Металлургтер шаһарының көшесімен жаңа әрі әдемі қылып безендірілген трамвай жүріп өтті. Бұл – Теміртау қаласының туған күніне тосынсый болды. Су жаңа трамвайдың сынақ режимінде іске қосылғанын атап өту керек.
Дерекке сүйенсек, алдағы уақытта тағы бірнеше жол және электр инфрақұрылымы сынақтан өткізіледі. Жыл соңына дейін тұрақты қозғалыс жүйелі болады деп жоспарланып отыр.
Теміртау қаласында трамвайлар 2023 жылдың ақпан айында жүруін тоқтатқан. Экологиялық зиянсыз көліктің жұмысын қалпына келтіру металлургия комбинатының жаңа иесі – Qarmet компаниясының әлеуметтік бастамаларының біріне айналды.
Биыл көктемде теміржол желісін ауыстыру басталған-тын. Бүгінде 15,3 шақырымға жаңа рельстер төселді. Жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.
Нақтырақ айтсақ, қала бойынша 8 жаңа заманауи вагон жүре бастайды. Олардың әрқайсына жеке дизайн арқылы металлургтер қаласының тыныс-тіршілігінен хабар беретін бейнелер жапсырылған. Суреттердің ортақ тақырыбы – цех және комбинат өндірісі. Вагондардың бірі Теміртау қаласына арналмақ.
Трамвайлардың сыртымен қатар, іші де жайлы. Көлікке кондиционер, қауіпсіздік және жылыту жүйесі, LED-жарықтандыру сынды жабдықтар орнатылған.
Сонымен қатар, төмен еден және жиналмалы пандустар ерекше қажеттіліктері бар жолаушыларға ыңғайлы.
Qarmet компаниясы Теміртау жоғары политехникалық колледжімен бірлесіп, трамвай жүргізушілерін оқыту бағдарламасына қабылдап, жұмысқа орналасуға кепілдік беретіні туралы мәлімдеді. 12 адамнан тұратын алғашқы топ қазан айында компания қаражаты есебінен ашылмақ.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz