақ жалғыз Алланың сөзін көкке көтере мадақтау үшін, туысым болса да оған қарсы соғысқа шықтым, себебі Исламға сенбеген Хулаку әділетсіз қантөгіс жасаған, ал көтеріліс жасаған адам Аллаға және оның елшісіне сенбейді. Айта кететін бір жайт, ақиқатында Бағдад әулетінен болған ең соңғы Аббасид  халифын әль Мустасимді 1258ж. тақтан тайдырып өлтірген Хулаку болатын, демек Берке мен  Хулакудың арасындағы соғыстардың негізгі себебтерінің бірі ретінде діни факторды көруге болады деп айтсақ ақиқатқа томпақ келмейді деп есептейміз.

Рүстем Мәлікұлы сұхбатыңызға рахмет!

ҚҰЛЫНТАЙ МОНАЙ

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button