Пышақсыз ота жасау мүмкіндігі
Қарағанды қаласындағы №1 қалалық аурухана дәрігерлері енді урологиялық оталарды пышақ көмегінсіз жасайтын болды. Себебі жоғары технологиялық медициналық жабдық – Dornier медициналық лазер жүйесі арқылы урологиялық ота жасауға арналған Olympus бейнеэндосеопиялық кешені мен электрхирургиялық аспабына қол жеткізді.
Қазақстан Республикасының Денсаулық министрлігінің ведомстволық бағынышты ұйымы болып табылатын «ҚазМедТех» АҚ компаниясынан лизингке алынған жабдық құны – 67 миллион 422 мың теңге. Оның құнын аурухана 3-5 жыл көлемінде төлеп бітуі қажет.
Руслан Нұрмұханов, «ҚазМедТех» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
– Біздің компаниямыз 600-ге жуық медициналық техниканы лизингке беріп үлгерген болса, оның 200-ге тарта түрі лизинг алушылардың жекеменшігінде. Қарағанды облысы аталмыш технологияларды енгізу бойынша көшбасшылардың бірі. Жергілікті бюджет есебінен 148 жобаны игеріп те үлгердік.
Дәрігерлердің айтуынша, Қарағанды өңірінде урологиялық ауру түрлері кең тараған. Оған себеп – су құрамындағы тұздың мөлшері шамадан тыс көп болуында. Емі – ота жасау ғана болып табылатын бұл ауру түрі технологияның дамыған кезеңінде мәселеге басқа қырынан қарауды талап етеді. Бірақ, жабдықты алу өз алдына, оны ептілікпен пайдалана алатын мамандарды үйрету өз алдына. Осы орайда, ҚР Президент Істерін басқару басқармасының медициналық орталығының уролог дәрігері Павел Шолох Қарағанды қаласына арнайы келіп, аурухана дәрігерлеріне шеберлік сағатын өткізді.
– Бұл – ота жасауда таптырмайтын, заманауи эндоскопиялық жабдық. №1 қалалық аурухананың базалық модулі жақсы, бұл жерде одан әрі урология, лапароскопиялық ота жасауда да пайдалануға болатын эндобейнежүйенің болуында. Несеп тас ауруын емдеу ұзақ уақытты талап етеді. Енді заманауи жабдықтың арқасында клиникада тұз құрамы мен тас түйіршігінің тығыздығына қарамастан тасты уатып, алып шығатын, емделушінің тез қалпына келуіне мүмкіндік беретін эндоскопиялық және лазерлік жабдық бар. Бұрын көп қан жоғалту қауіп-қатерімен бірге жүретін, кесу арқылы жасалатын оталар енді табиғи саңылау арқылы жасалатын болады. Емделушілер ота жасалғаннан кейін небәрі бірнеше күн ішінде үйге шығарылады, – дейді Павел Шолох.
№1 аурухана бұдан бұрын инсульт алған ер адамға ота жасап үлгерді. Дәрігерлердің айтуынша, соңғы үлгідегі жабдық көмегінсіз ота жасау емделушінің өміріне қауіп туғызады екен. Алдағы күндерде жағдайы жақсы болса, ол үйге шығарылмақ.
Салтанат ИЛЬЯШОВА